МОЛ МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШҚАН КОНКУРС
МОЛ МҮМКІНДІКТЕРГЕ ЖОЛ АШҚАН КОНКУРС
Қазылар алқасының шешімімен 509 оқушы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен марапатталды. І дәрежелі дипломмен – 65, ІІ дәрежелі дипломмен – 124, ІІІ дәрежелі дипломмен – 192, сондай-ақ арнайы грамотамен 128 оқушы марапатталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев қатысушыларды конкурстың сәтті аяқталуымен құттықтап, жеңімпаздарды марапаттады. Тәуелсіз еліміздің болашағы – білімді ұрпақ. Сондықтан мемлекетіміз білім беру саласын дамытуға әрқашан үлкен көңіл бөліп, қамқорлық жасап отырады. Оған сіздердің білім, ғылым жолындағы алғашқы табыстарыңыз дәлел бола алады. Әрине, бұл – ең алдымен үлкен ізденіс пен еңбектің нәтижесі. Сондықтан сіздерді осындай деңгейге жеткізіп, тәрбиелеген ата-аналарыңызға, ұлағатты ұстаздарыңызға зор алғысымды білдіремін. Биыл Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлының тікелей бастамасымен ауыл мектептерінің оқушыларына арналған республикалық олимпиада өтті. Олимпиаданың бірінші кезеңінде 75 000-ға жуық оқушы бақ сынаса, республикалық кезеңге 740 оқушы қатысты. Бүгінгі күні олар «Дарын» сырттай олимпиадалық мектебінде білім алуда. Сондай-ақ 65-і наурыз айында өтетін жалпы білім беретін республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңіне жолдама алды. Ол шешімнің негізгі мақсаты – ауыл мен қала оқушыларының арасындағы алшақтықты теңестіру, – деді төраға. Сонымен қатар конкурс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының 44 ректорлық білім гранты табысталды. Байқауға қатысушылардың әрқайсысына оқуда да, өмірде де жаңа жетістіктер тілеймін. Сәттілік пен табыс серік болсын! – дейді республикалық ғылыми жобалар конкурсы қазылар алқасының төрағасы Ахан Бекманұлы. Айта кететін тағы бір жайт, жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша топ жарған ең үздік жобалар АҚШ-та өтетін «Regeneron ISEF – 2024» дүниежүзілік Ғылым және техника көрмесіне Қазақстанның атынан қатысады.
«AR-AI»-ақпарат