Қорғаныс бөлімшелері халықпен бірге
Тараз қаласында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері штабының бастығы, полковник Нұрлан Кәрібаевтың басшылығымен командалық-штабтық жұмылдыру жаттығуы өтті.
Н.Кәрібаевтың айтуынша, айрықша кезеңде аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне халықты қорғау, елді мекендер мен маңызды объектілердің күзеті мен қорғанысы секілді тапсырмалар жүктеледі. Осылайша тұрақты әскерлердің күштері мен құралдары мақсатына сәйкес өз міндеттерін орындауға босатылады.Өңірлік қолбасшылық әскерлерінің құрамындағы аумақтық қорғаныс бригадалары Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстарының орталықтарында және Шымкент қаласында құрылған.
Оқу міндеттерін бірлесіп пысықтау іс-әрекеттің бірыңғай алгоритмін жасауға оң ықпал етеді. Аумақтық қорғаныстың нақты жолға қойылған жүйесі елдің қорғаныс қабілетін арттырып, дағдарыс кезеңінде мемлекеттік органдардың тұрақты жұмыс істеуіне жағдай жасайды.
Командалық-штабтық жұмылдыру оқу-жаттығуларына қатысушылар аумақтық қорғаныс бригадаларын өрістету, өңірдің әскери басшылығының жергілікті атқарушы органдармен және күштік құрылымдармен өзара іс-қимылы мәселелерін егжей-тегжейлі талқылады. Осы міндеттерді шешудегі кешенді көзқарас мемлекеттің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жалпы жүйесін нығайтуға қызмет етеді.
Ақтоты Жаңабай