БІР АТАДАН ТАРАҒАН БАУЫРЛАРДЫҢ БЕРЕКЕЛІ БИЗНЕСІ
БІР АТАДАН ТАРАҒАН БАУЫРЛАРДЫҢ БЕРЕКЕЛІ БИЗНЕСІ
Самса сатуды Фархад Фазылов бұрынғы «Төлебай» базарынан бастапты. Ескі базардағы шағын ғана орыннан бастаған бизнесін 2015 жылы жандандырып, кеңейте бастайды. Сөйтіп, «Пышка және Ко» компаниясын құрады. Қазіргі таңда компания 100 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бастапқыда самса қамырының бірнеше түрін өндірсе, бүгінде халыққа түрлі тауар түрін ұсынуда. Атап айтсақ, шұжықтар, кондитерлік өнімдер, мұздатылған жартылай дайын өнімдер шығарады. Компания жуырда тағы 100-ге жуық адамды жұмыспен қамтымақ ниетте.Тараз қаласындағы Жұмәділ Ақылбеков көшесінде орналасқан цехқа арнайы барғанымызда жұмысшылардың жанталасып еңбек етіп жатқан сәтінің үстінен түстік. Әркім өз тірлігімен әлек. Бірі қамырды арнайы құрылғы арқылы жайып, екіншісі өлшеп, енді бірі қаптап жатыр. Әйтеуір көз ілеспес жылдамдықпен әрекет етуде.Цех екі аумақта орналасқан екен. Біз барған цехта самса қамырын дайындап, кептіріп, мұздатып, дүкендерге жөнелтеді. Ал екінші цехта тек кондитерлік тәтті өнімдер шығарылады. Халықтың сұранысына сәйкес самсаның бірнеше түрін шығарамыз. Өнімдеріміз Қазақстан бойынша саудалануда. Яғни барлық қалалардан біздің өнімдерімізді таба аласыздар. Биылдан бастап алыс-жақын шет мемлекеттердің нарығына шығуды жоспарлап отырмыз.Өткен жылы сауда көлемі 250 миллионды құрады. Жақында ғана германиялық екі жаңа құрылғы сатып алдық. Енді жұмыс күшін көбейтіп, сауда көлемін арттыратын боламыз, – дейді «Пышка және Ко» компаниясының коммерциялық директоры Фархад Миршарипов.Кәсіпкер германиялық «Фритч» атты қамыр жаятын екі құрылғының әрқайсысын 18 миллионға сатып алыпты. Нәтижесінде жұмыс әлдеқайда жеңілдеген. Мәселен, Азат Мамбетқұлов есімді жұмысшы қамыр дайындауда құрылғының көп көмегі тиіп жатқанын айтады. Себебі салмағы 10 келіден асып жығылатын қамырды көтерудің өзі үлкен күшті қажет етеді екен. Бір ауысымда 8 адам жұмыс істейміз. Жұмыс уақыты – таңғы сағат 8:00-ден кешкі 18:00-ге дейін. Түскі ас компания тарапынан беріледі. Айлық жалақамыз да еңбегімізге татиды. Басшылық тарапынан жұмысшылардың барлық жағдайы жасалған. Негізі қыз-келіншектерге аппаратпен жұмыс істеу оңай емес. Қамырдың иленген соң салмағы болады. Сондықтан ер адамның күшін көп қажет етеді. Біздің ауысымда екі жігіт қамырды жаямыз, ал әйел адамдар сұрыптайды, өлшейді, қаптайды, – деді А.Мамбетқұлов.Өнімдерді қаптаумен айналысатын цехта да жұмыс қызып жатыр екен. Бір-екі жұмысшыны сөзге тартып көріп едік, үлгере алмай жатқандықтан сұхбаттаса алмадық. Цех жұмысшыларынан там-тұмдап болсын сұрап-білгеніміз, қамырды өлшеп, сыртқы қаптамасын кигізіп, орау, дәлме-дәл ету – оңай шаруа емес. Кез келген адам істей алмайтын көрінеді. Ептілік, шапшаңдық керек.