Ауыл шаруашылығы

ҚАРҚЫНДЫ БАҚТАН ҚАЙРАН БОЛМАЙ ТҰР

ҚАРҚЫНДЫ БАҚТАН ҚАЙРАН БОЛМАЙ ТҰР

Осыдан шамамен он жыл бұрын Алматы, Түркістан, Жамбыл секілді оңтүстік өңірдегі облыстарда интенсивті бақ өсіру қызу қолға алына бастады. Тіпті арнайы бағдарлама қабылданғаны да есте. Алайда интенсивті бақ өсіру арқылы ісін өрге домалатқандар да, керісінше қолға алған ісі кері кеткендер де көп.

Уақытында жарнамасы мен дақпырты жер жарып, бүгінде ұмытыла бастаған қарқынды бақ тақырыбына біздің де уақыт оздырып барып қайта оралуымыздың өзіндік себебі бар. «Балапанды күзде санайды» демекші, интенсивті бақ бойынша облыста жүзеге асырылған жобалардың кейбіріне облыстық қоғамдық кеңестің сарапшылары «сәтсіз» деген баға берген екен. Ең өкініштісі – бағдарлама мүмкіндігін пайдаланып кәсіп ашып қана қоймай, ауылшаруашылық өнімдерін өндіру арқылы пайда табуды ойлаған шаруалардың тауы шағылғаны, қыруар қаржының істің жүйесіздігінен желге ұшқаны. Осылайша сәтсіздікке ұшыраған өңірдегі бірнеше шаруа қожалық бүгінде қоғамнан қолдау, заңнан әділдік іздеп жүр. Тарқата айқанда, 12 шаруа қожалық иесі 2015 жылы қарқынды (отбасылық) алма бақтарын құру және дамыту бағдарламасы арқылы іс бастағанда араға жылдар салып еңбектерінің жемісін көретініне иманындай сенген еді. Сол кезде өте қолайлы болып көрінген жобаның соңы сәтсіздікпен аяқталып, істің соңы сотқа дейін баратынын шаруалардың ешбірі ойлай қоймағаны ақиқат. Шаруалар өздерінің шығынға батуын «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамының құқықтық мирасқоры – «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан көріп отыр. Негізі интенсивті бақ құру барысында жеміс ағаштарын өсірудің өзіндік талаптары бар. Аты айтып тұрғандай, қарқынды технология шаруаның аз шығынмен мол өнім алуына сеп болуы тиіс. Қазіргі заманғы технология бойынша жеміс ағаштары отырғызылғаннан кейінгі бір-екі жылда интенсивті бақ өнім беруі керек. Жалпы жобаның ерекшелігі – инжинирингтік компания арқылы шаруаға дайын бақ ұсынылуы керек. Ашығын айтқанда, көшеттерді таңдап, өздері отырғызып, бау-бақшаға қажетті барлық жүйелерді орнатып беруі тиіс. Фермерлер лизинг шарттарымен бастапқыда қаржылық және техникалық қиындықтарға ұрынбай, жоғары коммерциялық тиімділігі бар дайын жоғары технологиялық бизнес жобасын жүзеге асырушы атанады. Мәселен, аталған жобаның шартында: «Өз кезегінде «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы фермерлерге 96 айға дейінгі мерзімге (айналым қаражатын толықтыру үшін – 72 айға дейінгі мерзімге) несие/лизинг береді. Ең жоғары сома – 50 миллион теңгеге дейін. Субсидиялау жағдайында сыйақы мөлшерлемесі жылдық 7, жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 7,88 пайыздан аспайды. Егер сыйақы мөлшерлемесі субсидияланбаса, жылдық тиімді мөлшерлеме 16,32 пайыздан аспайтын болса, ол жылдық 14 пайызды құрайды. Негізгі қарызды өтеу және 36 айға дейін сыйақы төлеу бойынша жеңілдік кезеңі қарастырылған», деп атап көрсетілген. 12 фермердің бірі Ғалымжан Иманжановтың айтуынша, шаруалар 2015 жылы құжатқа қол қойған. Бірақ 10 шаруа үшін бөлінген 60 гектар және 3 шаруа үшін берілген 17 гектар интенсивті бақ құрылысы 2015 жылы басталып, 2017 жылы дайын болған. Бақты Беріққараның (жер атауы) адуыны күшті желінің өтінде саларда алқаптың жер жағдайы, су тапшылығының туындамауы, ауа райының қолайсыздығы зерделенбеген. Істі жаңадан бастаған бағбандар кедергіге тап болмас бұрын жобаның бастамашылары арқылы қарқынды бақтарға Нидерландыдан сатып алынған «Granny Smith», «Golden Delicious», «Gala» сорттарының жоғары өнімді және ауру-сырқаудан аман алма көшеттерін таңдап алған. Бағдарламаға қатысушыларға бақшаның әр гектарынан 40-тан 70 тоннаға дейін өнім алуға кепілдік берілген. Әрі шаруаларға күтілетін пайдаға лизинг ретінде ақша үлестірген. Алғашында интенсивті алма бақ азды-көпті өнім бергенімен стандартқа мүлде сай болмапты. Жеміс ағаштары жыл өткен сайын жайқала түсудің орнына біресе күшті желдің, біресе көктемгі үсіктің және ауру салдарынан құрып біткен. Қазіргі