Жаңалықтар

Жамбылдықтар көмек қолын созуда

Су тасқыны әбігерге салып, үйі мен күйінен айырылған халыққа қазақстандықтар қолдарынан келген көмектерін көрсетуде. Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға қайырымдылық көрсетуден облысымыздың тұрғындары да шет қалмады.

 Ел басына күн туған сәтте енжарлық танытқанды жөн көрмеген тараздық кәсіпкерлер Ақтөбе облысының Ойыл ауданына азық-түлік, гигиеналық заттар, шағын қайықтар, арнайы төсеніштер, көкөністер мен жемістер, киім-кешек тиелген 10 көлік көмек жіберді. Сауапты іске облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы да белсенді атсалысты.

Республикалық дүнгендер этномәдени бірлестігі мен облыстық «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігі тұрмысқа қажетті заттарды және азық-түлік өнімдерін 2 ауыр жүк көлігіне тиеп, Ақтөбе облысына жіберді. Сондай-ақ «Шиват Цион» еврей этномәдени бірлестігі, гректер қоғамы, қырғыз, ұйғыр, татар этномәдени бірлестіктері мен Ассамблея жастары бірлесіп су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек ұйымдастырды.

– Қазақстан – біздің ортақ үйіміз. «Күшіміз – бірлікте!» акциясы аясында аянып қалмауға бекіндік. Әрбір этномәдени бірлестік мүшелері қолдан келген көмегін көрсетуде. Бірі аяқкиім, бірі қалың киім, енді бірі төсеніш, қап-қап күріш, ұнын әкеліп, жұдырықтай жұмылуда. Гуманитарлық көмек жинау пункті «Достық» үйінде орналасқан. Көмек көрсеткісі келген азаматтар әлі де үлгереді, – дейді облыстық «Манас ата» қырғыз этномәдени бірлестігінің төрағасы Абзалбек Меңдібек. Еске сала кетейік, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің жедел тобы су басқан өңірлерге барып, төтенше жағдайдың зардабын жоюға көмектесуде.

Эльмира Байназарова