Жаңалықтар

Өңір туризмін дамыту – Ортақ іс

Облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Біржан Күзембеков бұқаралық ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйым өкілдерін қабылдады.

Кездесуде «Жер-ана» ауыл фермерлері» корпоративтік қорының төрайымы Роза Мұсабаева сөз алып, «Әулиебастау» бұлағына байланысты көптің көкейінде жүрген мәселені көтерді. – Жамбыл ауданының Айша бибі ауылдық округіне қарасты «Әулиебастау» бұлағы туризм объектісіне жата ма? Егер жатса, жекеменшігіне алған адам неге таза ұстамайды?

Басқарма басшысының айтуынша, «Әулиебастау» – өңірдегі туризм тізіміне енген нысандардың бірі. Бүгінде аталған аумаққа жан бітіру мақсатында Жамбыл ауданы әкімдігі тиісті жұмыстарды атқарып жатқан көрінеді. – Жергілікті атқарушы орган мен «Әулиебастауға» иелік етіп отырған кәсіпкер арасында арнайы меморандум жасалған. Онда «Әулиебастауды» күтіп-ұстау мәселесі атап көрсетілген. Шарт талаптары орындалмағаннан кейін бұл іс бойынша прокурорлық тексеріс жүргізілді.

Сөйтіп, бұлақ Айша бибі ауылдық округінің теңгеріміне қайтарылды. Қазіргі таңда Жамбыл ауданы әкімдігі тарапынан инвестор тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Біржан Мықтыбекұлы. Бұдан кейін «Қолөнер Тараз» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Голубинская туризм объектілеріндегі қоқыс мәселесін көтерсе, облыстық «Знамя труда» газетінің журналисі Юрий Ефимов туризм басқармасының алдағы жоспары жайлы сұрады. Сондай-ақ еркін форматта өрбіген кездесуде БАҚ өкілдері өз ұсыныстарын айта отырып, «Қаралма» тау-шаңғы кешенінің, «Әулиеата» кварталының жайы секілді өзге де келелі мәселелер бойынша сұрақтар қойып, тұшымды жауапқа қанықты.

Нұрым Сырғабаев