Жамбыл жаңалықтары

Облыс әкімі азаматтарды қабылдады

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.

Қабылдауға Тараз қаласынан және Мойынқұм, Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жамбыл, Талас, Сарысу ауданынан және онлайн байланыс арқылы Астана қаласынан жазылған азаматтар бірқатар мәселе көтеріп, өтініштерін жеткізді. Атап айтсақ, Мойынқұм ауданының тұрғыны Насихат Шикетаева аудандағы мүгедек балаларға арналған мектеп жұмыс істемей тұрғанын жеткізіп, тиісті шара қолдануды сұрады.

Ал тараздық Ермекбай Жолымбетов Сарысу ауданы, «Түгіскен» кеңшарын 28 жыл басқарған Сейітжан Тасыбаевтың есімін Тоғызкент ауылындағы мектепке беру туралы ұсынысын білдірді.Қабылдауға жазылған басқа да азаматтар баспана алу, жұмысқа орналасу, әлеуметтік көмек, мемлекет тарапынан бөлінетін грантқа қатысты мәселелерді көтерді.

Облыс әкімі азаматтардың өтініштеріне жіті көңіл бөліп, барлық мәселе заң аясында қарастырылатынын атап өтті. Бірқатар өтінішті жан-жақты зерделеу үшін жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі