Жаңалықтар

Ата-аналар баласының әскери өмірімен танысты

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының тәрбие идеологиялық және кадрлық жұмыстар бөлімінің бастығы, подполковник Қуаныш Мұсабеков әскери қызметшілердің ата-аналарына арналған «Ашық есік» күнін өткізді.

 Іс-шараға «Аналардың жүрегі» сарбаздар аналарының кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Шарифа Муминова қатысты. Ұйымдастырушылар аналарға «Шөлдала» және «Б.Момышұлы» шекара бөлімшелерінің жеке құрамындағы сарбаздардың әскери өмірі туралы әңгімеледі. Өз кезегінде Шарифа Ахметжанқызы сарбаздардың әскердегі жағдайларымен, жауынгерлік даярлық сабақтар өткізетін сыныптарды, тұрмыстық үй-жайлар мен асхананы аралады.Сонымен қатар сарбаздарға арналған ас мәзірін тексеріп, дайындалған тағамдардың сапасын бағалады.

Казармалық үй-жайларды аралау кезінде Шарифа Ахметжанқызы сарбаздармен әңгімелесіп, психологиялық көңіл күйлеріне назар аударды. Сондай-ақ сарбаздарға ұйымның жұмысы туралы айтып берді. Айта кетейік, мұндай сапарлар алдын ала келісімсіз, қоғамдық бірлестік бастамасымен ұйымдастырылды. – Біз әр сарбазды өзіміздің ұлымыздай қабылдаймыз. Балаларымыз бен олардың қызметтестері қалай және қандай жағдайда өмір сүретінінен хабардар болып отыру бізге өте маңызды.

Кездесу соңында Қуаныш Алтынбекұлы мұндай іс-шараның әскери бөлімдегі ата-аналар мен жас сарбаздар үшін маңызы зор екенін атап өтті. Ол ата-аналардың қолдауы Отан алдындағы борышын өтеп жүрген әрбір сарбаздың өз міндетін алаңсыз атқаруына септігін тигізетінін айтты.