Цифрлық платформасыз іс алға баспайды
Цифрлы жүйе – экономика дамуының негізгі көрсеткіші. Сондықтан мемлекет тарапынан маңызды саланы дамытуға барынша басымдық беріліп отыр.
Сала мамандарының айтуынша, елімізде мемлекеттік қызметтің 90 пайызы онлайн ұсынылады. Өзге елдермен салыстырсақ, бұл – жақсы нәтиже. Осы ретте ел азаматтары қандай қызметтерге үйден шықпай-ақ жүгіне алатынын тізіп көрейік. Кейінгі жылдары «еGov mobile» қолданбасы өте белсенді дамып келеді. Қазір электронды цифрлық қолтаңба арқылы 29 цифрлы құжат қолжетімді әрі қағаз құжаттарымен қатар танылған. Статистикаға сүйенсек, бүгінде мобильді қосымшаның көмегімен азаматтар құжаттарға 601 мың рет қол қойған екен. Мәселен, нотариаттық құжаттарды рәсімдеу де электронды форматта жүзеге асырылады. Азаматтар нотариусқа бармай-ақ, бірнеше минут ішінде құжаттарды куәландыра алады. Үйде отырған аналар да қазір мемлекеттік мекемелерге барып, кезек күтіп сабылып жүрмейді. Қазір жаңа туған нәрестені тіркеудің 68 пайызы онлайн форматта жүзеге асырылады екен. Мұндай жаңашылдық дәстүрлі медиа саласына да жетті. Өткен жылы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен мерзімді басылымдарға онлайн жазылу бірыңғай тетігі іске қосылған болатын. Бұл жаңашылдық көзіқарақты оқырманға үйден шықпай-ақ «Kaspi.kz» және «Post.kz» қосымшалары мен «Post.kz» электронды сайты арқылы да өзінің қалаған басылымына жазылуға мүмкіндік береді.
Оқырмандарымыз үшін онлайн жазылу жолын қысқаша түсіндіріп өтсек. Ең әуелі смартфондағы «Kaspi.kz» қосымшасына кіріп, «Төлемдер» батырмасын басасыз. Оның ең төменгі жағында «Басқасы» деген бөлімге кірсеңіз, «ҚР баспа басылымдары» деген батырма көзге шалынады. Одан әрі «Жазылым төлемі» деген жерге өтіп, өзіңізге қажет басылымды таңдайсыз. Ол жерде 6 немесе 12 айға жазылуға болады. Сондай-ақ қазір құжаттардың түпнұсқаларын өзіңізбен бірге алып жүрудің де еш қажеті жоқ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин: «Алдағы уақытта біз көптеген мемлекеттік қызметті проактивті түрде ұсынуды көздеп отырмыз, яғни мемлекеттік қызметтерді алу үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына жүгінудің қажеті болмайды. Қазірдің өзінде 23 мемлекеттік қызмет проактивті нұсқада ұсынылады. Мәселен, бала тууға байланысты көрсетілетін мемқызметтерді алсақ, жаңа босанған ана бір хабарлама арқылы растаса болды, баланың туу туралы куәлігі автоматты түрде рәсімделеді. Болашақта мұндай проактивті қызметтер қатары арта түседі», – деген еді. Қазақстан 198 ел арасында мемлекеттік қызмет көрсету индексі (PSDI) бойынша 6-орында тұр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі финтехтердің өскенін ескеріп, 17 мемлекеттік қызметті банк платформаларына шығарған. Банктік қосымшалар арқылы автокөліктерді қайта рәсімдеу қызметі басқа елдерде жоқ, бірақ бізде бар. Автомобильдерді сатып алу немесе сату бойынша мәмілелердің 55 пайызы тек онлайн режимде өтеді. Астанада өткен Парламент палаталарының бірлескен отырысында Мемлекет басшысы Үкіметке Қазақстанды IT мемлекетке айналдыруды және 2026 жылға қарай ақпараттық қызметтер экспортын 1 миллиард долларға дейін жеткізуді тапсырған еді. Шынтуайтында, проактивті саясаттың нәтижесінде халықтың IT салаға деген қызығушылығы арта түсті.
Мұны ақпараттық технологиялар, информатика және есептеу техникасы факультеттеріндегі студенттер санының өсуінен-ақ көруге болады. Инновациялық экономиканы құруға қажетті кадрлық базаны толықтыратын жеке бағдарламалау мектептері де ашылған. «Tech Orda» бағдарламасы аясында мамандықты игергісі келетіндерге ваучерлік жүйе бойынша алдыңғы қатарлы жеке IT мектептерде оқыту мүмкіндігі қарастырылған. IT саласы дамуының бір көрсеткіші – Astana Hub. Бұл – ел аумағында, бүкіл әлемде жоғары технологиялық компанияларды тіркеу, дамыту ісімен айналысатын IT стартаптардың халықаралық технопаркі. Оның негізгі мақсаты – стартап мәдениетін дамытып, нығайту, инновациялық жобалар арқылы ел экономикасын көтеру. Басым технологиялық орталықтар ретінде төрт бағытты атап көрсетуге болады: Блокчейн, 5G, GameDev, SpaceTech. Мақсатты аудиториясы стартаптарға, венчурлық инвесторларға, отандық және шетелдік IT компанияларға, IT саласы мамандары мен әуесқойларға арналған. Статистикаға сүйенсек, елімізде 16 мың IT компания, 182 мың маман бар. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында IT қызмет ел экономикасына 476,8 миллиард теңге алып келген. Демек, өнімді арттыратын өндірушілер де артуы қажет.
Осыған орай Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білікті IT маманды даярлау міндетін қойып, тапсырма берді. Премьер-Министрдің ресми ресурсына сүйенсек, отандық жоғары оқу орындарының IT факультеттеріндегі студенттер саны артып келеді. Сондай-ақ әр өңірде заманауи IT мектептер салу саясаты да жүзеге асырылып жатыр. Ондай мектептер инновациялық экономиканы құруға қажетті кадрлық базаны толықтыра түседі. Президент: «Менің цифрландыру ісіне және инновацияны енгізу мәселесіне баса мән беретінімді баршаңыз білесіздер. Біздің маңызды стратегиялық міндетіміз – Қазақстанды ІТ мемлекетке айналдыру. Цифрландыру ісінде нақты жетістіктеріміз де жоқ емес. Біз электронды үкіметті және финтехті дамыту индексі бойынша әлем көшбасшыларының қатарында тұрмыз. 2026 жылға қарай ІТ қызметтерінің экспортын 1 миллиард долларға жеткізу – Үкіметке жүктелетін жаңа міндет», – деген еді. Сонымен қатар осыған дейін біз барлық саланы цифрландыруға тырыссақ, енді мемлекеттік басқаруды тың жүйеге көшірудің жолдарын қарастыруымыз қажет. Бұл деректер негізіндегі тың технология болуға тиіс. Мәселен, тұрғын үй және басқа да нысандарды салу үшін тиісті шешім сол сәтте қабылдануы керек. Яғни құрылыс болсын, басқа да маңызды секторларда ақпаратты жылдам жаңартып, қажетті шешімді қысқа мерзімде шығаруға мүмкіндік беретін цифрлық платформасыз жұмыс алға баспайды.
Қымбат ШӘРІП, М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің 4-курс студенті