Жаңалықтар

Құмар ойынмен енді арнайы сервис күреседі

Қазақстанда «eGov mobile» мобильді қосымшасы арқылы құмар ойынға тәуелділікпен күресудің жаңа цифрлық сервисі іске қосылды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Туризм және спорт министрлігімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен бірлесіп жүзеге асырған жаңа сервис халық арасында құмар ойындарға тәуелділікті тежейді деп күтілуде.

Бұл қадам құмар ойындарға тәуелділікпен күресу процесін жеңілдетуге және Қазақстандағы лицензиясы бар ойын мекемелерінен дереу шығару құралын ұсынуға бағытталған. Бұрын бұл процедура көп уақыт пен күш-жігерді қажет ететін болса, қазір цифрландырудың арқасында қолжетімді әрі жылдам жүзеге асып отыр. Заңнамалық шаралар құмар ойындарға шектеуді қалайтын тұлғалардың деректерінің құпиялылығын қамтамасыз етеді. Үшінші тұлғалардың ақпаратқа қол жеткізуіне жол бермейді және ойын ұйымдарының жеке сұраулары арқылы қатысушылардың мәртебесін тексеруге кепілдік береді. Бастама құмар ойындарға тәуелділікпен байланысты тәуекелдерді азайтудың тиімді шешімі болып саналады.

Осы арқылы Қазақстан азаматтарының қоғамдық әл-ауқаты мен денсаулығына ықпал етеді. Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аға жедел уәкілі Асқар Ажихановтың айтуынша, 5 жыл ішінде департамент қызметкерлері заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 42 фактісін анықтаған. Осы фактілер бойынша 38 қылмыстық іс сотқа жіберіліпті. Сондай-ақ департамент маманы заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын және мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейтінін ескертті.

Н.Мэлсұлы