Жаңалықтар

Тілсіз жаудың тигізетін зардабы көп

Өрт, су сынды айтып келмейтін апаттардан алдын ала сақтану, оған тастүйін дайын болу – күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Өкінішке қарай, облысымызда соңғы кездері өрт оқиғасы жиілеген.

 Мәселен, жамбылдық өртсөндірушілер мен құтқарушылар 1 аптада өрт сөндіруге және басқа да апатты жағдайларға 100 рет шыққан. Құтқарушылар тұрғын үйлер мен сарайлардағы өрт оқиғаларына, монша мен дүңгіршек, шөпханалардағы өрттер мен автокөліктердегі өрт оқиғаларына – 15 рет, қураған шөп пен қоқыстың жану оқиғаларына – 46, авариялық-құтқару жұмыстарына – 7, электр сымдарының қысқа тұйықталуы бойынша – 3, түтіннен тазарту жұмыстарына – 1, полиция қызметіне көмек көрсету мақсатында – 4, тұрғындардың құлыптанып қалған есіктерін ашу жұмыстарына – 10, жануарларды құтқару жұмыстарына – 5, расталмаған жану фактілері бойынша 1 рет жедел шыққан.

Осыған орай облыстық төтенше жағдайлар департаменті облыс тұрғындары мен қонақтарына үйден шығарда газ және электр құралдарын қуат көзінен ажыратып, балалар мен қарттарды мүмкіндігінше қараусыз қалдырмауды сұрайды. Сондай-ақ ұялы телефонға келіп түскен ауа райы туралы мәліметтерге назар аудару керектігін ескертеді. Күн райы қолайсыз кезде алысқа сапарға шығуды кейінге қалдырған жөн. Ал өрт немесе басқа да төтенше жағдайлар туындағанда «101» және «112» телефон нөміріне жедел қоңырау шалу қажет.

Осы ретте өрт қаупінің алдын алу мақсатында Тараз қаласындағы №20 өрт сөндіру бөлімінің ұйымдастыруымен оқу-жаттығу жиыны өтті. Іс-шараға облыстық төтенше жағдай департаментінің күштері мен құралдары, барлығы 27 адам мен 6 техника жұмылдырылды. Оқу-жаттығудың тұжырымдамасы бойынша аталған мекемеде сұйытылған көмірсутек газдарын цистернадан газ құбырына төгу барысында ашып-жабуға арналған вентильді жабу барысында ұшқын пайда болып, соңы өртке ұласқан.

Өртсөндіруші-құтқарушылар шақырту орнына жеткенге дейін мекеменің қызметкерлері өрт сөндіру және адамдарды басқа орынға көшіру жұмыстарын жүргізеді. Ал шақырту орнына жедел жеткен от жауынгерлері оқиға орнынан бір зардап шеккен адамды құтқарып, өрт сөндіру жұмыстарын жүргізді. Оқиға орнында 2 газ-түтіннен қорғау буынының қызметі құрылды. Шара соңында азаматтық қорғау қызметкерлері аталған мекеменің қызметшілеріне өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Нұрсезім Жарқынбек, 

 М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің

4-курс студенті