Қыдыр ата деген кім?
Ауылдан көшіп кеткенімізше марқұм Оқап атаның үйімен ұзақ жыл қарама-қарсы көрші тұрдық. Сол үйдегі Зеретай апа көзі тірісінде ақпан айы түгесілмей жатып, елден бұрын көршілерді үйіне шақырып, наурыз көже тарататын. Осы үрдіс жылда қайталанатын. Бір жолы әжем марқұм: «Зеретай, осы сен ақпанның аяқталуына бір апта қалғанда наурыз көже таратасың да «Сен неге қаннен-қаперсіз отырсың?» деп мені түртпектейсің, әлі ерте ғой», – деп замандасына сұраулы жүзбен қарады. Сонда Зеретай апа: «Құдайдың күні көктемді шығармай қойсын ба? Бәйшешек шығып, жыл құстарының алды келіп қойды. Бұл көктем келді деген сөз», – деп, өзінің іс-әрекетінің дұрыстығын ай атауымен емес, құбылыстың табиғи үйлесімділігімен байланыстырды.
Осылайша көзді ашып-жұмғанша көп күттірген наурыз айы да төрге озып, көрші-қолаңның көже таратуы басталып, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында тіпті үдей түсетін. Бұл уақытта күн жадырап қана қоймай, ел ішін бір жылылық кезіп жүретін. Ал біз секілді қарадомалақтарға наурыз көже ақпан тұрмақ, қаңтар айында берілсе де артық болмас еді. Өйткені әжем барған жерінен кемі бір тостақ көже ала келіп, үйдегі балалар таласа-тармаса ішетінбіз. Тіршілік атаулы қайта түлейтін көктем мезгілінің алғашқы наурыз айы құдды бір мереке іспетті көрінуші еді. Әсіресе 22 наурыз күні қариялар жайылған дастарқанға: «Бір Құдайым оңдасын, Еш жамандық болмасын.
Ұлыс оң, ақ мол болсын, Қыдыр баба қолдасын!..» деп бата беріп жататын. Қыдыр атаның кім екенін әжемізден сұрағанымызда, осы күні даланы Қыдыр (Қызыр) ата кезетінін, ол аппақ сақалы желбіреген қарияның да, аң-құстың да бейнесіне ене алатынын, елімізді бақ-берекеге кенелтетін қасиетке ие екенін тәптіштейтін. Ол кезде діни сауатты болмаса да иманы берік ауылдың қарттары Рамазан айында ораза тұтып, ел Қадір түнінде көз ілмеуші еді. Біздің үйдегілер де көптен қалмауға тырысатын. Ал сеніміміз «Қыдыр ата Қадір түнінде өзін күткен ниеті түзу адамның отбасының арман-тілегін орындайды» деген түсінікке негізделген еді.
Ауыз бекітпесек те осы сенім жетегімен Қыдыр атаны күтіп отырып, қалғып кеткен кездеріміз болған. Ертесіне ұйықтап қалғанымызға өкініп, бір-бірімізден «Қыдыр атаны көрдіңдер ме?» деп сұрайтынбыз. Ешкім «көрдік» демеген соң, «Апа, сіз ше, Қыдыр атаны көрдіңіз бе?» деп сол кісіні тергейтінбіз. Ол жарықтық «Иә, көрдім» дей салатын. «Не деді?» деген сауалымызға: «Бәрі жақсы болады екен» деп қысқа қайыратын. Сөйтіп жүріп ержеттік. Есейе келе діни сауаттылардан Қадір түні Қыдыр ата емес, көктен періште түсетінін естігенде дап-дардай болсақ та бір кездегі бала көңіліміз үшін ішіміз алай-дүлей болғаны рас. Қадір түні Қыдыр ата келмейтін болса да сол түні ұйықтамай, Алладан жақсы тілек тілеу мұсылман үшін сүннет болғанын білгенде бала күнімізде кірпік қақпай кімді болса да күткеніміз текке кетпегені жанға медет еді.
