Жаңалықтар

МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ – БАСҚАРМА НАЗАРЫНДА

МЕКТЕП ҚҰРЫЛЫСЫ – БАСҚАРМА НАЗАРЫНДА

Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұлов пен орынбасары Күнімжан Жанғожаева Меркі, Т.Рысқұлов аудандарына жұмыс сапарымен барып, білім мекемелерінің тыныс-тіршілігімен танысты. 

Басқарма басшысы алдымен Меркі ауданындағы «Ер-төстік» бөбекжай-бақшасына барды. Балабақша басшылығы жұмыс барысы жайлы баяндай келіп, қазіргі уақытта жертөлені су басу мәселесі алаңдатып отырғанын жеткізді. Рауан Нұрғалиұлы аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысына жертөледегі дренаж сметасын әзірлеуді тапсырды. Мұнан кейін күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін «Балдәурен» бөбекжай-бақшасына ат басын бұрды. Мәселені шешу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жолданған. Сараптамаға сәйкес тиісті шешімдер қабылданатын болады. Сондай-ақ Рауан Нұрғалиұлы Ойтал ауылындағы үш ауысымда білім беретін №48 орта мектептің мәселесін шешу үшін құрылысы басталған 200 орындық ғимараттың жай-күйін көзбен көрді. Аспара ауылындағы 150 орындық жаңа мектептің құрылысы да басқарма басшысының назарынан тыс қалмады. Рауан Нұрғалиұлы құрылыс барысында туындаған бірқатар мәселе бойынша ұсыныстарын ортаға салды. Р.Садырқұловтың аудандағы жұмыс сапары Андас батыр ауылындағы №21 орта мектепте қорытындыланды. Қазіргі уақытта мектептің жанынан бой көтеріп жатқан 150 орындық қосымша ғимараттың құрылысы тоқтап тұр. Мәселені шұғыл түрде шешу үшін басқарма тарапынан құзырлы мекемелерге хаттар жолданған. Сондай-ақ Рауан Нұрғалиұлы Т.Рысқұлов ауданындағы Жамбыл орта мектебіне, Мамай-қайыңды бастауыш мектебіне, Өнер мектебіне, Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектепке және балалар лагеріне барып, жұмыс барысымен танысты. Алдағы уақытта Жамбыл орта мектебіндегі спортзал мен акт залындағы орын тапшылығы мәселесі қосымша құрылыс есебінен шешімін табады. Спортзалы мен асханасы жоқ Мамай-қайыңды бастауыш мектебі мен орын тапшылығы бар Өнер мектебінің, күрделі жөндеуді қажет ететін Қ.Сұлтанбеков атындағы орта мектептің мәселелерін оңтайлы шешу мақсатында тиісті жұмыстар жүргізіледі. Сондай-ақ апатты деп танылған балалар лагері бойынша құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындауға қаржы қарастырылған. Рауан Нұрғалиұлы аталған білім мекемелерінің сынып бөлмелерін, акт залдарын, асханалары мен спортзалдарын аралап, оқу процесін бақылады. Білім алушылармен тілдесіп, білім сапасына да көңіл бөлді. Сонымен қатар Құлан агротехникалық жоғары колледжінің оқу процесіндегі жаңашылдақтарымен танысты. Басқарма басшысына әуелі қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталған шеберханалар, оқу кабинеттері, оқу-жаттығу алаңдары, зертханалары мен спорт алаңы таныстырылды. Соңғы үлгідегі оқу құралдарын пайдалана отырып, білікті маман даярлау – бүгінгі өмір талабы. Сондықтан басқарма басшысы іссапар барысында колледж басшылығымен оқу орнының бүгінгі және болашақ жоспарлары туралы ашық пікір алмасып, алдағы атқарылатын жұмыстарды нақтылады. Рауан Нұрғалиұлының іссапары Мойынқұм, Шу, Қордай аудандарында жалғасты.

Айжан ӨЗБЕКОВА