Беделі Биік БАСЫЛЫМ
Беделі Биік БАСЫЛЫМ
Енді өткен шаққа шегініс жасасақ. Кеңес одағы ыдыраған соң социалистік меншік жойылып, кеңшар-ұжымшар тарады. Одақтас республикалар жеке-жеке мемлекетке айналып, алыс-беріс, барыс-келіс үзіліп, өзара байланыс тоқтап, іргелі кәсіпорындардың өзі қалт-құлт етіп өнім өндіру көлемінің күрт құлдырап кеткені жасырын емес. Жұмысшы-қызметкерлеріне айлық-жалақыларын бере алмай, алды банкротқа ұшырап жатты. Осы кезде жекеменшіке жол ашылды. Қолынан іс келетін, еңбекке икемі бар азаматтар жеке кәсіп ашып, ауылдағылар жеке шаруашылық құрылымдарын ұйымдастырып жатты. Қалада шағын және орта бизнестің іргетасы қаланды. Міне, сондай күндердің бірінде белгілі журналист Ғалым Қасабайға бір ой келеді. – Қай мемлекеттің болмасын тірегі – салық түсімдері. Әлгіндей жеке кәсіпке келіп жатқан жерлестер мемлекетке салықты қалай төлейді, Салық кодексінің талаптары қандай? Сол тұста осыны жете насихатап, түсіндіретін дербес басылым ауадай қажет болды. Әрі ойланып, бері ойланып облыстық салық басқармасының бастығы Камлет Бейісовқа барып ойымды айтып, ұсынысымды жеткіздім. Өңірдің бас салықшысы газет ашу туралы ұсынысымды бірден қолдап, мүмкіндігінше көмектесетінін айтты. «Мұндай дербес басылым бізге ауадай қажет. Біздің қызметкерлер жеке тұлғаларға салық ережелерін түсіндіретін мақалаларын облыстық немесе аудандық газеттерге шығаруда қиналып жатады. Сондықтан өзіміздің басылым болса ғой деп мен де ойлап жүруші едім» десін. Облыстық салық басқармасы басшысы қос қолын көтеріп қолдап отырған соң не тұрыс, бірден Алматыға, Ақпарат министрлігіне тіркетуге бардым. Министр Алтынбек Сәрсенбаев та қолдап, тіркетіп берді. 1994 жылы 22-наурызда «Салық тәртібі» газетінің бірінші нөмірі 10 мың таралыммен облыс аумағына тарады. Ел тәуелсіздігін жариялаған соң іле-шала, яғни 1991 жылғы 25 желтоқсаннан бастап елімізде салық жүйесі жұмыс істей бастады. Ол «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» заңға негізделді. Осы заңға сәйкес 1992 жылғы 1 қаңтардан бастап 13 жалпы мемлекеттік салық, 18 жергілікті салық мен алымдар енгізілді. 1995 жылғы 24 сәуірде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заң шықты. Осы заң және кейіннен Салық кодексі талаптары мен ережелерін түсіндіруде, насихаттауда «Салық тәртібі» газетінің рөлі зор болды. Оның әр тарауын, әр бабын оқырманға түсіндіруде салық басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлерінен бөлек, қаржы саласының тәжірибелі қаржыгерлерін де тарттық. Облыстық, қалалық және аудандық салық құрылымдарының қызметкерлері басылым бетінен жиі орын алып, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кеңінен материалдар жариялады. Кәсіпкерлер тарапынан газетке деген қызығушылық артып, басылымның таралымы жыл сайын артып отырды. Тіпті шағын және орта бизнесте еңбек ететіндер де өздерінің жазғандарын редакцияға жолдап немесе арнайы алып келетін болды, – дейді Ғалым Иенбергенұлы. Алғашқы жылдары аптасына 8 бет болып жарық көрген «Салық тәртібі» газеті Салық кодекесіне түзетулер мен өзгертулер енгізілген кезде 32 бетке дейін жарық көретін. Іргелес жатқан Шымкент облысы (Түркістан), Алматы қаласы мен облысы (Жетісу) және Қызылорда облысы салық басқармаларының басшылары «біз де құрылтайшы болайық» деген ұсыныспен шығып жатты. Сөйтіп, газет аймақтық басылым болып қайта тіркелді. Әр облыстан меншікті тілшілер тағайындалды. Осы өңірлердің салық басқармалары, кейіннен департаменттері қаржыландырып, мемлекеттік тапсырысты республикадан, яғни Қаржы және Ақпарат министрлігінен алып тұрды. «Салық тәртібі» республикалық тәуелсіз басылымға айналып, оқырмандары көбейіп, әртүрлі тақырыпта дүниелер берсеңіздер деген ұсыныстар түсе бастады. Осыны ескеріп, экономика, кәсіпкерлік, салық саясатын насихаттаумен қатар, денсаулық, мәдениет, әлеумет, білім, спорт және басқа да салаларды қамтып, әр өңірден мемлекеттік тапсырыс алуға қол жеткізілді. Әр саладан жан-жақты тақырыпты қамтып жазудың нәтижесінде бүгінде газет таралымы 15 мыңға жетті. Бір жақсысы сол, газет редакцияның өз баспаханасында теріліп, беттеліп, басылады. Бүгінде іргелі шығармашылық ұжымда 50-ге жуық журналист, 10 баспахана қызметкері еңбек етуде. Алаш қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі» деген сүбелі сөзі арада қанша жылдар өтсе де өз маңызын жойған емес. Заман ағымымен ақпараттық технологиялар қаншалықты дамығанымен дәстүрлі басылымдардың қоғамдық сананы қалыптастырудағы орны бөлек. Ақпарат айдынында өзіндік жолын айшықтап, билік пен бұқараның арасында алтын көпір болып келе жатқан республикалық «Салық тәртібі» газетінің ұжымын айтулы белестерімен шын жүректен құттықтап, шығармашылық табыс тілейміз. Бақыт Жалғас