Су тасқыны: жағдай тұрақты, ахуал бақылауда
Еліміздегі су тасқыны жағдайы күрделі болып тұр. ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, батыс өңірлерде судың шамалы төмендеуі байқалады. Ал елдің орталық, солтүстік және шығыс бөлігінде өзендер деңгейі қарқынды түрде көтеріліп келеді. 5 облыс су басу аймағында қалған. Әкімдіктер жергілікті ауқымдағы 20 төтенше жағдай жариялады. Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарында жағдай әлі де күрделі.
Қазіргі таңда облыста қар суы қарбалас тудырмас үшін алдын алу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мәселен, жуырда аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлы су тасқыны қаупінің алдын алу және жою мәселелері бойынша кеңес өткізді. Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов су тасқыны жағдайын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылып, суқоймалардың толу дейгейіне үздіксіз мониторинг жүргізіліп жатқанын хабарлады. Департамент бастығының айтуынша, халықты қабылдауға арналған 396 пункт дайындалған. Жағдайға жедел ден қою мақсатында 1 459 адам, 364 техника, 135 су айдау құралы, 19 жүзу құралын қамтитын арнайы топ құрылыпты.
Сондай-ақ арнайы құрылған жұмыс тобы облыс аумағындағы Талас Алатауы, Қырғыз жоталарының солтүстік беткейіндегі мореналық көлдердің жағдайын және биік таулы, орта таулы аумақтардағы қар қорын бағалау мақсатында аэровизуалды зерттеу жүргізді. Жұмыс тобының құрамында облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов, «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесі «Жамбыл аумақтық пайдалану басқармасы» филиалының басшысы Сұлтан Ақбердиев және басқа да мүдделі органдардың басшылары болды. Зерттеулер 600-ден 4 000 метр биіктікте жүргізілді. Таулы аймақтың тік беткейлерінде қар көшкіні, қар жамылғысының қарқынды еруі және көлбеу ағын белгілері, көшкіндер жоқ.
Өзен арналары мұзсыз, өзен бассейндерінің ортаңғы және төменгі бөліктерінде мұз кептелісі, қапсырмалар байқалмайды. Яғни тұрғындардың алаңдауына ешқандай негіз жоқ. Жағдай тұрақты, ахуал бақылауда. Өкінішке қарай, жоғарыда атап өткеніміздей, еліміздің 10 облысында ахуал әлі де мәз емес. Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Бауыржан Сыздықовтың айтуынша, министрлік су тасқыны салдарын жою жөніндегі іс-қимылдарды үйлестіруді жалғастырып жатыр.
Алғашқы сағаттан бастап министрлік (ТЖМ), әкімдіктер, Қорғаныс, Ішкі істер министрліктері, Ұлттық ұлан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті бөлімшелерінің күштері мен құралдары су тасқынының зардабын жоюға жұмылдырылған. Ал Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су тасқыны кезеңінің басында республикалық меншіктегі 94 суқоймада тасқын суларды жинау және оларды өткізу үшін бос сыйымдылықтар құрылғанын айтты. 1 наурыздағы жағдай бойынша суқоймалардың орташа бос сыйымдылығы 60 пайызды құраған.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда Қазақстан аумағының 27 пайызы қар жамылған. ҚР Премьер-Министрі Қорғаныс министріне, Төтенше жағдайлар министрлігіне техникалық көмек және жеке құрам түрінде барлық қажетті қолдауды көрсетуді тапсырды. Олжас Абайұлы үй-жайларын тастап кеткісі келмейтін тұрғындардың әрекеті эвакуациялау жұмыстарын қиындатып жатқанына да тоқталды.
Үкімет басшысы зардап шеккендердің ешқайсысы мемлекет тарапынан көмексіз қалмайтынын атап өтті. Жедел ден қою және үйлестіру жұмыстарын жақсарту үшін Премьер-Министрдің басшылығымен Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб жұмыс істеп жатыр.
Премьер-Министр отырыс қорытындысында бірқатар нақты тапсырма берді: - ТЖМ Қорғаныс министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, алдын ала эвакуациялау жұмыстарын жүргізе отырып адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және оларды құтқару жөнінде қажетті шараларды қабылдауы керек; - ТЖМ басқа да күштік құрылымдармен бірге су басқан елді мекендерде уақытылы апаттық-құтқару және кезек күттірмес шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін жеткілікті күштер мен құралдар көлемін тартуы керек; - Әкімдіктер Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы су тасқынына ден қоюды ескере отырып, елдің солтүстік, шығыс және орталық өңірлерінде су тасқынына жол бермеу жөнінде жан-жақты шаралар қабылдауға тиіс; - ТЖМ мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, 2025-2029 жылдарға арналған су тасқынының алдын алу жоспарын әзірлеуі керек; - Төтенше жағдайлар, Ұлттық экономика, Қаржы, Көлік, Өнеркәсіп және құрылыс, Су ресурстары және ирригация министрліктері мен өңір әкімдіктері стихия келтірген залал көлемін бағалап, зардап шеккен адамдарға материалдық көмек көрсетуді дереу бастауға тиіс. Жалпы 3 сәуірдегі жағдай бойынша 6 өңірде 1 364 жекеменшік тұрғын үйді су басқан.Автожолдардың 105 учаскесінде су жайылған. 78 жол учаскесінде бүлінген жерлерді және 4 көпірді қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. 64 елді мекенге көлік қатынасы жоқ, оларға азық-түлік пен дәрі-дәрмек жеткізілуде. Су басқан аймақтардан тұрғындарды эвакуациялау тәулік бойы жүргізіліп жатыр. Соңғы тәулікте құтқарушылар 1 524 адамды, оның ішінде 496 баланы эвакуациялады. Өңірлерде шығынды бағалау бойынша жұмыстар басталды. Тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.
Эльмира Байназарова