Руханият

Қыздарға әсемдік жарасады

Қазақ халқының ерте заманнан бастау алған зергерлік өнері халық өмірімен, тарихымен, шаруашылығымен тығыз байланыста дамып келеді. Адам баласы ежелден әшекей бұйымдарды киімнің ажырамас бөлігі ретінде санаған. Кез келген қыз-келіншектің зергерлік бұйымдары, асыл тастары, онда бейнеленген ою-өрнек әсем келбетіне әдемі үн қосып, сымбатын одан әрі ажарландырып, тартымдылығын арттыра түседі. Олай болса, сұлулықтың нышаны болған ұлттық әшекейлерімізге қысқаша шолу жасап өтейік.

 Өңіржиек – кеудеге тағылатын әшекей зат. Дәстүрлі қазақ қоғамында өңіржиекті мереке күндері қыздар мойын-омырауына сән ретінде таққан. Өңіржиек төртбұрышты немесе дөңес етіп жасалған бірнеше күміс тілікшеден тұрады, олардың арасы қатар түскен бірнеше жіңішке шынжырмен шығыршық арқылы жалғасады. Қазақ шеберлері тілікшелерді жұқа немесе арасын қуыс етіп, ортасына ақ балшық толтырып жасайды. Тұмарша – ою-өрнегі үшбұрыш болып келетін тылсым күші бар әрі сұлулық үшін тағылатын әшекей. Әдетте тұмар тіл-көзден сақтау үшін тағылады. Шолпы – қыздардың бұрымға тағатын әшекейі. Шолпыны екі үзбелі етіп күмістен соққан. Күмістен әшекей үшбұрышты не төртбұрышты етіп жасалады, ортасына асыл тас орнатылады.

Төменгі жағына бірнеше салпыншақ тағылады. Дәстүрлі қазақ қоғамында шолпының көзді шолпы (асыл тас қондырылған), қозалы шолпы, қоңыраулы шолпы, шынжырлы шолпы, қос үзбелі шолпы, маржанды шолпы, меруертті шолпы сияқты түрі мен атауы кездеседі.Шолпыны, ең алдымен, әйелдер қара ниетті тылсым күштерден қорғану үшін таққан. Кейде олардың салмағы 3 келіге жеткен. Шолпы жас қыздардың жүрісі мен бойын тік ұстау мәнерін қалыптастырған.

Шашбау – қыз-келіншектер шашына тағатын сәндік әшекей бұйым. Әйел шашының ажарын аша түсетін, өрілген бұрымның ұшын бекіту үшін алтын, күміс тиындар, кейде маржан қадалған бұйым таққан. Шашбауды түркі халықтары ежелден қолданып келеді. Жасалу, әшекейлеу әдістеріне қарап оларды үзбелі шашбау, шашақты шашбау деп топтастырады. Шашбау көбіне күмістен соғылады, ұшына теңге тағылады. Шашбау әйел шашының өсуіне ықпал етеді. Білезік – білекке тағылатын әшекейлі, сәнді бұйым. Білезік сөзі білек және жүзік (білекжүзік) сөзінің бірігуінен шыққан. Білезік қымбат металдардан жасалады. Білезіктің көлемі, пішіні, әшекейі әр алуан болады.

Оған асыл тастардан көз орнатылады. Бұйымдар ішінде білезіктің түрі өте көп болған. Олар баулы шынжырмен қосылған сақиналары бар білезіктер, асыл тастан көз орнатылған көзді білезіктер деп бөліне береді. Қапсырма – қамзол, кәзекей, кеудеше тәрізді әйелдердің сыртқы киімінің екі өңірін бір-біріне қаусырып тұратын ою-өрнекті, асыл тасты, асты ілгекті күміс әшекей. Оның астыңғы бетіне киімнің екі өңірін бір-біріне бекітетін ілгек орнатылады. «Қапсырма» сөзі қаусыру сөзінен туындаса керек. Оны қазақ зергерлері қыз-келіншектер киімін сәндеу үшін жасаған. Қапсырманы қымбат бағалы металдардан әшекейлеп, асыл тастардан көз орнатып жасайды. Қапсырма ілмек, сақина тәріздес екі бөлшектен тұрады. Ауызекі тілде оны қаптырма, қаусырма, тістестірме деп те атайды.

Ақтоты Жаңабай