Жаңалықтар

БІР ӘУЛЕТТЕ БЕС БІРДЕЙ ТІС ДӘРІГЕРІ БАР

БІР ӘУЛЕТТЕ БЕС БІРДЕЙ ТІС ДӘРІГЕРІ БАР

«Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер»... «Иә, тегіне тартпай ұл тумас деген» осы... Пернебек Елубаевтың тіс емханасына келіп, кезегін күткен кез келген кісінің екеуара әңгімесі осылай өрбиді. Отбасылық кәсіпті жалғаған білікті дәрігердің ісіне қызыға да, қызғана да қарайды.

Жамбыл ауданының Құмшағал ауылдық округіне қарасты Казарма ауылының тұрғындары тіс дәрігерлері династиясы Елубаевтар отбасын тегіс таниды. Бас ауырып, балтыры сыздағаны да, түн ортасы тіс ауырғаны да жан сауғалап осы шаңырақтың табалдырығын талай аттаған. Дертіне дауа, еміне шипа тапқандардың оларға алғыстан басқа айтары жоқ. Жақында көптің батасымен көгерген ақ халатты абзал жандармен тілдесудің сәті түсті. Отағасы Пернебек Елубаев – отыз жылдық еңбек тәжірибесі бар тіс дәрігері. Көпбалалы қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген ол машақаты көп маман иесі болуды бала күнінен армандайды. Осылайша орта мектепті үздік тәмамдап, 1979 жылы Алматы мемлекеттік медициналық институтына оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтайды. Ең алғашқы еңбек жолын Жамбыл аудандық Жасөркен ауылында бастаған жас маман тісі ауырған талай адамды емдеп жазды. Алдына ағалап келгенінің де, көз жасын көлдеткен баланың да езуіне қайта күлкі сыйлады. Ол өз ісінен әрдайым ләззат алады. Ал Пернебек Сейсенұлы: «Егер адам өзінің кәсібінен рақат табатын болса – өз денсаулығына пайдасы зор», – дейді. Тиісінше адам баласының ұзақ өмір сүру сыры да сонда болса керек. Ол кіндігінен тараған төрт бірдей ұл-қызын да өз кәсібіне баулыды. Ешбірін қатарынан қалдырмады. Бәрін бірдей оқытты. Қызанақ қызанаққа қарап қызаратыны сынды, Пернебектің балалары да бұл салаға бейім болып шықты. Медицинада адамның 32 тісі 64 ауруға себепші дейді. Расында, алпыс екі тамыр ұштасқан жүйке жүйесі тікелей тіске байланысты. Сондықтан тіс емдеу батылдықтан бұрын, табандылықты талап етеді. – Біздің ауыл адамдары күні бүгінге дейін егіншаруашылығымен, соның ішінде пияз өсірумен күнелтіп келді. Әлі де солай. Ұлы Отан соғысы тұсында аймаққа жер аударылған кәрістерден осы кәсіптің қыр-сырын әкелеріміз үйренген. Білгенін бізге де үйретті. Кәсіп дегеннен шығады, тоқсаныншы жылдары ауылда Зайдан, Байдан дейтін ағайындылар болатын. Таңнан қара кешке дейін отбасымен егін басында жүретін. Қара күзде елден көп өнім алатын да солар. Осыдан кейін келешекте отбасылық кәсіппен айналысуды ойға алдым. Тіс дәрігері мамандығына балаларымды да баулуға бекіндім. Өздерінің сүйікті кәсіптері болса, беттерін қақпауды жөн санадым. Мәселен, екінші ұлым Досжан ата жолын қуып диқаншы болды. Есесіне келінім Шынар тіс дәрігері (күліп). Менің ойымша, балаға бейіміне қарай бағыт-бағдар берген дұрыс. Бірақ оның жеке пікірімен санасу керек. Өзінің «мені» жоқ адам тұлға болып қалыптаса алмайды. Қазір жұбайым Қызбала екеуміздің келін жұмсап, немере сүйіп отырған жайымыз бар. Олардан «Келешекте кім боласың?» десеңіз, қазірден тіс дәрігері болғысы келетінін айтады. Осы жауаптан-ақ өзімнің текке талпынбағаныма қуанамын, – дейді Пернебек Сейсенұлы. Тіс дәрігерінің табысы да қиындығына қарай қомақты. Пернебек балаларымен бірге отбасылық жиған-терген қаражатқа жеке емхана ашып, шетелден соңғы үлгідегі қажетті техникалар сатып алыпты. Тіршілігі бір отбасының тірлігі тындырымды. Үлкен ұлы Рысжан тапсырыспен тіс жасаса, інісі Қуаныш балалардың тісін емдейді. Ал кенже қарындастары Жансая әкесіне қолғабыс жасайды. Үйде тату отбасы, жұмыста ұйымшыл ұжымға айналған жанұяға сырт көз сүйсініп қарайды. Күніге кем дегенде 30-40 емделуші қабылдайтын емханаға адамдар ұзын сонар кезекке тұрады. Себебі емхананың қызметі сапалы және құны қарапайым халықтың қалтасы көтеретіндей. «Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып», етене тірлік жасаған тіс дәрігерлерінің шаңырағына шаттық тіледік. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі...»

Нұрсұлтан Рахымбай