Жаңалықтар

«ЖЕР ДӘРІГЕРІНІҢ» ТЫҢ ЖОБАСЫ ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ

«ЖЕР ДӘРІГЕРІНІҢ» ТЫҢ ЖОБАСЫ ҚОЛДАУҒА ЗӘРУ

Жамбылдық жас ғалым Дәулет Егембердиевті білмейтін жан кемде-кем шығар. Жерлесіміз ойлап тапқан ерекше тыңайтқыш тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді қалпына келтіруге септігін тигізеді. Дәулеттің жер емген диқандар үшін пайдасы ұшан-теңіз жаңалығы «NURINTECH» инновациялық жобалар жарысынан, өзге де ғылыми байқаулардан үздік шыққан. Ғалым қазіргі уақытта өзі ойлап тапқан жаңалықты әлемдік деңгейде танытуға ұмтылуда.

– Ғылым саласында зерттеу жүргізіп келе жатқаныма 12 жылдан асты. Алғашында мұнай және газды өңдеу саласында білім алдым. Аталған салада біраз зерттеу жасап, жобалар дайындап, өндіріске енгізуге атсалыстым. Бірақ уақыт өте келе жан қалауым мелиорация екенін түсіндім. Жерді тыңайту, тозған жерді қалпына келтіру, өсімдікті қорғау, жерасты суларымен, жалпы табиғатпен жұмыс істеу өзіме өте жақын. Сөйтіп, таңдаған саламда үлкен нәтижелерге де жеттім. Орта Азия магистранттары арасында өткен халықаралық байқаудан бас жүлде алып, халықаралық қордың демеушілігімен жоба бастап кеттік. Израильден, Франциядан келген әлемдік деңгейдегі үлкен ғалымдардың жетекшілігімен көп дүние үйрендім. Израильдің шөлді даласында тәжірибе жүргіздік, – дейді жас ғалым. Дәулеттің айтуынша, қазір шаруалар жерді тыңайту мен қалпына келтіруге, егіннен мол өнім алуға ден қоя бастаған. – Жалпы ғылым саласына келуіме түрлі себеп түрткі болды деп ойлаймын. Әсіресе Тараз қаласындағы неміс қауымдастығында оқығанымның пайдасы көп тиді. Қауымдастықта неміс тілін, дәстүрін, мәдениетін үйренумен қатар, түрлі ғылымды меңгеруіме жол ашылды. Шетелден келген мамандарға аудармашы бола жүріп әр саладағы ғылыми жобалармен, құжаттармен жұмыс істеуді үйрендім. Әлемнің әртүрлі елінен келген мықты инженер ғалымдарды күтіп алып, шығарып салып жүріп өз білгендерін маған үйретулерін сұрайтынмын. Кейін студент кезімде де елімізге шақыртумен келген шетелдік ғалымдардың қасынан қалмай, тығыз байланыс орнатып жүрдім. Студент кезімдегі күнделікті жұмыс жоспарым өте тығыз болатын. Сабақтан шыққаннан кейінгі әр сағатым, әр минутым есептеулі болды, – дейді Дәулет Егембердиев. Қазір әлем халқын алаңдатып отырған өзекті мәселенің бірі – табиғатты қорғау. Себебі технология дамыған сайын экология ластанып барады. Ауылшаруашылық саласында да алаңдатарлықтай мәселелер аз емес. Айталық, Қызылорда облысы негізінен күріш егумен айналысады. Алайда жері сор, күні ыстық. Әрі егіктік алқабына тыңайтқыштар мен химиялық препараттарды дұрыс пайдаланбағандықтан экосистемаға кері әсер етуде. Жерасты суының минерализациялануына, өнімнің сапасына, ең бастысы, адам денсаулығына зияны көп. Ал Дәулет ойлап тапқан «Biomeliorant» тыңайтқышы табиғи таза болғандықтан қоршаған ортаға, адам денсаулығына тек пайдасын тигiзедi. Жарамсыз жерді құнарландырады. Қазір