Саясат

Қай салаға да адал адам қажет

Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау қаласында өткен үшінші Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзін немерем республикалық «Egemen Qazaqstan» газетінен дауыстап оқып берді. Президенттің «Адал адам – Адал табыс – Адал еңбек» атты баяндамасын өте жылы қабылдадым.

 Ең әуелі дәстүрлі басқосудың мән-маңызына кеңірек тоқталып, еліміздегі әлеуметтік-экономикалық, шаруашылық және идеологиялық мәселелердің барлығына мән беріпті. Мәселенің мән-жайын айтып қана қоймай, олардың ортақ шешімі туралы пікірін көп талқысына салыпты. Әсіресе ана тіліміздің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілін жаһандық ғылым тіліне айналдыру туралы ұсынысы – ұлттық патриотизмнің биік шкаласы деп білемін.

Енді құрылтайдың басты тақырыбына арқау болған Президент айтқан «ажырамас үш ұғымға» азаматтық талдау жасап көрейік. «Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам.

Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыру керек. Әрбір адам «Адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды», деді Мемлекет басшысы. «Көкірегі – сезімді, көңілі ойлыға – бәрі анық» демекші, Президент азаматтардың бойынан тек адалдық пен ұлттық рухани байлықтың қалыптасқан иммунитетін көргісі келеді.

Бұл пікірі дана Абайдың «Толық адам» концепциясына сүйене отырып айтылған сынды. Қай салада болмасын мамандыққа деген адалдық әрқашан бағаланған. Мәселен, мен құрылыс саласында табан аудармай қызмет істедім.

Еліміздегі санаулы моноқалалардың бірі – Жаңатас қаласының іргетасын қаладық. Таулы-қырлы жазық дала көз алдымызда үлкен көпқабатты үйлері бар қалаға айналды. Міне, осы ауданда өсіп-өніп, еңбегіміз ескерусіз қалмады. Елге сыйлы Құрметті азамат атандық. Немере-шөбере сүйіп, үлкен шаңырақтың тұтқасын ұстадық. Бұл да сол мамандыққа, отбасыңа, адал жарыңа деген адалдықтан болса керек. Президент айтып отырған «өнегелі өмір жолы» дегеніміз – осы.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы өскелең ұрпақты дұрыс тәрбиелеу мәселесіне баса мән беру қажеттігімізді айтыпты. Иә, жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет. Яғни шын мәнінде озық ұлт болу үшін жақсылыққа ұмтылумен қатар, еліміздің өсіп-өркендеуіне кедергі болатын жаман әдет, жағымсыз қылық және қауіпті кеселден құтылуымыз керек. Саналы тәрбие – болашаққа құйған негізгі капиталымыз екенін ұмытпайық!

Оңласын Елеуқұлова,

 Сарысу ауданының Құрметті азаматы