ДӘРІХАНА – ДӘУЛЕТТІҢ КӨЗІ
ДӘРІХАНА – ДӘУЛЕТТІҢ КӨЗІ
Мемлекеттік қолдаудың арқасында жеке кәсібін ашып, табыс тайқазанын тасытып отырған кәсіпкердің бірі – Жазира Әбілова. Он жыл бойы өзгенің дәріханасын жалға алып жұмыс істеген Жазира ұзақ жылдар жеке кәсібі болғанын армандайды. Арманының орындалуы жолында ешнәрседен аянып қалмауға белді бекем буған Жазира әркімнің ғимаратын жалға алып жұмыс істегенше, мемлекеттік қолдауды пайдаланғанды жөн көреді. Сөйтіп, осыдан екі жыл бұрын «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы арқылы 6 пайыз жеңілдікпен 31 миллион теңге несиеге қол жеткізеді. Арманына біртабан жақындаған Жазира алдымен Тараз қаласындағы Л.Толстой көшесінің бойында орналасқан дәріханасы бар жеке үйді сатып алады. Ескірген дәріханаға жөндеу жұмыстарын жүргізіп, уақыт талабына сай жабдықтайды. Осылайша жеке дәріханасында дәрі-дәрмек сатуды бастап, араға біршама уақыт салып «INVIVO» медициналық зертханасын іске қосады. Теміржол бекетінің арғы жағындағы «За линией» аталып кеткен аумақта бұрын-соңды қан талдауларын жасайтын зертхана болмаған. Тұрғындар көбіне ықшамаудандарға немесе орталыққа баруға мәжбүр болатын. Әу бастан елге пайдасын тигізуді мақсат тұтқан кәсіпкердің игілікті ісінің арқасында тұрғындар жан-жаққа сабылу машақатынан құтылды. «Көз – қорқақ, қол – батыр» деген рас екен. Алғашында көңілімде қорқыныш болды. «Несиені қалай төлеймін, жұмысым жүріп кете ме?» деген ойлар күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырды. Дегенмен шүкір, табанды еңбектің нәтижесінде кездескен қиындықтарды жеңіп шығып, кәсібімді аяққа тұрғыздым. Бүгінгі таңда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының қолдауының арқасында бастаған кәсібімді дөңгелетіп отырмын. Дәрі-дәрмек сатумен ғана шектелмей, зертханалық орталық аштым. Сонымен қатар орталықта массаж, хиджама, сүлік салу, косметологиялық қызмет ұсынылады. Тұрғындардың ұсынысына сәйкес тәулік бойы қызмет көрсетеміз. Бес адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын, – дейді кәсіпкер. Жазираның жұбайы да кәсіпкер. Ербол Тілешов – қоқыстарды өңдеумен, сұрыптаумен айналысады. Бүгінде үш ұл, бір қыз өсіріп, тәрбиелеп отырған ерлі-зайыптылардың отандасқандарына 13 жыл болыпты. Кәсіпкер алдағы уақытта мұнымен шектеліп қалмай, кәсібін одан әрі дамытуды жоспарлап отыр. Кішкентай кезімнен дәрігер болуды армандап, жастыққа ине салып ойнайтынмын. Бала арманым алдамапты. Мектеп бітірген соң Жамбыл медициналық колледжіне «Фелдьшер» мамандығы бойынша оқуға түстім. Кейін «Фармацевт» мамандығы бойынша білім алдым. Оқуда да озат болдым. Бірде дәріс кезінде ұстазымыз республикадағы дәріхана жүйесінің негізін қалаушы Мәжит Шомбалов туралы айтып берді. Мәжит Шомбалов Қазақстан бойынша жалғыз өзі 1910-1928 жылдары 200-ге жуық дәріхана желісін ашқан екен. Ұстазымыздың айтқандарын ыждағаттылықпен тыңдап отырғанда болашақта дәріхана ашып, Мәжит Мұхамеджанұлы секілді халқыма пайдамды тигізуді армандап едім, – дейді Жазира Абилова. Бүгінде Жазира ашқан медициналық зертхана мен дәріхана көпшіліктің кәдесіне жарап тұр. Арманды мақсатқа айналдырып, үлкен іске талпынған Жазираға біз де сәттілік тіледік.