жас ғалым «Biomeliorant» секілді тыңайтқыштың 40-тан астам түрін шығаруды қолға алған. Кейбірі тозған егістік алқаптары мен соры шыққан жерлерді қайта қалпына келтіруге арналса, кейбірі гүлдемей тұрған ағаштарға арналған. Қатты желден гүлі ұшып кетпеуге көмектеседі. Барлығы да – инновациялық өнімдер. – Қазір қорадан шыққан малдың көңін органикалық тыңайтқыш ретінде қолданып жүргендер көп. Алайда мұның қаншалықты қауіпті екенін ескере бермейміз. Себебі малға салынатын түрлі дәрілер, антибиотиктер, гормондық дәрумендер қидың құрамында сақталып, өсімдікке де әсерін тигізеді. Көң пайдаланылған жерден өсіп шыққан көкөністің де, жемістің де адам ағзасына зиян келтіретіні анық. Сондықтан көңді таза биологиялық тыңайтқыш деп айтуға келмейді. Көпшілік мән бере бермейтін мәселе Еуропа елдерінде жиі-жиі көтеріліп, малдың көңін тыңайтқыш ретінде пайдалануға түрлі қарсылықтар болған. Қазір елімізде егіншаруашылығымен айналысатын үлкен корпорациялар жақсы өнім алу үшін түрлі химиялар қолданып жүр. Салдарынан жыл өткен сайын жер тозып барады. Ең өкініштісі, тозған жерді қалпына келтіруге ешкім ұмтылмайды, – дейді ғалым. Дәулет Егембердиевтің жаңалығын экология, ауылшаруашылығы секілді бірнеше салада кеңінен пайдалануға болады. Себебі ғалым ойлап тапқан тыңайтқышының оң нәтиже беретінін әлемнің бірнеше мемлекетінде қорғап та, дәлелдеп те келген. Сондықтан мемлекет тарапынан қолдау қажет. Уақытының бәрін ғылымға арнаған Дәулеттің әр кеңсеге, әр мекемеге барып, құжат жинап жүруге уақыты да тапшы секілді. «Жобаңды мемлекеттік гранттарға ұсынып көрдің бе?» деген сұрағымызға берген жауабынан осыны аңғардық. – Бірнеше мәрте ұмтылып көргенмін. Бірақ қағазбастылық пен нәтижесін күтетін уақыты тым ұзақтау екен. Содан кейін мұнда да үлкен монополия бар екенін байқадым. Ал мен сияқты жас ғалымға ол ортаға кіру өте қиынға соқты. Сондықтан негізгі мақсатым ақша табу емес, елге пайдамды тигізсем деген арман болғандықтан өз күшімізбен өндіріп жатырмыз. Сөз арасында айтқанымдай, тыңайтқыштардың 40-тан астам түрін шығарамыз. Бірақ бір тыңайтқыш барлық жеміске пайдалы дегенді білдірмейді, – дейді ғалым. Тыңайтқыштар өсімдіктің әртүрлі кезеңіне арналған. Ең басында тұқымды екпестен бұрын залалсыздандырып алу керек. Себебі әлсіз тұқымнан жақсы өнім шықпайды. Ал өніп шыққанда, гүлдегенде, жеміс бере бастаған кезде кезең-кезеңімен тыңайтқыштар беріп тұру керек. – Біз шығарып жатқан «Бастау» деп аталатын өнім жердің тозуының алдын алады. Сондай-ақ «Biomeliorant гүлмира» деген түрі бар. Оны ағаш гүлдердің алдында, гүлдеп тұрған кезде тамырына құйып та, жапырағына шашып та қолдануға болады. Егер гүлдемей тұрған жеміс болса, гүлдейді және гүлі желге ұшпайды. Тағы бір мысал келтіре кетейін, оңтүстікте қарбыз, қауын еккен диқандардың біразы кешегі салқында егінін үсік шалғанын айтып жатыр. Ал біздің өнімді қолданғандарда мұндай мәселе болған жоқ. Енді үсіген