таңда бірінші сатыдағы соттың шешімімен шаруалар «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның құқықтық мирасқоры – «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ алдындағы қарызын өтеуге міндеттелген. Облыстық қоғамдық кеңестің ауыл, сушаруашылығы және азық-түлік қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі сараптау тобының төрағасы Кемелхан Әбілековтің сөзіне сенсек, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның облыстық филиалының қызметкерлері жобаны жүзеге асыруға бастапқыда немқұрайды қараған. – 2015 жылдың мамыр айында жоба қатысушылары шарт бойынша бастапқыда 60 гектар жерге бақша салу үшін инжинирингтік компаниямен келісімге отыруы керек еді. Келісім бақша үшін қолайлы орынды таңдауды, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеуге қажетті шараларды жүргізуді, агрохимиялық топырақты талдауды, аумақты гидрометеорологиялық және гидрологиялық зерттеулерді қамтиды. Келісімшарт барысында мұның ешқайсысы жасалмаған. Тіпті мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау және қадағалау басқармасына құрылыс-монтаждау жұмыстарының басталғаны туралы да хабарланбаған. Негізінде қор құрылыс басталғанға дейін құрылысты жүргізіп жатқан компаниямен бақшаны сатып алу-сату шартын жасап, сол күні жалға алушыларға жалға беру керек еді, – дейді К.Әбілеков. Дәл осындай жүйесіздік бола тұра аталған шаруа қожалықтар бағдарламаға қатысушы атана отырып, мемлекеттен лизинг сомасы 935 миллион теңгені құрайтын қаржы алған. Ең негізгі айта кетер жайт, алма ағаштары жеміс беру кезеңіне жетпегенімен 2017 жылы фермерлерге тиісті тараптан алма бақтардың өздеріне тиесілі екендігі туралы хабарламаның берілуі. – Қор инжинирингтік компаниямен сатып алу-сату шартына отырып, бақшаларды емес, оларды салу бойынша қызметтерді алды. Бұл ретте қызметтер «Сәулет және қала құрылысы қызметі туралы» Заңның 66-бабының ережелеріне сәйкес реттелуі керек. Бұдан шығатын қорытынды – интенсивті алма бақтары жобасын іске асырудың басында қордың жер учаскесіне тиісті құқықтарының болмауы. Сондай-ақ қоғамдық комиссия әдісімен мердігерлік жұмыстарға конкурс өткізу кезінде тапсырыс берушінің қолында қажетті міндетті кешенді ведомстводан тыс сараптамадан өткен жобалық-сметалық құжаттаманың болмағаны анықталды. Сонымен қатар заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағында заңнамада белгіленген тәртіппен шаруашылық қызметпен айналысуға рұқсат етілмеген және заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген тұлғалар конкурсқа қатысуға жіберілмейді. Яғни сатушы шетелдік компания ретінде конкурсқа қатысуға рұқсат бермеу керек еді. Демек, сатып алу-сату және жалға беру келісімшарттары басынан бастап жарамсыз болды, – деп сөзін нығырлады Кемелхан Смағұлұлы. Шындығында, бағбандардың қиындыққа тап болуы таңғаларлық жайт емес. Себебі интенсивті алма бақ үшін жайсыз орын таңдалғаны айтпаса да түсінікті. Анығын айтсақ, шаруаларға бөлінген жер Берікқара шатқалының баурайында. Мұнда үнемі жел соғып тұратыны белгілі. Сонымен қатар көктемгі аяз, жылу және судың толық жетіспеушілігі де өнім шықпауына басты себеп. Жалпы шаруалар алғашқы үш жылда пайда таба алмады. Ал қор төлемдерді үш рет қайта құрылымдауға ықыласпен келісті. Алайда бұл үздіксіз жалғаса бермейтіні түсінікті. Осылайша 2022 жылдың 1 желтоқсанында 4,5 миллион теңге көлеміндегі алғашқы жалдау төлемі төленді. Өткен жылдың қаңтар айында қатты дауыл бақшадағы темірбетон торлардың 40 пайызын құлатқан. Ал мамыр айында облыс әкімінің №38 және №96 қаулысымен өңірдегі адамдарға қауіпті бактериялық күйіктің таралуына байланысты карантиндік режим енгізілген болатын. Соның ішінде отбасылық алма бақтары да бүлініп, қазір түп тамырымен жойылудың алдында тұр. Салдарынан диқандарда келесі төлемді қайтаратын қаражат жоқ. Шаруалардың үйлері кепілде тұрғандықтан дүние-мүліктерін сатып төлеуден басқа амалдары жоқ. Сот процесінде шаруалардың мүддесін адвокат ретінде Ғанижан Инамжановтың өзі қорғаған көрінеді. Оның айтуынша, диқандар өте түсініксіз жағдайға тап болып отыр. – Диқандар материалдық жағдайын жақсартып, өздеріне ғана емес, мемлекетке де көмектесу үшін жұмыс істегісі келді. Бірақ іс жүзінде бәрі біз ойлағаннан мүлде нашар болды. Өйткені шаруалар қатты жаңылысты. Бүгінде шаруалар сотта жеңіп шықса да бақшадан келетін пайда жоқ екенін жақсы түсінеді. Оларды алаңдататыны – бау-бақшаларды салуға бір миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсалған соң мемлекетке келтірілген шығынды кімнің өтейтіні. Бұл өте күрделі сұрақ. 