Насыбайдың зияны жайлы не білеміз?
Таяуда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың көкейінде жүрген, ұлттың болашағына ықпал ететін елдік мәселелерді көтеріп, алдағы уақытта қай салаға басымдық берілуі керектігін анықтап берді. Президент: «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар – қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», – деді.
Орынды айтылған сөз. Ел ағалары, зерек ойлы қариялар, ардагерлер кеңесі қоғамдағы келеңсіз мәселелерді шешуге, теріс пиғылды топтардың, діни ағымдардың қитұрқы іс-әрекеттеріне тосқауыл қоюға, жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеуге барынша батыл араласуы керек. Қасым-Жомарт Кемелұлы қазіргі жастардың денсаулығына алаңдайтынын білдіріп: «Мен былтырғы құрылтайда балалар мен жастардың денсаулығына, яғни тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан вейптердің таралуына тосқауыл қою үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін айттым. Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін.
Президент айтқандай, қазіргі жастар арасында нашақорлық, құмар ойынмен әуестену, темекі шегу, насыбай ату белең алып бара жатқанын мойындауымыз керек. Насыбай қаламыздағы орталық базарды былай қойып, үлкен сауда орталықтары мен дүкен-дүңгіршектерде емін-еркін сатылуда. Кез келген үйдің бұрыш-бұрышында шемішке мен құрт, басқа да ұсақ-түйек саудалап отырғандардың қасынан насыбайды да көзіміз жиі шалады. Арнайы қалташаларға салынып, ашық саудаланып жатқан насыбайдың қалай жасалып, қайдан келіп жатқандығын ойлап бас ауыртып жүргендер шамалы. ... Жақында алдыма дәрігерлік кеңес алуға жастайынан жесір қалған бір жас келіншек келді. Жүзі сынық, қабағында күйзеліс пен ауыртпашылықтың ізі бар. Отау құрғандарына екі жыл толмай 22 жасында күйеуі кездейсоқ жол апатынан көз жұмыпты. Қолында бір жасқа толмаған сәбиі, іште тағы бір шақалағы қалыпты. Жылап-сықтап, әзер дегенде есін жиып, тағдырдың жазғанына көніп, екі сәбиін ешкімге тәуелді етпей, барынша аялап өсіріпті. Ұлын Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжіне, ал қызын Жамбыл жоғары медициналық колледжіне оқуға түсіріпті. Қала тіршілігі ауылдан ерекшеленіп тұратыны белгілі ғой. Ұлы бірінші курсты аяқтап, екінші курсқа көшкенде қатар жүрген замандастарына еліктеп, насыбай ата бастағанын байқапты. Баласының болашағына алаңдаған анасы: «Айналайын, балам-ау! Насыбайды кімнен үйрендің? Денсаулығыңды бұзасың. Әлі жассың, сол пәлеге әуестенбеші. Болашағыңды ойла, ботам. Сенен үлкен үміт күтіп жүргенімді білесің. Ақылға кел, ойлан», – деп, насыбайдың денсаулыққа зиян екенін, қасіретін түсіндіреді.
Сонда басын изеп отырып баласы: «Мама, насыбай атуды тастаймын десем бүгін-ақ тастаймын. Бірақ қасымда жүргендердің барлығы насыбай атады. Достарымның арасында «ақ қарғадай» болып қалай жүремін. Ойланыңызшы...», – деп өзіне қарсы сұрақ қойыпты. Анасы байғұс сол сәтте не айтарын білмей сасыпты. Сөйтіп, әбден басы қатқан анасы дәрігердің алдына келіп отыр. – Сіз көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі дәрігерсіз. Баратын жерім, басатын тауым, ақылдасатын адамым жоқ болғасын сізге келдім. Маған қандай ақыл айтасыз? Балама насыбайды қалай қойдырамын? – деп сұраулы жүзбен қарады. Шынымды айтайын, бейтаныс ананың сұрағы ойландырып тастады. Қапелімде не айтарымды білмей сасып қалдым. Барынша білгенімді айтып, түсіндіріп жібергендей болдым. Бірақ жауабыма шарасыз келіншектің көңілі толды ма, жоқ па, біле алмадым... Осы оқиғадан кейін ой қуып, біраз іздендім. Осы ретте зерттеп, зерделей келе, қол жеткізген мәліметтерімді оқырмандармен бөліскенді жөн көрдім. Ертеде тек оңтүстік аймақтарда сатылатын, тек ересектер пайдаланатын насыбай бүгінде еліміздің барлық аймағына жеткен. Жетіп қана қойған жоқ, нас екенін аты айтып тұрса да ер азаматтардың құмар басатын кәдесіне айналды.