алқапты қалпына келтіру үшін де тыңайтқыш беріп жатырмыз. Өзге тыңайтқыштармен салыстырғанда айырмашылығы жер мен көктей деп айтуға болады. Бірақ насихаттау және қолдау жағы сәл кемшін болып тұр. Әзірге әлеуметтік желілер арқылы және тұтынушылардың бір-біріне айтқан жарнамасы арқылы ғана жұмыс істеп жатырмыз, – дейді Дәулет. Дәл қазіргі уақытта Дәулеттің жаңалығын өндіріске енгізу де оңай шаруа емес. Ол өз жігер-қайратының арқасында ғылыми зерттеулер жасап, шетелдік байқауларға жобалар ұсынып, солармен байланыс орнатқандығынан ғана тыңайтқыштардың түр-түрін өндіріп отыр. Егер бір диқан өнімі дұрыс шықпай жатқанын айтса, оны зерттеп, жаңа өнім ұсыну керек. Ал жас ғалымның ондай дайын тұрған зертханасы жоқ. Мұндай жағдайда Дәулет шетелдегі әріптестерімен бірлесіп, мәселенің шешімін табады. Себебі олар да өздеріне сарапшы маман ретінде Дәулетті аттай қалап шақырып тұрады. – Алғашқы өнімдерді шетелден шығарып, оларға «Biomeliorant «Z-7» және «Z-Lux» деп ат қойдым. Бұл тыңайтқыштың жаңа буыны деген мағынаны білдіреді. Кезінде аталған биомелиорантқа Финляндия, Өзбекстан сияқты мемлекеттерден ұсыныстар түсті. Бірақ бар ниетім – оны «Қазақстанда жасалған» өнім етіп шығару. Елімнің атын шығару – басты міндетім. Мақсатым – тозған, сор, бүлінген жерлерді қалпына келтіру. Қасымдағы әріптестеріме де осыны мақсат етуді үнемі айтып отырамын. Мәселен, Жапония десе «Toyota», Германия десе «Mercedes» қатар айтылады. Болашақта Қазақстан деген кезде де біз өндірген «Biomeliorant» айтылу керек. Себебі бұл тұзданған жерді қайта қалпына келтіріп, құнарлылығын арттырады. Осы сапа үшін жанымызды салып жүрміз, – дейді Дәулет. Жас ғалымның айтуынша, жер де тозады. Құнарын жоғалтады. Ата-бабаларымыз ұлан-байтақ жерді қасық қаны қалғанша қорғап, ұрпағына аманаттап кетті. Енді аманатқа қиянат жасамай, баға жетпес байлығымызды келесі ұрпаққа тапсыруымыз керек. – Біздің аталарымыз мал баға жүріп жердің жайын да жақсы білген. Егер мыңғырған малмен бір жерде тапжылмай отыра берсе, не болар еді? Бірақ олар жылдың төрт мезгілінде малдың, жердің жайын ойлап, үнемі көшіп жүрді. Биыл жайлаған жайлауы келесі жазға дейін қалпына келіп үлгеретін. Қазір сол көшпенділер мәдениетінен қол үзіп қалдық. Ауылдағы ағайындар ет жегісі, табиғи сүт ішіп, құрт, май жегісі келеді, бірақ ауылдан ұзап шығып мал баққысы келмейді. Салдарынан ауылдық жерлерде жайылымдық жер жетіспей жатыр. Егер біз өндіріп жатқан «Biomeliorant»-ты шабындыққа, жайылым жерлерге шашып шықса, жер де тыңайып, шөп те жайқалып шығар еді. Мемлекеттен, жекелген ғылыми қорлардан қолдау болса, 259-дай өнім жасауға мүмкіндігіміз бар. Алдағы уақытта ондай жағдайға да жетеміз деп ойлаймын, – дейді Дәулет Егембердиев. Дәулет Егембердиев ұсынған биомелиорант тыңайтқышының қоршаған ортаға еш зияны жоқ әрі шығыны аз. Дәстүрлі әдіс бойынша қолданылатын 40 тоннаға дейінгі фосфогипс пен қиды 500 келі биомелиорант алмастыра алады.