Су басқан аймақтарда ауыз судың ластанғаны рас па?
Денсаулық сақтау министрлігі су басқан аймақтарда ауыз судың ластанғаны туралы таратылған ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Arainfo тілшісі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
– Соңғы күндері мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде су басқан аумақтарда инфекциялық аурулардың өршу қаупі, эпидемиологиялық қызмет тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі туралы аудио және бейне форматта жалған хабарламалар пайда бола бастады. Атап айтқанда, ауыз суда ішек инфекцияларының пайда болу жағдайлары бойынша жалған ақпарат таратылып жатыр, бұл шындыққа жанаспайды, – делінген министрліктің баспасөз хабарламасында.
Су тасқыны жағдайына байланысты санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің (СЭС) жұмысы күшейтілген режимге ауыстырылды.
Инфекциялық сырқаттанушылық бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты, су тасқыны кезеңіне тән нозологиялар бойынша инфекциялық сырқаттанушылықты тіркеу көрсеткіші өткен жылдардың орташа республикалық көрсеткішінен (2022-2023 жылдар) аспайды.
Барлық объектіде инфекциялық аурулардың профилактикасы мақсатында СЭС органдары ауыз сумен жабдықтауды бақылауды күшейтті.
Министрлік эпидемиологиялық жағдай туралы сенімді ақпарат алу үшін ресми дереккөздерге, Денсаулық сақтау министрлігіне, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне, жергілікті жерлердегі Денсаулық сақтау басқармасына хабарласуды сұрайды.