Жамбыл спортындағы жүргенсіздік
Облысымыздың спорт саласына қатысты «Жамбыл – чемпиондар мекені» деген әдемі теңеу қалыптасып кеткен. Себебі өңірімізден әлемдік ареналарда атой салған талай дүлдүл спортшылар шыққан. Еліміздің, облысымыздың абыройын асқақтатып жүрген саңлақтардың атын атап, түсін түстеп тізбектеп жатудың өзі артық. Дегенмен кейінгі жылдарда даңқы төске өрлеп тұрған Жамбыл спортының даму қарқыны бәсеңдеп бара жатқандай. Себебі қордаланған мәселелер саланың серпінді дамуына мүмкіндік бермеуде.
Жуырда өткен облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты мемлекеттік мекемелерге жүргізілген қоғамдық мониторингтің қорытындысы баяндалды. Кеңес отырысында алдымен білім, денсаулық, спорт, жастар саясаты және халыққа мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша комиссия төрағасы Рахметілдә Рахманбердиев баяндама жасап, мониторинг қорытындысы бойынша анықталған олқылықтарға тоқталды. Спикердің айтуынша, жекпе-жек спорт клубы, №5, №7 спорт мектебі секілді кейбір спорт мекемелерінің директорлары халықаралық жарыстарға Ұлттық құрама командаларының құрамына кірмейтін спортшыларды қатыстырып келген.
Мәселен, 2023 жылдың шілде айында Сочи қаласында каратэ-до шотакан жекпе-жегінен өткен әлем чемпионатына Ұлттық құрама команданың мүшесі емес спортшылар қатысқан. Мұндай заңбұзушылықтардың жиі қайталануы үрдіске айналған. – Мәнсіз коммерциялық іс-шараларға қатысудың маңызды бір себебі – мектептердің рейтингін қолдан көтеру. Мысалы, №5 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің 11 спортшысы Ташкентте өткен әлем чемпионатына қатысқан. Қызығы сол, 11 адам 40 медаль (23-і алтын, алтауы күміс, 11-і қола) еншіліген. Қол күресінен де осы секілді ақылға сыймайтын көрсеткіштер орын алған. Жалпы медаль саны – 124 болса, 58-і алтын, 30-ы күміс, 36-сы қола. Спорт мектептерінде бюджеттен бөлінетін мол қаржыны дұрыс, тиімді пайдалану мәселесінде бақылау босаңсып, мамандардың кәсіби деңгейінің төмендігінен көптеген заңбұзушылыққа жол берілген. Нақтырақ айтсақ, облыс бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің ақпаратына сүйенсек, 2023 жылдың қаңтар-тамыз айларында облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына қарайтын мекемелердің басшылары мен есепшілеріне жалпы сомасы 3 миллион 225,4 мың теңгеге 34 рет әкімшілік айыппұл салынған.
Кейбір мекеме басшылары 7 реттен айыппұл арқалаған, – дейді Рахметілдә Сегізбайұлы. Жамбылдық спорт жанашырларын алаңдатқан мәселенің бірі – «Тараз» футбол клубының соңғы 3 жылда бірінші лигадан шыға алмай жүргені. Талдау нәтижесі көрсеткендей, қате кадр саясатының салдарынан болып отыр. 2020 жылдың маусым айынан 2021 жылдың аяғына дейін клуб директоры болған Т.Тұрлыбай бөлінген 1,2 миллиард теңге көлеміндегі бюджеттен артық 1 миллиард теңгеге міндеттеме қабылдап, клубтың кредиторлық қарызы 2021 жылдың аяғында 1 миллиард теңгені құраған. Содан бері клубтың есепшоты бұғатталған. Бірақ әлеуметтік салдары жоғары болған заңбұзушылыққа бағдарлама әкімшісі – облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасынан ешкім тәртіптік жауапкершілікке, ал клуб директоры Т.Тұрлыбай әкімшілік жауапкершілікке тартылмаған. Сондай-ақ мониторинг нәтижесінде өткен жылы Тараз қаласындағы «Кәсіби жекпе-жек» спорт мектебіндегі әр топта бекітілген 15-16 баланың орнына жаттығуға 7-8 бала келгені анықталған.
