Дін

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОРАЗА ҰСТАУЫ ДҰРЫС ПА?

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОРАЗА ҰСТАУЫ ДҰРЫС ПА?

Жыл сайын ораза айы басталысымен «Сәресіні ішпей қалсам ары қарай ауыз бекіте берем бе?», «Ауызды шайса ораза бұзыла ма?», «Түкірік жұтуға бола ма, болмай ма?» деген секілді сұрақтармен қоса, «Оқушылар неге ораза ұстайды?», «Ашығу жас балалардың ағзасына зиян шығар?» деген сауалдардың да қарша борайтыны бар. Көпшілікті мазалаған сұрақтарға байланысты БАҚ беттерінде талай мақалалар жарияланып, әлеуметтік желілерде де талқыланды. Ал Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушылардың ораза ұстауына қатысты түсіндірме беріп, оразаны себеп етіп, әркімнің өзіне жүктелген жауапкершілікке немқұрайды қарауына болмайтынын мәлімдеді. Тіпті Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы сұхбаттар да берген болатын. 

ҚМДБ төрағасы оқушылардың ораза ұстауына қатысты берген сұхбаттарының бірінде: «Шариғат бойынша балиғат жасына толған, дені сау адам ораза ұстауға міндетті. Ал балаларға келсек, егер балиғат жасқа толмаса, міндетті емес. Ораза ұстау, намаз оқу – біреуге көрсету үшін жасалатын құлшылық емес. Мен өзім он жасымнан бастап ауыз бекіткенмін. Ол кезде тіпті ата-анамыз ораза ұстамайтын. Алғашында үш күннен бастап, кейін толықтырып ұстап үйрендік. Яғни балиғат жасына толмастан ұстадық. Егер бір бала балиғатқа толмай ұстаймын десе, денсаулығына зиян келмесе, басқа да қиыншылықтар тудырмаса, оны жазалау да дұрыс емес. Бізге «мектепте ұйықтап жатты» деп хабарласқан адамдар болды. Әрине, бала әлсіресе, сабағы дұрыс болмаса, өзі балиғат жасына толмаса, олай (ораза ұстатып – авт.) баланың денсаулығына зиян тигізу дұрыс емес. Ал балиғат жасына толған адамға ораза ұстау қиындық тудырмайды», – деген еді. Дегенмен бұл мәселе қоғамда әлі де қызу талқыға түсуде. Қолдайтындар да, қарсылық танытушылар да бар. Осыған байланысты біз тұрғындар арасында сауалнама жүргізіп көрген едік. Тараз қаласының тұрғыны, 4 баланың анасы Мөлдір Болатханқызының үлкен балалары ауыз бекітеді. Көпбалалы ана Алланың парызын орындаймын деген балаға рұқсат бермеудің өзі дұрыс емес екенін айтады. – Екі ұлымның үлкені 12 жаста. Балиғат жасына толып отыр. Биыл ауыз бекітті. Одан кейінгісі 9 жаста. Екінші ұлым да маған, ағасына ілесіп ораза ұстады. Екеуі де мектептен тыс спорттық үйірмеге қатысады. Сабақ үлгерімдері жақсы. Ораза еш кедергісін келтірмеді. Әрі өзім де «маған мектептен ешқандай шағым түсуші болмасын» деп ескерткенмін. Қазіргі балалардың көзі ашық. Ораза амалының сауабын, парыздың орындалуы мұсылман міндеті екенін біледі. «Ауыз бекітейін» деген соң қарсылық білдірмедім. Кіші қызым да алдында 1-2 күн бекітіп жүріп, ашып жіберді. Екінші ұлым да көп өтпей ашты. Ұл-қыздарыма ораза ұста немесе ұстама демеймін. Үйде әкесінің, менің ауыз бекітіп, сәресі ішіп, ауызашар беріп жүргенімізді көріп өсті. Олар үшін бұл қалыпты жағдай. Осы жастағы балалар темекі, насыбай тұтынып, бұзақылық жасап жатады ғой, – дейді