Жаңалықтар

Сұрым ауылында медициналық пункт ашылды

Қызыларық ауылдық округіне қарасты Сұрым ауылында 5 келушіге арналған медициналық пункттің ашылу салтанаты өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен халыққа сапалы медициналық көмек көрсету мақсатында қабылданған «Ауылда денсаулық сақтауды жақсарту» пилоттық жобасы аясында ел игілігіне берілген заманауи ғимараттың құрылысын «Нұр Тұрсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.

 Пилоттық жоба аясында өткен жылы ауданда 2 медициналық нысан пайдалануға берілсе, биыл 5 ауылдан медициналық нысан салу жоспарланған. Бүгінгі таңда ауданда 1 емхана, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 34 медициналық пункт, 8 дәрігерлік амбулатория аудан тұрғындарына қызмет көрсетуде. Медициналық пункттің ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Жалғас Мұртаза ауылдықтарды қуанышымен құттықтап, игі тілегін жеткізді.

Пилоттық жоба аясында салынған ғимарат тұрғындарға сапалы қызмет көрсету үшін арнайы медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған. Бөлмелері кең, жарық әрі жылы. Жаңа нысанның ашылуына қатысқан облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова өз сөзінде жаңа нысанның ел Президентінің тікелей тапсырмасымен шалғайдағы ауыл тұрғындарының денсаулығын жақсарту, өмір сүру жасын ұзарту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында салынғанын жеткізді.

Сұрымдықтардың қуанышын бөлісуге келген аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев та ақжарма тілегін арнады. Медицина саласының ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев саланың тарихына аз-кем тоқталды. – Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары медицина саласындағы жағдай қандай қиын еді?! Ауылдағы қызметкерлер мектептің, әкімшіліктің бір бөлмесінде қысылып-қымтырылып жұмыс істеді. Жылу да, жарық та жоқ кездер болды. Соңғы 10-15 жылдың көлемінде қаншама жаңа заман талабына сай ғимараттар бой көтерді. Қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтылған.

Қызыларық ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Садиров халықты ынтымақ-бірлікке, бір-бірін құрметтеуге, адал еңбек етуге шақырды. «Нұр Тұрсын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаевқа медициналық пункттің символикалық кілтін салтанатты жағдайда тапсырды.

Перизат Шымыртайқызы,

журналист, Жуалы ауданы