Ал грек-рим күресінің бір тобында балаларды күнделікті тіркеу журналы 1 ай бойы толтырылмағаны мәлім болыпты. Соңғы тіркеу 9 қарашада белгіленген, яғни топтың жаттықтырушысының 1 ай бойы балалармен жаттығу жүргізбегені анықталған. Баяндамашы өз сөзінде Тараз қаласында мүгедектігі бар адамдардың денешынықтыру және спортпен тұрақты шұғылдануына қолайлы жағдай жасалмағанын айтып, қала ішінде орталықтандырылған, арнайы мүгедектігі бар адамдарға арналған көпсалалы спорттық нысан жоқ екенін жеткізді. Яғни мүгедектігі бар адамдар спортпен Тараз қаласының әр жерінде орналасқан ғимараттарда шұғылданады. Оларды жаттығу залдарына тұрақты тасымалдауға спорттық клубтан екі шағын автобус қана бөлінген. Өткен жылы іске қосылған денешынықтыру-сауықтыру кешендерінің сапасына топ мүшелерінің қатысуымен мониторинг жасалып, бірқатар кемшілік анықталған. Атап айтқанда, Жамбыл ауданының Гродеково елді мекеніндегі кешенде балалар жуынатын бөлмеде кәріз жүйесі сапасыз салынған. Пайдалануға мүмкіндік жоқ екені белгілі болған. Сонымен қатар аталған ауданның Қарой ауылдық округі, Сұлутөр елді мекеніндегі кешеннің үлкен спортзалын жылытатын пеш бүгінгі күнге дейін іске қосылмапты. Салдарынан жаттығу жүргізілмеген.
Ал екінші жылыту пешінің автоматты түрде қосу-ажырату приборы істен шығуына байланысты пеш үздіксіз жұмыс істеп, бір айда бір жылға жылытуға қаралған қаржы ысырап болған. Шатырдың тесігінен ауа райы жауын-шашын болғанда су сорғалайды екен. Сол секілді Айша бибі елді мекеніндегі күрес кілемі стандартқа сай алынбаған. Яғни кілем қатты және кафельденген еденге төселген. Балалардың күреспен айналысуына өте қауіпті, жарақат алу қаупі жоғары. Мониторинг барысында Жамбыл ауданындағы Түрксіб ауылының тұрғындары 2006-2018 жылдары жеке кәсіпкерден спорт кешенін жалға алып, жыл сайын 3,8 миллион теңге көлемінде жалдау ақысын төлегені мәлім болған. Тұрғындар 2018 жылы 47,7 миллион теңгеге 1976 жылы салынған ғимаратты сатып алған. Алайда ғимараттың қазіргі жағдайы көңіл көншітерлік емес. Аталған нысанды күрделі жөндеуден өткізу үшін жобалық-сметалық құжатты сараптамадан өткізгенде сейсмикалық тұрғыдан өте қауіпті екені анықталған. Сондықтан құрылыс нормаларына сәйкестендіріліп, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 500 миллион теңге көлемінде қаржы бөлу экономикалық тұрғыдан тиімсіз екендігі жөнінде қорытынды берілген. Нәтижесінде ғимарат 2019 жылдан бері жабық. Ешқандай жаттығу өткізілмейді. Аталған мәселе арнайы тексеріс жүргізуді талап етеді. – Бұдан басқа да спорт мектептеріне қатысты көптеген кемшілік әшкере болды. Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі 7 олимпиадиалық спорт түрі бойынша спортшыларды дайындайды. Облыс әкімдігінің 2020 жылғы №33 қаулысы негізінде «Жамбыл облысы әкімдігінің денешынықтыру және спорт басқармасы олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» мекемесі болып атауы өзгертілген. Яғни колледж мәртебесі берілген. Бірақ тиісті лицензияның жоқтығынан колледж жұмысын бүгінгі күнге дейін бастамаған. Лицензияны алу үшін қазіргі мектеп-интернат-колледждің материалдық-техникалық базасы сәйкес келмей отыр. Қазіргі таңда мектеп-интернат-колледжде 197 оқушы білім алуда.
