Байзақта оқ - дәрілерді жою қайта жалғасады
Өткен аптада ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылының тұрғындарымен кездесті.
Жиынға ҚР Қарулы Күштері Бас штабы тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы, әділет полковнигі Тілеухан Басхожаев, Байзақ ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов, облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы Нұрбол Зейнелев, сондай-ақ депутаттар, ардагерлер, ауылдық округ әкімдері, мектеп директорлары, аудандық төтенше жағдайлар, қорғаныс бөлімдерінің басшылары, қызметкерлері қатысты.
Басқосуда Тілеухан Басхожаев 28349 әскери бөлімдегі пайдалану мерзімі өткен оқ-дәрілерді жою мәселесіне тоқталды. Бұл ретте оның халыққа ешқандай зияны тимейтіні, ауаның ластанбайтыны, адам ағзасына залал келмейтінін сөз етті. – Қорғаныс министрлігі жарамсыз оқ-дәрілерді қауіпсіз сақтауды қамтамасыз ету мен оларды кәдеге жарату бойынша жұмыс жүргізуде. Оларды сақтау объектілерін жетілдіру шаралары қабылдануда.
Бұл іс-шаралар «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасын іске асыру аясында жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді, – деген Тілеухан Басхожаев іс-шараға саперлік бөлімшелер жұмылғанын хабарлады. Жиналған оқ-дәрі қалдықтары жару әдісімен жойылады.
Бақыланатын жарылыстар елден тыс жерлерде, арнайы бөлінген шалғай учаскелерде жүргізілетін болады. Сондай-ақ ол жастарды әскери жоғары оқу орындарына және Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне тарту туралы ойымен бөлісті. Әскер қатарында болған жастарға мемлекет тарапынан жасалатын жеңілдіктерге тоқталып өтті.
Т.Басхожаев әскери қызмет өткеру кезеңінде борышын өтеуші сарбаз ай сайынғы несие төлемдерінен босатылатынын айтты. Ал қызмет аяқталғаннан кейін запасқа шығарылған адам екі жыл ішінде ҰБТ тапсырмай, ақылы түрде ЖОО-ға түсу құқығын пайдалана алады. Қызмет барысында жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындықта үздік нәтиже көрсеткендер мемлекеттік грантқа ие болады. Кездесу соңында Тілеухан Басхожаев көпшіліктің сұрақтарына жауап берді.
Ақтоты Жаңабай