НИЕТ КЕРЕК, NEET ЖАСТАР!
НИЕТ КЕРЕК, NEET ЖАСТАР!
Елімізде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауында жиі айтады. Тіпті Президент жуырда ғана Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда да осы мәселе төңірегінде кеңірек сөз етіп, өскелең ұрпақты «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» принципін берік ұстануға шақырды. Осылайша соңғы жылдары қоғамдағы қолданыс аясы кеңейген «NEET» ұғымы мен аталған санатқа жататын жастардың үлесін неғұрлым азайтуға қатысты адамгершілік пен ізгілік қағидаттарына негізделген ұтымды ұсыныстарын алға тартты.
ҚОҒАМНЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ
Әуелі «NEET» сөзінің шығу тарихы мен мән-мағынасын түсіндіріп өтейік. Бұл – Not in Education, Employment or Training, яғни ағылшын тілінен аударғанда «білімі, жұмысы немесе кәсіптік даярлығы жоқ» деген мағынаны білдіреді. Бұл ұғым алғаш рет Ұлыбританияда қолданысқа еніп, өткен ғасырдың екінші жартысында әлем елдерінің ортақ проблемасы ретінде танылған. ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының осы жылдың ақпан айындағы соңғы мәліметіне сүйенсек, елімізде 18-35 жас аралығындағы өрендер саны 5,7 миллионға дейін өскен. Ал жалпы NEET жастардың үлесі 7,1 пайызды (379,37 мың адам) құраған. Президент тапсырмасына сәйкес өткен жылы Үкімет NEET жастардың үлесін азайтуға бағытталған мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған қаулысын қабылдады. Жеті бірдей бағытты дамытуға арналған тұжырымдамада халықаралық тәжірибеге шолу жасалып, нақты мақсат-міндеттер қойылған. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының ресми мәліметінше, облыста 1 миллион 200 мыңнан астам халық тұрса, 354 мыңнан астамы жастар екен. Яғни жастар облыс халқының 29,1 пайызын құрайды. Ал жастардың 147 955-і (41,8 пайыз) қалада, 206 084-і (58,2 пайыз) ауылдық елді мекендерде тұрады. Облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхардың айтуынша, былтыр жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға төмендеп, 5 119 жас тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Сондай-ақ жүйелі жұмыс нәтижесінде 2023 жылы уақытша бос жүрген NEET санатына жататын 8 460 жас кәсіптік білім алып, қалаған жұмысына орналастырылған. Сондай-ақ жауапты мекеменің ұйымдастыруымен биылғы жыл басынан бері жастарға жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша бағыт-бағдар беру және жергілікті деңгейде әлеуметтік мәселелерін шешу мақсатында 37 қоғамдық тыңдау өткізілген. Сонымен қатар халық көп шоғырланған қоғамдық орындарда 59 ақпараттық кеңес беру алаңы ұйымдастырылып, оған 1 461 жас тартылған. Мұнымен қоса облыстық жастар ресурстық орталығы мен мансап орталығы бірлесе отырып барлығы 24 бос жұмыс орнының жәрмеңкесін ұйымдастырған. Жалпы саны 431 жұмыс беруші жәрмеңкеге келушілерге 1 356 бос жұмыс орнын ұсынған. Нәтижесінде әлеуметтік жұмыс орындарына – 5, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасына – 51, тұрақты жұмыс орындарына 49 жас жолданған.
«ZHAS PROJECT» – ЖАҢА МҮМКІНДІК»
Жоғарыда атап көрсетілген мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасының жеті бағытының бірі – жастардың әлеуеті мен кәсіпкерлігін іске асыру. Маңызды құжатта «Жастар – өмірдегі кез келген өзгерістерге жедел жауап беретін қоғамның ең белсенді бөлігі. Осыған байланысты жастар кәсіпкерлігі жастарды әлеуметтендірудің маңызды тетігі және әлеуметтік лифт ретінде әрекет етеді» деп тарқатып жазылған. Осы ретте биыл елімізде NEET санатындағы жастарға «Zhas project» жобасы аясында 280 грант қарастырылып отыр. Бұл туралы жуырда ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен өткен брифинг барысында айтқан болатын. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Теміржан Ізтілеуовтің айтуынша, жоба аясында өткен жылы арнайы комиссияның шешімімен бизнес жобасы үздік деп танылған 8 жамбылдық қайтарымсыз грант ұтып, жеке кәсіптерін ашқан. – Қазіргі таңда 8 грант иесі әртүрлі сала бойынша бізге ұсынған әу бастағы бизнес жоспарларына сәйкес жұмыстарын жүргізуде. Атап айтқанда, Әсима Ұлтанбаева есімді бәрінен де ұлттық мүддені жоғары қоятын азамат қоғамның, әсіресе жастар арасында өзекті болып тұрған құмар ойындарға қарсы «GameSmart: Smart Play – Тәуелсіздік өмір сүру» атты жобасы аясында 1 750 адамды қамтыған 23 іс-шара өткізіп, замандастарын жақсылыққа үгіттеген. Сондай-ақ Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының тұрғыны Мөлдір Сабырбекова «Дара жол» атты әйелдерге кешенді психологиялық қолдау көрсету клубын құрып, нәтижесінде көпбалалы, жалғызбасты аналарға, жас отбасыларға психологиялық қолдау көрсету жұмыстарын жүргізді. Тағы бір Сарыкемер ауылының тұрғыны Гүлдерай Ақбар есімді жеңімпаз «Әлди-әлди» бесік жасауы жөніндегі шеберхана-класы» атты жобасын іске асырып, ауылдастарына тігін шеберлігі бойынша тәжірибесімен бөлісуде. Сонымен қатар Дінислам Байтан «Мергендер мекені» атты садақ ату және оңалту орталығын ашты. Одан бөлек Еркеайым Әбуәли есімді замандасымыз «OZGESHE» атты ана тілінен көзі нашар көретін адамдарға арналған комикстер шығару жұмыстарын жүргізді, – дейді жастардың көшбасшысы. Айта кетейік, тек NEET санатындағы жастарға арналған «Zhas project» жобасына 2024 жылдың 24 сәуіріне дейін өтінім қабылданады. Яғни жұмыспен қамту және білім беру саласынан тыс, уақытша жұмыс істемейтін, білім беру ұйымдарында оқымайтын немесе кәсіптік даярлаудан, қайта даярлаудан өтпейтін жастардың биыл бақтарын сынап, кәсіптерін ашуға мүмкіндіктері мол. Жобаны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының қолдауымен «Жастардың әлеуметтік және тұрақты даму қоры» қоғамдық қоры жүзеге асыруда. Әлеуметтік жобаларға қойылатын негізі талаптың бірі – өтінім беруші ұсынған жоба жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге немесе жастардың осал топтарын қолдауға бағытталуы тиіс. Сондай-ақ жобаны өтінім беруші 2 айдан аспайтын мерзімде жүзеге асыруы қажет. Бұл ретте өңірлік жобалық кеңселер жобаны жүзеге асырудың негізгі кезеңінен кейін де өтініш берушілерге консультациялық қолдау көрсете алады. Конкурс шеңберінде Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келетін жобаларға (ақылы қызметтер көрсету, тауарлар сатуды көздейтін коммерциялық қызмет, ұсақ жөндеуді қоспағанда, құрылыс жұмыстарының қандай да бір түрлерін немесе ғимараттарды, үй-жайларды, оның ішінде стадиондарды, жылыжай кешендерін реконструкциялау, қалпына келтіру) қолдау көрсетілмейді. Сонымен қатар жергілікті мемлекеттік органдар, өзге де мемлекеттік мекемелер немесе үкіметтік емес ұйымдар үшін жабдықтарды, тауарларды сатып алуды, жалға алуды көздейтін, діни ұйымдарға қызмет көрсету жөніндегі жобаларға (шіркеулерді, мешіттерді жөндеу немесе салу, діни білім беру, діни әдебиетті басып шығару және тағы басқа) қолдау қарастырылмаған. Қоршаған ортаға теріс әсер етуі мүмкін жобалар, жер учаскелерін сатып алуды, жалға алуды, тұрғын үй сатып алуды, жалға алуды, автокөлік сатып алуды көздейтін жобаларға, басқа көздер есебінен тікелей ақшалай қаржыландыру алатын жобалар, ғылыми зерттеулер жүргізу, ғылыми-зерттеу әдістемелерін, бағдарламаларын әзірлеуге рұқсат етілмеген. Баспаханада қолжазбалар, журналдар, газеттер жазуды, басып шығаруды көздейтін жобаларға, мақсаты ақшалай сыйлықтар тапсыру, құттықтауларды ұйымдастыру, қандай да бір бағдарламаларды немесе жобаларды іске асырғаны үшін ақшалай сыйақы беру және тағы басқа жобаларға да грант берілмейді. Грант қаражаты есебінен тікелей ақшалай қайырымдылық көмекті көздейтін жобалар, жыныс, нәсіл, діни сенім, жас белгісі бойынша кемсітушілікке әкеліп соғуы мүмкін қызметті жүзеге асыруға рұқсат етілмейді. Бүгінде қандай да бір іспен айналысып, «жағдайымды түзесем, қоғамға пайда келтірсем» деген ниетпен күн кешіп жүрген жастар арамызда жетерлік. Осындай ой жетегінде жүрген жастар аталған жоба туралы толық ақпаратқа «Instagram», «Facebook» секілді әлеуметтік желідегі «zhasproject_0820» парақшалары немесе жергілікті жастар ресурстық орталықтары арқылы қанығуға болады.
