«Виза алу қиындап кетті». Шетелге барғысы келетін қазақстандықтарға ескерту жасалды
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров бүгінде Қазақстан азаматтары үшін Шенген визасын алу қиындағанын, оған тұрғындардың жиі жалған мәлімет беретіні себеп болғанын айтты, деп хабарлады Arainfo тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Ведомство өкілінің айтуынша, қазір СІМ ЕуроОдақ өкілдерімен визалық режимді жеңілдету бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Еуропа елдері консулдарының ақпаратына қарағанда Қазақстанда жалған құжаттарды ұсыну дерегі жиілеп кетті. Бұл өз кезегінде Шенген визасын беруден бас тарту фактілерінің өсуіне алып келеді, - деді Айбек Смадияров Астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Айтуынша, виза алу үшін жалған деректері бар құжаттарды ұсыну Қазақстан имиджіне елеулі зиян келтіріп, келіссөз жүргізуді қиындатады.
«Болашақта визадан бас тарту мүмкіндігін көбейте отырып, азаматтарымыздың визалық мәліметтерін нашарлатады. Мұндай жалған құжаттар мұқият тексерілетінін ескерсек, визалық өтініштерді қарау мерзімін ұзартады. Салдарынан азаматтардың визаны кешіктіру туралы шағымы жиілеп кетті. Осыған байланысты қажет құжаттарды ұсыну, визаға өтініш беру, тиісті алымдарды төлеу процесін мұқият бақылауға шақырамыз», - деді ол.
Айбек Смадияров шетелге барғысы келетін қазақстандықтарға ескерту жасады.
«Қазақстан азаматтары көбінесе жалған мәліметтерді беріп, (шетелге) шықпақ түгілі (елден) шыға алмай жатыр. Осы мәселе болып тұр. Әрине, виза беруден бас тарту проценті өсіп келе жатыр. Неге? Себебі, біздің азаматтар жалған мәлімет беріп жатыр. Олар ұшақ билетін жалған броньға қояды немесе қонақүйдің жалған деректерін көрсетеді, жұмыс істеп жатқан орыннан жалған ақпарат алып келеді: айлығы, банктегі шоты туралы.
Мұның бәрін (шетелдің) визалық орталығы консулмен бірге тексереді. Бұл уақыт алады. Осыдан «Бізге неге визаны тез бермейді?» деген сұрақ туындайды. Әрине, жалған ақпарат берсең (виза беру рәсімі де) созылады. Жалған ақпаратты берген адам олардың арнайы тізіліміне енгізіледі. Келешекте оған виза алу қиын болады. Сондықтан қазақстандықтар ақпарат беретін болса, нақты ақпарат беруі керек. Бұл бәріне әсер етіп жатыр», - деп сөзін түйіндеді ол.
Сыртқы істер министрлігі СІМ Шенген визасы