60 гектар жердің 50 гектары 10 адамға, сол секілді осы жерге таяу 17 гектардың 15 гектары 3 адамға 5 гектардан бөлініп берілді. Қазіргі таңда 15 гектар алма бақтың бес гектарының иесі өмірден өтіп кеткендіктен үш адамға емес, екі адамға тиесілі деп қарастыруға болады. Қалған 12 гектардың 10 гектары 50 гектар, 2 гектары 15 гектар интенсивті бақтың коммуникациясы үшін бөлінген жер. Ол жерде менің де 5 гектар алма бағым бар. Біз бұл бақты жалға алып отырғандықтан лизинг ретінде берілген 935 миллион теңгені 10 жылда төлеп қайтаруымыз керек. Алма бақтың құрылуына қатысты жер жағдайы дұрыс таңдалмағандықтан біз тығырыққа тіреліп отырмыз. Төлемдерді төлеу 2018 жылы басталғанымен тиісті қор тарапынан жіберілген әу бастағы заңсыздықтар мен қателіктерге байланысты төлемді төлеу мерзімінің басталуы 2022 жылға дейін созылды. 2023 жылғы қаңтардағы секундына 37 метр тұрған күшті жел алма бақтың астан-кестенін шығарып, құрал-жабдықтың барлығын қиратты. Оның алдында үсік шалса, тағы бірде ауруға шалдықты. Жеріміз Жамбыл ауданына тиесілі таудың баурайы болғанымен Жуалының Берікқара деп аталатын аумағындағы желдің өтінде тұр. Суды да сусорғымен кіші Аса өзенінен алып, алма бақты тамшылатып суарамыз. Бірақ Жамбыл ауданының Айша бибі ауылы маңынан бөлінетін кіші Асада шілдеде су бола бермейді, қазірдің өзінде онда су жоқ. «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы тарапынан осы секілді зерделеу жұмыстары алдын ала жүргізілмек тұрмақ, олар Шу, Аса, Талас өзендеріне жауапты тиісті мекемеден рұқсат та алмаған. Жамбыл ауданының Құмтиын ауылында да осындай интенсивті бақ бар. Ол шаруашылықта мұндай проблема жоқ. Себебі аталған алма бақ төменде және үлкен Аса өзенінің бойында отыр. Сонымен қатар оларға бақты ұсынғанда жерді суландыру үшін ұңғыма қазып берілген. Ал біздің интенсивті алма бақтан ұңғыма қазуға жер жағдайына байланысты рұқсат берілмейді, – дейді Г.Иманжанов. Облыстық қоғамдық кеңес мүшелері де диқандардың мүддесін қорғап, олардың құқығы тапталмауы үшін барлық әрекетті жасап баққан. Бірақ мұны заң органдары ескермей отырған сыңайлы. – «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ бір мезгілде сату және лизинг шарттарын жасамауы керек еді» деген қорытындыға келдік. Бұл бақшалардың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілгеннен кейінгі жобаның келесі кезеңі. Осы себепті транзакция жарамсыз деп есептейміз. Бірақ неге екені белгісіз, сот бұл уәждерді ескермеді, – дейді Кемалхан Әбілеков абдырап. Бүгінде шаруалар төлем төлеуге келгенде өз күшіне, қолындағы барына сенуге мәжбүр. Десе де Г.Иманжанов әділдік іздеуден танбайтынын айтады. – Осыған дейін төлемдерді созу, тағы да басқа жайттар бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Соңғы сот отырысы 15 наурызда аяқталды. Соттың бізге тағатын кінәсі «Осы уақытқа дейін қайда қалдыңдар, уақытында неге шағымданбадыңдар?» деген сарындағы уәж. Осы желеумен бар кінә мен міндетті бізге аудара салып отыр. Ендігі бар үмітіміз – Жоғарғы сотта, – деді ол. Ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға бағытталған бағдарлама аясында жүзеге асырылған жобаның құрдымға кетуі, істің түсініксіз өрбуі жұртты таңғалдыратыны сөзсіз. Негізі адам денсаулығына қауіпті вирустар мен бактериялық инфекциялардың кесірінен алма бақтар апатқа ұшыраса, шығын жергілікті бюджет есебінен өтелетіні белгілі. Бірақ бұл сұрақ әзірге екіұшты күйде қалып отыр. Дегенмен бұл іске нүктені Жоғарғы сот қоятыны анық. Шырылдаған шаруалардың бар үміті – әділ шешімде.