Оның 160-ы ауылдан келген жасөспірімдер. Бірақ облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының меншігіндегі ғимарат оқу процесін ұйымдастыруға жарамсыз, жатақхана жоқ. Спорт қауымдастығын, жаттықтырушыларды толғандырған тағы бір мәселе – барлық спорт мектептерінің спорт түрлерін біріктіріп, топтастыру әдісіне көшкені. Топтастыру мектептер арасындағы бұрынғы бәсекелестікті әлсіретті. Мысалы, Тараз қаласында әр спорт түрін бір-бір мектепке топтастырудың салдарынан қалалық спорт турнирлерін өткізу мүмкін болмай қалды, – деп сөзін түйіндеді Рахметілдә Сегізбайұлы. Мұнан соң облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков аталған кемшіліктермен толық келісетінін айтып, кейбір мәселеге қатысты түсіндірме беріп өтті. – Баяндамада айтылған мектептердің рейтингін қолдан көтеру мәселесіне қатысты жағдайды түсіндіруді жөн көріп отырмын. Расында, №5 облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері Ташкентте өткен әлем чемпионатынан 40 медаль жеңіп қайтты. Қол күресінен де көрсеткіш тура осындай. Барлығын қосқанда жалпы медаль саны – 124.
Бұл жерде бір ескере кетерлігі, аталған спорт түрлерінің өзі бірнеше түрге бөлінеді. Балалар чемпионат кезінде каратэ-до шотакан мен қол күрестің бірнеше түріне қатысқандықтан осындай нәтижеге қол жеткізіп отырмыз. Алған медальдардың барлығы да заңды. Ал өзге мәселелер жөнінде айтылған сын-ескертпелермен толықтай келісемін, олқылықтардың орнын толтыру үшін тиісті жұмыстарды атқарамыз, – деді Нұржан Қырықбайұлы. Сонымен қатар жиында бассейн үйірмелерінде қазақ балалары еркін жаттыға алмайтыны, кейбір спорт үйірмелерінде қауіпсіздік ережелері сақталмайтыны, жаттықтырушыларды алалау жиі орын алатыны сөз болды.
Басқосу соңында кеңес мүшелері қоғамдық мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар берді. Сөз соңында айта кетсек, облыс әкімдігі денешынықтыру және спорт басқармасына қарасты 53 мекеме жұмыс атқарады. Аталған спорт мекемелерінде 29 862 спортшымен тұрақты түрде 1 122 жаттықтырушы жұмыс жүргізеді. Қазіргі таңда облыста спорттың 83 түрі қамтылған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша облыста жүйелі түрде спортпен шұғылданушылар қатары 492 мың адамға жеткен. Бұқаралық спорт жұмыстарына тың серпін беру мақсатында облыс тұрғындарын денешынықтыру және спортпен жүйелі айналысуға тарту үшін өңірде былтыр спорт нұсқаушыларының саны 280-ге көбейген. Нәтижесінде шалғай елді мекендерде ұйымдастырылған спорттық іс-шаралардың саны ұлғайып, сапасы жақсарып және қатысушылары артқан.
Бұл өз кезегінде облыста бұқаралық спорттың дамуына ықпалын тигізген. Былтыр 3 908 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, 282,3 мың адам қамтылыпты. Спортты дамыту мақсатында былтыр 22 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп, 10 спорт кешені қолданысқа беріліпті. Ал қалған 12 спорт кешенінің құрылысы биыл аяқталады. Сонымен қатар былтыр 71 спорт алаңшасы ашылған. Бүгінде өңірде 2 244 спорт нысаны жұмыс істеп тұр.
АҚТОТЫ ЖАҢАБАЙ