ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАСТАРДЫҢ ТҮСІНЕ ТЕАТР КІРІП ЖҮР...
ЖАМБЫЛДЫҚ ЖАСТАРДЫҢ ТҮСІНЕ ТЕАТР КІРІП ЖҮР...
Улап-шулап жүріп ЭКСПО көрмесін де өткіздік. Театр мәселесін облысқа Асқар Мырзахметов әкім болып келгенде тағы да көтердік. Обалы не керек, Асекең де ашпаймыз деген жоқ. «Шахристан» кешенінің құрылысы біткен соң жанынан жастар шығармашылық орталығын ашамыз. Жастар театрына орын табылады» деп жастардың көңілін бір демдеп қойды. Енді ашылады-ау деп жүргенде Қордай оқиғасы бұрқ ете түсіп, театр түгіл бас қайғы болып, А.Мырзахметов қызметімен қош айтысты. Келесі кезекте облыс әкімі болып тағайындалған Бердібек Машбекұлының бас ауруы Қордайдың мәселесін шешу болды ғой. Іс енді бір ізге түсе бастағанда Қаңтар оқиғасы орын алды. Осылайша театр мәселесі «күн тәртібінен» біржолата түсті. Б.Сапарбаевтың орнын басқан Нұржан Нұржігітов театр мәселесіне байланысты ауқымды жоба дайындататын болды. «Шахристан» кешенін кеңейтіп, жеке секторлар аумағынан заманауи жаңа қазақ театрын ашамыз. Сөйтіп, көп жылдан бері шешімін таппай келе жатқан – орыс және қазақ театрын бөлу мәселесін шешеміз» деп уәде еткен. Сол кезде жастар театры да есте болатынын айтқан. Бірақ «Адамның айтқаны болмайды, Алланың дегені болады» деген рас екен. 2023 жылы облысымызды құрғақшылық жайлап, ауылшаруашылық өнімдері қурап, бірқатар ауданда төтенше жағдай жарияланды. Мұндайда қайдағы өнер, қайдағы өлең, қайдағы театр? Жағдай енді оңалады ма дегенде уәде берген әкіміміз ҚР Су ресурстары және ирригация министрі болып жоғарылап, Астана қаласына ауысып кетті. Ұзын сөздің қысқасы, ендігі бар үмітіміз – қазіргі облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы мырзада. Осы орайда ел аузында айтылып жүрген бір әңгіме еске түсіп отыр. 1943 жыл. Майдан даласында жеңіс үшін жан алысып, жан берісіп жатқан кез. Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилль мемлекеттің бюджетін бекітіп жатса керек. У.Черчилль министрдің дайындаған құжаттарында мәдениет саласына ешқандай қаржы қарастырылмағанын байқайды. Сөйтіп, қаржы министрінен мәдениет саласына неге қаржы бөлмегенін сұрайды. Министр: «Уинстон Черчилль мырза, мәдениетке қандай қаражат керек, қазір соғыс жүріп жатқан жоқ па?» – депті. Сонда Черчилль: «Сонда біз не үшін соғысып жатырмыз, мәдениет саласынан ақшаны аямаңыз», – деп қомақты қаржы бөлдірген екен. Қоғамда қандай жағдай орын алмасын өнер мен мәдениет, әдебиет ешқашан назардан тыс қалмауы керек. Тіпті кешегі дүниежүзілік соғыс жылдарында қазақстандық Роза Бағланова, Жүсіпбек Елебеков бастаған өнер мен мәдениет майталмандары майдан даласында ән шырқаған жоқ па?! Олар осылайша Жеңіс күнін жақындатуға өз үлестерін қосты. Қан майданда оқ пен оттың ортасында, өмір мен өлімнің арасында жан алысып, жан берісіп жатқан жауынгерлердің рухын оятты. Отанға деген махаббаттарына от жақты. Мұның бәрі өткен шақ. Енді бүгінге қайта оралсақ. Ойлап қарасақ, іргеміздегі Түркістан облысында Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры бастаған, қуыршақ театры қостаған 12 театр халыққа қызмет көрсетуде. Облыс орталығы Түркістан қаласына ауысуына байланысты жаңа орталықтан тағы бір театр ашылады. Ар жағындағы Қызылордада екі-үш театр болса, бірі – жастар театры. Жастар театрының ашылғанына да оншақты жыл болып қалды. Қазақстанның басқа өңірлерін айтпағанда, іргелес жатқан көршілеріміздің театр мәселесін осылай шешіп алғанына қалай риза болмайсың, қалай қызықпайсың. Жастарға жағдай жасап қойған билікке қалай рақмет айтпассың. Бір қызығы, аталған театрларда жұмыс істеп жатқан актерлер М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінң «Мәдениет және өнер» кафедрасын бітірген. Астана мен Алматы қалаларындағы театр мен басқа да өнер ордаларында сахнаның сәнін келтіріп жүрген жамбылдық таланттарымыз қаншама. Әрине, жастарымыздың үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүргеніне мақтанамыз, марқаямыз. Бірақ сондай сахна, сондай көрермен Жамбыл жерінде де бар екені еске түссе, ішімізден «әттеген-ай» деген бір үннің құмығып шығатыны жасырын емес. – «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығын бітірген студенттер Қазақстанның түкпір-түкпірінде еңбек етіп жүр. Кез келген облыс орталығына бара қалсақ, шәкірттеріміз алдымыздан шығады. Бәрі де қасиетті өнерден қаражаяу емес. Енді сол талантты қыз-жігіттер басқа жерде емес, өзіміздің облыста еңбек етсе қандай керемет болар еді. Осыдан 7-8 жыл бұрын оқу орнындағы студент жастармен бірге қаламыздан жастар театрын ашу туралы бастама көтерген болатынбыз. Ойымызды жүзеге асыруға мүмкіндігіміз толық жететін еді. Алдымен көрермендер алдында қолымыздан не келетінін байқап көрдік. Сұлтанәлі Балғабаевтың «Қыз жиырмаға толғанда» мелодрамасын, Қанат Жүністің «Алғашқы махаббат» лирикалық драмасын, Қуандық Шаңғытбаев пен Қанабек Байсейітовтің «Беу, қыздар-ай» комедиясын көпшілік өте жылы қабылдады. Театр сыншылары да еңбегімізге жоғары бағасын берді. Содан кейін облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшылығына қала көлемінде жастар театрын ашайық деген ұсыныспен шықтық. Сол кездегі басқарма басшылығы ұсынысқа бірден қолдау көрсетті. Бірақ белгілі себептерге байланысты ұсыныс та, мәдениет басқармасының қолдауы да кейінге шегерілді. Қуанарлық жайт, жастар театры ашылмағанымен аталған спектакльде ойнаған студентер тобы толығымен облыстық қазақ драма театрының труппасына қабылданды. Жастарға қамқорлық танытып, қолдау көрсетіп, театрға қабылдаған сол кездегі қазақ драма театрының директоры Ғани Садырбаев мырзаға рақмет. Жоғарыда айтылған, атқарылған шаралардың барлығы жастардың көңіліне «Жамбыл жеріне жастар театры керек екен» деген үміт отын жағып кеткені ақиқат еді. Ең бастысы, облысымызды басқарған қай әкім болмасын зиялы қауым, мәдениет және өнер қайраткерлерімен болған кездесулерінде өңірге жастар театры керек екенін тілге тиек етеді. Бірақ неге екені белгісіз, айтылған сөз айтылған жерде қалып жатыр, – дейді М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі Айгүл Қабиева. Сөзіміз жалған шықпас үшін күні кеше ғана орын алған тағы бір жағымды жаңалықты айта кетудің реті келіп тұр. «Мәдениет және өнер» кафедрасының диплом қорғайтын жоғары курс студенттері өндірістік тәжірибеге шығар алдында жыл бойы дайындаған қойылымдарын арнайы комиссияға бір көрсетіп, сараптамадан өткізіп алады. Жақында комиссияның отырысына облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Дүйсенұлы мен облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Теміржан Серікұлы қатысты. Студенттік театрдың тырнақалды қойылымдарын көріп, ризашылықтарын білдірген басқарма басшысы мен орталық директоры алдағы уақытта қолдарынан келгенше қолдау көрсететіндерін айтып, уәде берді. Сондай-ақ жастардың шығармашылық орталығын ашу бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатқанын, мәселе облыс басшысының назарында тұрғанын және жуық арада шешімін тауып та қалатынын жеткізді. Осылайша облыс жастарының көшбасшылары тағы да үміт отын жағып кетті. Айтпақшы, ақпан айында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков БАҚ өкілдерімен кездесу өткізген болатын. Кездесуде облыстық «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков: «Жастар мәселесінде құрғақ сөзден нақты іске көшетін уақыт келді. Шынын айтқанда, тек белгілі бір мерекелерде ғана жастар еске түсіп, жеңіл-желпі кездесулер мен спорттық іс-шаралар өткізумен ғана шектелеміз. Керек десеңіз, жастардың бас қосып, өздерінің мәселелерін ортаға салып, ой-пікірлерін талқылап кездесу өткізетін орталықтары да жоқ», – деп, жастардың көңілдеріндегі қордаланған мәселені жеткізді. Сонда қала әкімі 2024 жылы облыс орталығынан жастарға арналған шығармашылық үйін ашу бірінші кезекте тұрғанын жеткізді. Біз де өз тарапымыздан «шығармашылық орталықтың жанынан жастар театрын ашуға да мүмкіндік қарастырылса, бір оқпен екі қоянды алуға болатын еді» деген ұсынысымызды ортаға салдық. Бақытжан Әмірбекұлы «орынды ұсыныс екен» деп қолдағандай ыңғай танытты. Тараз қаласында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасынан бөлек Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде «Актер және хореграфия» бөлімінің білікті ұстаздары да сахна шеберлерін дайындауда. Колледждің «Актер шеберлігі» пәнінің мұғалімі, режиссер Ұлан Абзалиев те жастар театрын ашатын кез әлдеқашан келгенін айтады. – Біздің шеберханамыздан білім алып шыққан мамандар Түркістан, Қызылорда облыстарындағы өнер мекемелерінде қызмет етіп жатыр. Тәрбиемді алған шәкірттерім бүгінде Шымкент қаласындағы Ж.Шанин, Құрманбек Жандарбеков атындағы Жетісай қалалық театрында, Түркістан қаласындағы Райымбек Сейітметов атындағы, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық академиялық театрларында абыроймен еңбек етуде. Әрине, бұл мен үшін, колледж үшін үлкен абырой. Дегенмен талантты жастарымыздың басқа қалаларға ағылып кетіп жатуы, бір жағынан, өкінішті-ақ. Сол актерлер өз қаламызда, өз театрларымызда өнерлерін ортаға салып, облысымыздың мәдениетін асқақтатып жүрсе, үлкен абырой емес пе?! Облыстық А.Тоқпанов атындағы театрға әрі кеткенде бітірушілерден екі-үш-ақ бала қабылданады. Ал қалған таланттар өзге облыстарға кетуге мәжбүр. Облысымыздың мәдениетін биікке көтеретін мамандардың басын бір жерде тоқайластыратын жастар театры болса дейміз, – дейді Ұ.Абзалиев. Жастар театрының ашылуын аңсап жүргендер басқа да оқу орындарынан табылады. Бүгінде Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында студенттік «Талант» жастар театры жұмыс істеп тұр. Аталған оқу орнының проректоры Гүлшат Қамбарбекқызының бастамасымен дарынды жастардың өнерін дамыту мақсатында ашылған театр аз уақыт ішінде облысқа танымал шығармашылық ұжымға айналған. Студенттік театрға Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Майра Әлімбетова жетекшілік етеді. – «Талант» театрының құрылғанына тоғыз жылдан асты. Театр жастардан құралған. Ашылғалы көптеген спектакль қойылды, біршама жетістіктерге жеттік. Жастарымыздың қатысуымен «Сыған серенадасы», «Ауылдан келген ару», «Тағдыр тәлкегі», «Айша бибі», «Бір түп алма ағашы» сынды спектакльдер қойылды. Қазіргі таңда «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» мен Сәкен Жүнісовтің «Қысылғаннан қыз болдым» спектаклін дайындаудамыз. Бітірген шәкірттеріміз Алматы, Астана қалаларында өнердің бел ортасында жүр. Тараз қаласында жеке өнер студиясын ашып, жұмыс істеп жатқандары да аз емес. Айтпағым, халқының саны миллионнан асатын киелі өлкемізге жалғыз қазақ театры аздық етеді. Өнерлі өрендеріміз бен жалынды жастарымызды қолдап, жастар театрын ашатын кез келді, – дейді «Талант» театрының жетекшісі, қоюшы режиссері Майра Әлімбетова. Иә, өнер жанашырларының сұрауы да, тілегі де бір. Алдыңғы аға буын өнердің жанашыры ретінде жастарды қолдап, олардың үні болғымыз келеді. Елдің болашағы да, ертеңі де жастар болғандықтан олардың арман-тілектерін жоғарыда отырған билік басындағыларға жеткізсек дейміз. Алда-жалда жастар театры ашылып жатса, облыстағы шығармашылықпен айналысатын жастарға жасалған үлкен қамқорлық болар еді. Жастар театрын құруға соншалықты көп шығын да қажет емес. Алыстан маман іздеп те әуре болмаймыз. Театр ұжымына қажет мамандар – режиссер, суретші, дыбыс әрлеуші, техникалық мамандар әр орталықтан табылатыны анық. Тек ынта мен ықылас, өнерге деген, жастарға деген қамқорлық болса болғаны. Р.S: Шераға: «Театр көбейсе, түрме азаяды» деп айтады. Мен: «Түрме көбейсе, театр азаяды» деймін. Қараңыз, облысымызда жиырмаға жуық үлкенді-кішілі түрме бар екен. Оның бесеуі үлкен түрме. Онда 10-15 жылға бас бостандығынан айырылғандар жазасын өтейді. Тараз қаласында 180-дей мейрамхана мен кафе жұмыс істеп тұр. Біз бұған түнгі клубтар мен ойынханаларды қосып отырғанымыз жоқ. Жастардың балға үймелеген шыбындай баратын жерлері де, жіпсіз байланатын орындары да осы жерлер. Ал қазақ театры біреу-ақ... «Бір кем дүние».