Ұлылықтың кілті – ұстазда
Ұлылықтың кілті – ұстазда
Қазақ халқы ықылым заманнан жақсы ұстаздан тәлім-тәрбие алған баланың келешегі жарқын болатынын білген. Сондықтан баласына жақсы ұстаз іздеген. Ұстазды қадірлеп, қастерлеген, оның орны әрқашан төрде болған. Ескендір Зұлқарнайын – Аристотельді, Абылай хан – Төле биді, Шәкәрім – Абайды, Жамбыл Сүйінбайды өзіне ақылшы әрі ұстаз тұтқан. Олар өмірде жеткен жетістіктеріне ұстаздарының сіңірген еңбегі зор деп бағалаған. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демей ме, Ескендір Зұлқарнайын ұстазы жайлы: «Мен ұстазыма әкемнен кем қарыздар емеспін. Әкемнен өмірді алсам, Аристотель ұстазымнан өміріме керектің бәрін алдым», – деген екен. Осы ретте анам Мансия Оразқызы да 30 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз екенін мақтанышпен айтқым келеді. Бүгінгі таңда анам Байзақ ауданының Сарыбарақ ауылындағы Сарыбарақ негізгі мектебінде ұстаздық еңбек етеді. Ал алғашқы ұстазым – Жанар Аюбаева. Мәлік Ғабдуллинше айтсам, ұстазым өзінің біліктілігімен, жүріс-тұрысымен, жайдары мінезімен, тіпті сырт пішіні, киген киімімен бізге үлгі болды. Үнемі жайдары жүретін ұстазымыз бізге: «Көздеріңде от жанып тұрсын, білімге құштар болыңдар. Белсенді болыңдар», – дейтін. Ұстазымның бейнесі, сөйлеген сөзі, мейірімді жанары есіме түскенде балалық шаққа, сол кезеңге оралғым келеді. Бұрын ұстаз беделі, педагог мәртебесі туралы сөз қозғалмайтын. Халық тек сол кісілерге қарап-ақ бой түзейтін. Үлкендер бізге «ұстаз келе жатыр» дегенде бәріміз жапа-тармағай орнымыздан тұрып, құрмет көрсететінбіз» деп, ұстазды қадірлеу керегін айтып отырады. Ұстаздың қадір-қасиетін білу әр адамның бойынан кішкентайынан қарапайым қағидаға айналуы тиіс деп ойлаймын. «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, егіншісін де, кеншісін де өсіретін – ұстаз» деп қазақтың қаһарман ұлы Бауыржан Момышұлы айтып кеткендей, келешегіміз – ұрпағымыздың білімі мен тәрбиесі бүгінгі ұстаздардың мойнына артылған жүк. Ел баласының ертеңін ойлап, өз баласына уақыт таппайтын ұстаз деген ұлы есімді қадірлеп, ата-анамыздай сыйлап, қоғам алдындағы беделін арттырайық.
Сая ЕСБЕРГЕН, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті