Спорт

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА МҮШЕЛЕРІ 31 ЖОЛДАМА ИЕЛЕНДІ

ҰЛТТЫҚ ҚҰРАМА МҮШЕЛЕРІ 31 ЖОЛДАМА ИЕЛЕНДІ

Франция астанасы Парижде өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының басталуына санаулы айлар қалды. 26 шілде-11 тамыз аралығында өтетін төртжылдықтың басты спорттық жарысына 205 елден 10 мыңнан астам спортшы қатысады деп жоспарланып отыр.

Байрақты бәсекеде 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан құрамасы спорттың 20 түрінен бақ сынауы мүмкін. Қазіргі уақытта Қазақстан спортшыларында Париж Олимпиадасының 11 спорт түрінен 31 лицензиясы бар. Тарқата айтсақ, саңлақтарымыз бокстан – 6, нысана көздеуден – 5, садақ атудан – 4, семсерлесуден – 4, тасжолдағы велоспорттан – 3, қазіргі бессайыстан – 2, таэквондодан 2 жолдама иеленді. Сонымен қатар әйелдер арасындағы бокстан, грек-рим күресінен, еркін күрестен, спорттық гимнастика мен батуттағы гимнастика спортынан бір-бір лицензия бар. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, лицензия санын өңірлер үлесіне бөлетін болсақ, Алматы, Шымкент қалалары және Жетісу облысы үздік нәтижемен көш бастап тұр. Үшеуінің де еншісінде бес жолдамадан бар. Одан кейінгі орындарға ШҚО (4), Астана қаласы (3), Жамбыл (2), СҚО (2), Ақмола (1), Қызылорда (1), Абай (1), Қарағанды (1), Түркістан облыстары (1) орналасқан. Ал қалған өңірлерде Олимпиаданың бірде-бір жолдамасы жоқ. Айта кетсек, Олимпиада ойындарына дейін әлі 50-ден аса лицензиялық жарыс бар. Оның ішінде спортшыларымыз әлем чемпионаттары, Азия чемпионаттары және рейтингтік турнирлерге қатысады.