Мөлдір Болатханқызы. Ал Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның химия пәнінің мұғалімі Сәуле Таңатарова жас балалардың ауыз бекітуін құптамайтынын айтады. – Қазір оқушылардың бәрі ауыз бекітіп, ораза ұстайды. Құдай өзі кешірсін, бірақ оқушылардың ораза ұстағанын қаламаймын. Олар әлі жас, енді жетіліп жатыр. Асқазандары ауырып қала ма деп ойлайсың. Ұйқылары келеді. Ораза ұстайтын уақыт әлі алда. Мұсылманның бес парызының бірі екенін түсінеміз. Дегенмен мектептің оқушыларына ерте сияқты. Құдай өмір берсе, жастары келіп, толысқанда ораза ұстаса да болады ғой деп ойлаймын. 7,8,9-сыныптың оқушылары ауыз бекітеді. Қазір төменгі сыныптың оқушылары да ұстайды екен. Оразаның не екенін олар әлі түсінбейді де ғой. Баяғыда советтік кезеңде апамыз ауыз бекітіп, намаз оқитын. Түнде сәресіні ішуге бізді оятатын. Жалғыз өзіне батпайды-ау. Ұйқымызды аша алмай отыратынбыз. Бізді мәз қылып, кәмпитін беріп қоятын. Бірақ біз ораза ұстаған жоқпыз, – дейді Сәуле Таңатарова. Тараз қаласындағы №12 Керімбай атындағы мектеп-гимназияның директоры Мұрат Тұрысбек те оқушылар оразаны түсініп барып ұстаса деген пікірін білдірді. – Ауыз бекітіп, ораза ұстау – бес парыздың бірі. Бірақ балиғат жасына толмаған балаларға ораза ұстау міндеттелмейді шариғатта. Жалпы оқушыларға ораза ұстауды міндеттеудің керегі жоқ деп ойлаймын. Оқушы оң-солын танып, оразаның негізгі мақсаттары мен міндетін түсінгенде ауыз бекітсе болады, – дейді М.Тұрысбек. Десе де дін өкілдері оразаның медицина саласында пайдалы екені ғылыми тұрғыда дәлелденгенін алға тартады. Тіпті бұл тақырыпты түпкілікті зерттеп, дәлелдеп, Нобель сыйлығын алғандар да бар екені белгілі. – Шариғат пендеге көтере алмайтын жүкті жүктемейді. Шариғатта балиғат жасына толғаннан кейін құлшылық міндетті дейді. Сондықтан бұл жерде Алланың парызы тұрған кезде адамның жанының ашуын қоя тұрған абзал. Өйткені адамға Алладан артық ешкімнің жаны ашымайды. Яғни баланың диагнозын әке-шешесінен артық біледі. Сол себепті балиғат жасқа толғаннан кейін баланың ата-анасы керісінше тақуалығымен жұмыс істеп, оразасын ұстатуы керек. Ал енді оразаны ұстадым екен деп ол оқушы да ұстаздарға міндетсінбеуі керек. Өйткені ораза – көзге көрінбейтін құлшылық. Егер мектепте бала намаз оқыса көзге түсіп, оған оқыма деуі мүмкін. Ал егер оразаны өзі білдірмесе, ол білдірілмейтін құлшылық. Ораза – Құдай менен пенденің арасында сыр болған, мақтангерлік араласпайтын құлшылық. Сондықтан оқушы өзі ұйықтап, маужырап, мұғалімге білдірмейтін болса, оразаның сабаққа кедергісі жоқ. Сондықтан ұстаз оқушының ораза екенін білсе, мұсылманшылықпен оны жасырып, қайта ауыз бекітушінің жағдайын жасағаны абзал, – дейді облыстық «һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Нұралы Бақытұлы. Шариғат бойынша дені сау адам ораза ұстауға міндетті. Алланың парызы балиғат жасқа толған әрбір пендеге, оның ішінде оқушыларға да орындалуы тиіс парыз амалы болып есептеледі. Сондықтан сауабы мен сабағын қатар алып жүрген оқушылардың саны артса дейміз.

Айжан ӨЗБЕКОВА