Жалқаулық жарға жығады
Жастар арасындағы жұмыссыздықтың жыл санап белең алуының басты бір себебі – жалқаулық. Бұл тұрғыда ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы кезекті Жолдауында елде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатын адамдардың барын ашық айтты. Мемлекет басшысы: «Қоғамда патерналистік көңіл күй және әлеуметтік масылдық үрдісі белең алды. Ел ішінде әлеуметтік бағдарламаларды жеке мүддесіне пайдаланатындар аз емес. Ондай адамдар кез келген өркениетті елдегі сияқты заңның және бүкіл қоғамның алдында жауап беруі керек. Қазақстан – әлеуметтік мемлекет. Сондықтан қиын жағдайға тап болған азаматтарға жан-жақты көмек көрсету – басты міндеттердің бірі. Ал көмекке шынымен мұқтаж жандар, өкінішке қарай, әлеуметтік қолдау шараларынан тыс қалып жатыр. Әрине, біздің еліміздің мүмкіндіктері зор, бірақ оның да шегі бар. Ең бастысы, әлеуметтік жеңілдікке ие болсам деген орынсыз пиғыл адамды өз еңбегімен табыс табу қабілетінен айырады. Мұндай жағымсыз өмір салты ұрпақ тәрбиесіне қазірдің өзінде кері әсер ете бастады. Сондықтан бізге түбегейлі өзгеріс керек. Заң да, қоғам да, адамдардың сана-сезімі де өзгеруге тиіс», – деп баса айтты. Шынтуайтында, жоғарыда айтылған NEET санатындағы жастардың басым бөлігі он екі мүшесі сау қыз-жігіттер. Осы ретте мамандардың айтуынша, масылдық психологияның кең етек жаюына денсаулығы жарамды бола тұра паразиттік өмір салтын ұстанып, жақын туыстарының ресурстары есебінен өмір сүретіндер көп көрінеді. Салдарынан «ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп» күн көру, өмірлік қиындыққа төзбеу, жеңіл табыс табуға ұмтылу секілді жағымсыз әрекеттер қазіргі қоғамның үлкен кеселіне айналды. Дәл осы ой тұрғысында Парламент Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған «Масыл болма, асыл бол» атты мақаласында: «Қазіргі қазақ қоғамына қарасақ, «қулық саумақ, көз сүзіп, тіленіп, адам саумақ» тірлікпен жүрген жандар көп. «Құдай маған ештеңе бермей жатыр, неге мені көрмейді» деп босқа налып, салы суға кетіп жатқандар қаншама. Біржан сал айтқандай, «Бай болмақ, кедей болмақ, Құдайдан-ды» дегендей, Жаратқан әр пендесіне тиісті несібесін береді-ау. Бірақ азға алданып, адамдығын малданып, «Құдай береді» деп қарап жатқандар аз емес. Абай сөзін тиісінше тәпсірлесек, «Әуелі Құдайға сыйынып» дегені – әрекет қыл дегені емес пе? «Әрекет түбі – берекет» дейді дана халқымыз. «Өз қайратыңа сүйеніп» дегені – ақылың мен біліміңе, парасатың мен білігіңе сеніп, тағы да іс қыл дегені. «Еңбегіңді сау» деп отыр. «Жатпа, тоқтама, отырма» деген сөз», – деп жазады. P.S:Хакім Абай үшінші қарасөзінде: «Һамма ғаламға белгілі данышпандар әлдеқашан байқаған: әрбір жалқау кісі қорқақ, қайратсыз тартады, әрбір қайратсыз қорқақ, мақтаншақ келеді, әрбір мақтаншақ қорқақ, ақылсыз, надан келеді, әрбір ақылсыз надан, арсыз келеді; әрбір арсыз жалқаудан сұрамсақ, өзі тойымсыз, тыйымсыз, өнерсіз, ешкімге достығы жоқ жандар шығады», – деп жазған. Сол үшін де қай жұмыстың өнуіне әуелі үлкен ниет керек, NEET жастар!
Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