Театр таланттарының тайталасы
Театр таланттарының тайталасы
Байқаудың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Талас ауданының әкімі Нұрбол Жүнісбеков: «Шона Смаханұлы туралы айтқанда, ана тіліміздің жанашыры, сатираның сардары, Таластың тарлан мінез тау тұлғасы есімізге түседі. Өткен ғасырдың 70-80-жылдары Алматыда қазақ мектептерінің қатарын көбейтуге мықтап кірісіп, қайраткерлігін танытады. Ақынның 100-ден аса өлеңіне ән жазылған. Киелі Талас топырағында дүниеге келіп, артында өшпес мол мұра қалдырған жерлесіміздің шығармашылығы туралы қанша айтып, насихаттасақ та жарасады. Ол кісінің ұлттық құндылықтарды ұлықтаудағы өнегесі кейінгі ұрпаққа аңыз болып қалары анық. Сондықтан бүгінгі күні байқауға қазылық еткен азаматтардың ұсынысымен бұл байқауды әр бес жыл сайын өткізіп тұруды мұрат етіп отырмыз», – деді. Байқау қорытындысымен Талас ауданының «Талас» халық театры жүлделі І орынға (700 000 теңге), Т.Рұсқұлов ауданының «Басқар Битанов» театры ІІ орынға (500 000 теңге), Мойынқұм ауданының «Мойынқұм» театры ІІІ орынды (300 000) иеленді. Ал Жамбыл ауданының «Дарын» халық театры «Көрермен көзайымы» аталымына ие болды. Енді жеңімпаз үш халық театры алдағы 25-26 сәуір күндері облыс орталығында өтетін Шона Смаханұлының 100 жылдығына арналған «Жүз шымшыма...» республикалық байқауына қатысады. – Әрине, байқауға қатысушылардың арасында комедия мен сатираны шатастырып алғандар да болды. Дегенмен қатысушылардың үлкен дайындықпен келгені көрініп тұр. Ал Шона Смаханұлының әр сатиралық шығармасы өмірдің ащы шындығын ашып, ұлт тәрбиесінде танымды дүниелерімен құнды. Мықты қойылымдарға да сұранып тұр. Уақытында «Тамаша» ойын-сауық отауының тұрақты авторы болған ақынның шығармалары әлі талай сахна төрінен орын алатынына сенімдімін, – дейді қазылар алқасының төрағасы Асқарбек Сейілхан.
Ерман ҚАНЖАНҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қаратау қаласы