Компания осы уақытқа дейін мемлекеттік қолдауларға сүйеніп, жеңілдетілген несие немесе қайтарымсыз грант алып көрмепті. Бар тапқан ақшаларын ұқсатып келеді. Нәтижесі жаман емес. Компанияның өнімдері 2023 жылы «Қазақстанның үздік тауарының» қатарына енген.Бүкпесіз әңгіме өрбіткен Фархат Фазылов адам баласы өзінің жолын, бойындағы мүмкіндіктерін, қабілетін дұрыс пайдалана білсе, алмайтын қамалы жоқ екенін айтады.Адам адамнан еңбегімен, ісіне жауапкершілігімен ерекшеленеді. Әр адамның өзіндік ризығы бар. Еңбек еткенде ғана сол ризық тұрақтанады екен. Жұмысшыларымнан да жұмысын адал атқаруды, кез келген іске жауапкершілікпен қарауды айтып отырамын. Ең бастысы, өніміміз таза, адал болуы керек. Сонда ғана бизнесіміз алға жүреді. Кім талапқа сай еңбек етеді, сол нарықта ұзақ жылдар бойы қалады. Жауапкершілікті сезіне алатындар табысқа кенеледі.Әу бастан-ақ, яғни шыр етіп дүниеге келген сәтімізден бастап маңдайымызға қайдан ризық табатынымыз пешенемізге жазылады екен. Мәселен, сіз жер емген диқан боласыз. Ал біздің маңдайымызға аспаздықтан адал нәсібімізді табу бұйырған екен. Аллаға шүкір, қажырлы еңбегіміз еш кетпей, бүгінде жемісін жеп отырмыз.Қазіргі деңгейге сатылап жеттік десек болады. Асықпадық. Бірінші инвестиция салдық. Әртүрлі үлкенді-кішілі құрал-жабдықтармен жабдықтадық. Одан кейін жұмысшылар алып, іске көштік. Осылайша бір атадан тараған бауырлар бірігіп, алпауыт компания құрдық, – дейді кәсіпкер Фархат Фазылов.Ал Диера Акрамқызы цехтардың жұмыс барысымен таныстырды.Самса – түркітілдес халықтардың бәріне ортақ тағам. Самсаның түрі көп. Тандыр самса, қаусырма самса, ош самсасы, самарқандық самса, қатпарлы самса деген секілді. Біздің өндіретініміз – қатпарлы самса. Жартылай дайын өнім. Тек ішіне салмасын салып пісірсе болды. Ең біріншіден, цехта қамыр аппаратпен иленеді. Одан кейін жайылады. Жайылған қамырлар әр бөлікке бөлініп оралады, қапталады. Дайын болған қамыр 5-6 сағатқа мұздатылады. Мұздатылған қамыр арнайы көліктермен дүкендерге жөнелтіледі. Бүгінде өндірген өнімді жарнамалаудың, сатудың бірнеше тәсілі бар. Әсіресе әлеуметтік желілердің пайдасы мол. «Instagram» желісіндегі парақшамыз арқылы күнделікті шығарған өнімдерімізді жарнамалап отырамыз, – дейді Д.Акрамқызы.Бәсекелестіктен қорықпайтын компания жақын күндері дайын фарш өнімдерін нарыққа шығарды. Сонымен қатар шұжықтарды да жаңа өнім түрлеріне қосты. Болашақта компания басшылығы тың идеяларды жүзеге асыруға ниеттеніп отыр. Тек самса қамыры ғана емес, екінші цехті ашып, кондитерлік өнімдерді жолға қойдық. Олар тәтті дәммен, хош иісімен, жоғары энергетикалық құндылығымен сипатталады. Шикізаттарымыз сірне, желе, агар, табиғи бояғыштар, эссенция. Осы шикізаттардың барлығы тексерістен өтті. Зертханалық сынақ алынды. Тексеріс толық аяқталған соң сертификатталдық. Сондықтан бізден еш қорықпастан өнімдерімізді пайдалансаңыздар болады, – деп сөзін түйіндеді Фархат Фазылов.