ҰЛТТЫҚ МҰРАЛАРЫМЫЗ ҰЛЫҚТАЛДЫ
ҰЛТТЫҚ МҰРАЛАРЫМЫЗ ҰЛЫҚТАЛДЫ
Этнофестиваль аясында темірден түйін түйіп, жаңқаға жан бітірген қолөнершілердің көздің жауын алатын жұмыстарынан көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ аспаздықтың қыр-сырын меңгерген әйел-аналардың орталықтың «Береке» аспаздық студиясында дайындаған ұлттық тағамдары жәрмеңкеде көпшілікке ұсынылды. Салтанатты шара «Томирис» биімен ашылды. Облыс әкімі аппаратының әлеуметтік-саяси мониторинг бөлімінің басшысы Асылжан Құрманов пен «Асыл дизайн» сән үйінің бас дизайнері, «Аспара» өнер және бизнес колледжінің құрылтайшысы Айдархан Қалиев орталықтың атқарып жатқан жұмысына оң бағасын беріп, іс-шараның мән-маңызына тоқталды. А.Қалиев іс-шараға белсенді қатысқан қолөнершілердің еңбегін елеп-ескеріп, алғыс хатпен марапаттады. Ал айналасына жан жылуын сыйлап, шуақ шашатын аналар қауымы ақ батасын беріп, келген қонақтарға тілектестіктерін білдірді. Айта кетейік, қадамын жаңа нықтаған орталық өткен жылы 270-тен астам іс-шара ұйымдастырған.
Ділназ ИЗАТІЛДА, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті