Жаңалықтар

ТАБЫСТЫ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ...

ТАБЫСТЫ БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ...

Кез келген істі бастамас бұрын оның нәтижесінен гөрі атқарылу барысы маңыздырақ. Үй салар алдында бірден іргетас қалаған дұрыс емес. Ең әуелі, оның архитектуралық жоспары құрылады. Содан кейін стандарт бойынша іргетас құйылып, үй тұрғызылады. Дәл солай бизнесте де алдын ала жоспары құрылып, мақсат-міндеттері айқындалып, нақты жоба әзірленеді. Ең бірінші, кәсіпкер болғысы келген адам жұмысты өзінен бастау керек.

Біріншіден, кәсіпке бизнес-жоспар жасау қажет. Жалпы бизнес-жоспар өз кәсібіңізді ашу үшін ғана емес, оның тұрақты дамуы мен болашақта үлкен жобалар жасау үшін керек. Мысалы, несие алатын болсаңыз, сізден міндетті түрде бизнес-жоспар сұрайды. Жақсы серіктес тапсаңыз, ол да сіздің ойыңызды қағаз бетінде көруден бас тартпайды. Кез келген саналы инвестор өзі қаражат салайын деп жоспарлаған кәсіпорынның бар өзгешеліктерін білгісі келеді. Егер бірнеше бағыттардың ішінен біреуін таңдау қажеттілігі туса, сіз өз ісіңіздің негізі салынған бизнес-жоспардың болмауы салдарынан қымбат уақытыңызды терең ойға батумен жоғалтасыз. Сонымен қатар өзіңізге жол нұсқар мықты кеңесшіңіз болғаны дұрыс. Сол себепті бизнес жайындағы курстар мен семинарларға жиі қатысып, өз біліміңізді нығайтқан жөн. Сонда ғана бизнесте үлкен жетістіктерге тез жетесіз. Бизнестің де өзіндік қағидалары бар. Жапония мемлекетінің экономикасын ең үлкен деңгейге көтерген «Кайзен» деген қағида бар. «Кайзен» қағидасын қарапайым сөзбен айтсақ, «өз салаңызда тоқтамай үнемі даму» деген мағынаны білдіреді. Сіз өз бизнесіңізде «Кайзен» қағидасын қолданып, «болдым, толдым» деп жайбарақат отырмауыңыз керек. Бәсекелестерден қашанда биік, алда тұру үшін ізденуге, талпынуға тура келеді. Қай компанияның тауары немесе қызмет жасау сапасы халық сұранысын қанағаттандырмаса, жарнамасы мен бақылау тәсілі әлсіз болса, нарықтық анализі мен болашақ жоспары бұлыңғыр болса, сол компания кризиске ұшырайды. Яғни мықты компаниялар табыс тұғырында тұрса, ал әлсіз компаниялар алған қарыздарын уақытында қайтара алмай, проблемаларға белшесінен батып жүреді. Сондықтан «менің кәсібім кризиске ұшырауда» деп байбалам салмай, өз әлсіздіктеріңізге, нарықтың талабына төтеп бере алмай жатқан кәсібіңіздегі олқылықтарға назар аударыңыз. Көп адам кәсіпкер болуға ұмтылып, армандағанымен оны іс жүзінде дәлелдей алмайды. Егер кәсіп жолын қуып, көп табыс әкеліп, өміріңізді жарқын жаққа өзгерткіңіз келсе, төменде айтылған кеңестерді есте ұстаңыз.Біріншіден, ерте тұруға дағдыланыңыз. Күнмен жарысып ояныңыз. Таңғы уақыт – маңызды істерді, маңызды шешімдерді қабылдайтын және жаңа жетістіктерге жетелейтін күннің бір бөлігі. Екіншіден, жоспармен жүріңіз. Күнделікті жұмыс кестесін жасап алып, сол бойынша атқарылуы тиіс шаруаларыңызды ертеңге қалдырмай бітіріңіз. Үшіншіден, бос жұмыстар мен бос кездесулерден аулақ болыңыз. Тезірек ойлап, тезірек әрекет жасаңыз. Ойлаған ойыңызды қойындәптеріңізге түртіп отырыңыз.Төртіншіден, спортпен айналысыңыз. Қозғалыстың жоқтығы денсаулықты құртады. Физикалық жаттығуларға уақыт жоқ деп ойлайтын адамдар ертелі-кеш ауру үшін уақыт табатын болады. Сіздің денсаулығыңыз – сіздің жетістігіңіз. Арнайы бағдарламалар арқылы спортпен үйден шықпай-ақ шұғылдануға, сондай-ақ абонементсіз жаттығу залына баруға болады. Бесіншіден, өміріңізге септігін тигізетін жандармен көп әңгіме-дүкен құрыңыз. Өсуіңізге себепші болатын адамдармен достасып, сыйласып жүріңіз. Ол сізді жігерлендірп, серпіліс әкеледі.Алтыншыдан, смартфонға санамызды уламай, жақсы ақпарат оқуға, тиімді тағылым жинауға арнаған абзал. Кітап сіздің біліміңізді кеңейтіп, қабілетіңізді арттырады. Жақсы кітапты да талғаммен оқып, саралап тоқыған дұрыс. Жетіншіден, табиғатпен сырласыңыз. Табиғат сізді тәуекелшіл болуға, талаптануға, еңбекқорлыққа тәрбиелейді. Дамығысы келетін адам табиғаттың өзінен-ақ көпті үйренеді.Сондай-ақ күнделікті сіздің дамуыңызға әсер еткен істерді журналға тіркеп отырыңыз. Ол сіздің негізгі көрсеткішіңіз болып табылады. Нұрсезім ЖАРҚЫНБЕК, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті