Жаңалықтар

Қыз сұлу көрінер қылығымен

Облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен Тараз сервис және технология колледжінде «Қыз сұлу көрінер қылығымен» тақырыбында кездесу өтті.

Өскелең ұрпақтың арасындағы ізет пен игілікті қарым-қатынастың мәдениетін, әдебін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған іс-шараға орталықтың уақытша бос жүрген жастар және жас отбасылармен жұмыс бөлімінің басшысы Марал Хантөреқызы, орталық психологі Нұрай Үсенқызы, «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау орталығының жетекшісі Рахия Нұрақбаева, «Инабат» қыздар клубының жетекшісі Аяна Ким қатысты.

Қонақтар жастармен бүкпесіз сырласып, өмірлік сабақ болар ақыл-кеңестерімен бөлісті. – Қыз балаға келешекте ана, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындыру, әдептілікке, сыпайлыққа, инабаттылыққа тәрбиелеу – халқымыз үшін бірінші орында тұратын мәселе. Қазақ қызды тәрбиелей отырып, тұтас бір ұлтты тәрбиелеуге болатынын бірауыз сөзге сыйдырып кеткен.

Өйткені ол – болашақ ұрпақ әкелетін, отбасы тұтқасын ұстайтын, бесік тербететін ана, – деген Марал Хантөреқызы қыздар тәрбиесімен қоса, сапалы білім алуға да үлкен көңіл бөлу керек екенін жеткізді. Кездесу соңында «Асыл Арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау орталығының жас таланттары өз өнерлерін көрсетіп, алғыс хатпен марапатталды.

Аружан Меркібай,

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің

4-курс студенті