Дәрігерлер арнайы ғылыми талдау, зерттеу жүргізіп, мәліметтерді сараптай келе, насыбайдың адам денсаулығына тигізетін зияны көп екеніне көптің көңілін аударды. Содан кейін барып тыйым салу туралы мәселе қозғала бастады. Жалпы дәрігер мамандардың айтуынша, насыбайдың құрамына никотин, синиль қышқылы, көмір қышқылы, сірке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе рагына ұшырататын әртүрлі радиоактивті қоспалар қосылады. Әрі насыбай ату адамның жасын қысқартады. Ауыз қуысы, ас қорыту жүйесі қатерлі ісігіне ұшырайды. Өмір сүруге, еңбек етуге, отбасын асырауға деген ынта-ықыласты азайтады.
Тыныс алу жолдары қабынады. Ұдайы насыбай ату ұйқысыздыққа әкеліп соғады. Тамаққа деген тәбетті жойып, адам ағзасы әлсірейді. Ал әйелдер насыбай атса, ішіндегі баланың денсаулығына зияны тиеді. Одан бөлек насыбай ататындардың 80 пайызының ауыз қуысы, ас қорыту жүйесінде ісік пайда болады. Өзбекстан онкологтарының мәліметтері бойынша, 80 пайыз ерін рагымен зардап шеккендер насыбайды қолданған. Сондай-ақ насыбайға психотроптық заттарды қосу психикалық бұзылуларға және жеке бастағы өзгерістерге апарады. Адамның есте сақтау қабілеті нашарлайды, үнемі шала ессіз күйде жүреді. Насыбайдың құрамындағы ауыр металдар бауыр мен бүйрекке зиянын тигізіп, олардың қызметін бұзады. Насыбай пародонтоз, кариес секілді тіс ауруларын туғызады. Мұнан бөлек ауыз қуысындағы тамырларды өлі тамырға айналдырып, асқазанды құртады. Қырғыз Республикасының Ұлттық ғылым академиясы ғалымдарының айтуынша, насыбай бедеулікті тудырады екен. Бұл факт көп жылғы зерттеулермен дәлелденген. 50 ер адамға жүргізілген зерттеу нәтижесінде насыбай сперматозоидтардың өз мөлшерінде бөлінуіне кедергі келтіретіні анықталды. Мұндай жағдайларда репродуктивтік функцияның бұзылуы қайтымсыз процесс болып табылады. Қауіптілігі де осында – бұл насыбайды алғашқы қабылдағаннан кейін де пайда болуы әбден мүмкін.
Сондықтан насыбайдан аулақ болған жөн. Сонымен қатар кейбіреулер насыбайға тауықтың саңғырығын, әктің суын, қара ағаштың смоласын қосып әзірлейді. Мұның қай-қайсысы да өте зиянды. Тіпті жай ғана тауықтың саңғырығын жеп қойған қойдың бір сағаттың ішінде өліп қалатыны белгілі. Қара ағаштың смоласының зияны да тауықтың саңғырығының уынан кем емес. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, қазіргі қоғамның үлкен дертіне айналған нашақорлық пен ішімдікпен күресу жұмыстары бірде бәсеңдеп, бірде қарқын алып, әйтеуір қал-қадірінше жүріп жатыр. Үкімет елімізде темекі бұйымдары мен алкоголь өнімдерін кәмелетке толмағандарға сатуға тыйым салды. Соңғы уақытта мектеп жасындағы балалардың насыбайға құмарлығы көпшілікті ойлантып жүрген болатын. Мәнді мәселеге жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев нүкте қойды.
Ендеше насыбай атуды жастар арасында, оның ішінде мектеп жасындағыларға мүлдем тыйым салатын уақыт жеткен сияқты. Ол үшін арнайы заң қабылдап, оның талаптарының орындалуына қатаң көңіл бөлгеніміз жөн. Ресей Федерациясында, Түрікменстанда, АҚШ-та насыбай сатуға заңмен тыйым салынған екен. Насыбайды тасыған және сатқан адамдарға айыппұл салынып, ол тағы қайталанса, бас бостандығынан айыруға дейін баратын көрінеді. Бізге де сондай заң ауадай қажет болып тұр. Халқымыз ежелден-ақ «Денсаулыққа зор кесел, үйрете көрме аузыңды, насыбай мен шылымға» деген екен. Ұлы ойшыл Сократтан кезінде «Адамға өмірде не қымбатырақ? Байлық па, атақ па, даңқ па?» деп сұрапты. Сонда Сократ: «Байлық та, атақ та, даңқ та адамды шын бақытқа кенелте алмайды. Дені сау кедей ауру патшадан бақыттырақ», – деп жауап беріпті. Яғни адам бақытты болу үшін оған денсаулық керек, ал денсаулық кепілі – салауатты өмір салтын ұстану. Сондықтан жастар денсаулыққа кері әсер ететін зиянды әдеттерден аулақ жүрсе жарар еді. Олар біздің ертеңіміз емес пе?!
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Тараз қаласы