Кезінде «Қадір түні Қыдыр атаны жалғыз біз күтпеген шығармыз. Жалпы Қыдыр ата дегеніміз кім?» деген сауалды әулиеаталықтарға есімі кеңінен таныс, белгілі этнограф Жапар Сатылғановқа қоюдың сәті түсті. Жапар Тілеужанұлы Қыдыр ата адамның қиялынан туған кейіпкер екенін жеткізді. Қазақта «Бір жылдың бір айы бар кіріс болар, қалғаны өтті-кетті шығыс болар...» деген сөз бар. Жылдың кіріс болар бір айы – наурыз. Қыдыр ата қазақ халқының «Даланы кезіп, диқандардың еңбегіне береке дарытатын, егіннің бітік шығуына үлес қосатын, халықтың қамқоршысы, бақ дарытушы әулие» деген сенімі бойынша қиялдан туған кейіпкері. Ісі алға жылжыған, еңбегі табысты, береке-байлыққа, мол дәулетке кенелген адамға қарата қазақтың «Қызыр дарыған» деуінің сыры осы. «22 наурызда қазақ даласын Қыдыр ата аралайды» деген наным бойынша, Қыдыр ата адамдарға жақсылық жасаушы, ырыс-құтқа, несібеге, бақытқа, берекеге кенелтуші мифтік тұлға. Ол өмірде болмаған, адамдар өз қиялында образ жасап алып, оны Ұлыстың ұлы күнінде күткен.
Мысалы, Аяз ата өмірде жоқ қой, бірақ оны күтетін халықтар бар. Қыдыр ата да сол секілді қиялдан туған бейне. Осы қиялдан жасаған образ арқылы халқымыздың арманының орындалуына сенуі, оны күтуі жақсы әрі жағымды құбылыс. Қыдыр атаны Қадір түнінде күту осындай қиялдан, наным-сенімнен туған. Негізінде кей адамның осының аражігін ажырата алмауы, Қыдыр атаның өмірде болған, болмағанын білу-білмеуі халқымыздың болмысы, тегі, тарихы, салт-дәстүрі, әдеп-ғұрпын зерттейтін этнография ғылымының әлсіздігінен болып отыр. Өйткені КСРО дәуірінде этнография факультеті бір ғана оқу орнында болды. Оның өзі Мәскеу мемлекеттік университеті еді. Сол кезде біріне-бірі туыс немесе арасында қандай да бір байланыс, қарым-қатынасы бар әр ұлтқа тән құндылықтар бір-бірімен шатасып кетті. Анығын айтқанда, қырғыздың қалпағын қазаққа кигізіп, қазақтың дүниесін қырғызға телу секілді келеңсіздіктен біз құндылықтарымызды алмастырып қалдық. Осының зардабын әлі күнге тартып келеміз. Бізге этнография туралы заң керек. Орта мектептерге арнайы пән енгізіп, жоғары оқу орындарынан факультет ашуымыз қажет. Тек наным-сенімге ғана емес, халқымыздың дәстүрлі мәдениетіне тән таным-түсінігі, ұғымы, салт-дәстүрі, өнері, әдеп-ғұрпына түгендейтін құндылықтарымыз жетеді.
Қазақ этнографиясы – қазақтың жаны, болмыс-бітімі. Осыны жас ұрпақ жетік білуі керек. Қазір облыс әкімінің қолдауымен түрлі кітаптар жарық көріп жатыр. Оның ішінде ұлтқа пайдалысы да бар шығар. Бірақ жергілікті шайырлардың өлеңін топтастырып, кітап етіп басарда қай ақынның этнография саласында қалам тербеген туындысы бар, осыны іріктеп алып барып бір кітап етіп басса, бұл да үлкен олжа болар еді, – деді Жапар Тілеужанұлы. Осы орайда біз облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің найб имамы Ғалымбек Жапекке хабарласып, Қыдыр ата туралы бір білгені болса айтып беруін өтіндік. Ол қасиетті Құран Кәрімнің «Кәһф» сүресінің 60-82- аяттарында Хизир (Қызыр) деген есімнің кездесетінін, бірақ оның Қадір түніне түк қатысы жоқ екенін айтты. Бір жолы Мұса Пайғамбар (ғ.с.) уағыз айтып тұрғанда одан бір замандасы «Адамдардың ең білімдісі кім?» деп сұрапты. Сонда Мұса Пайғамбар (ғ.с.) «Мен» деп жауап берген көрінеді. Алла Мұса Пайғамбардың (ғ.с.) бұл жауабына наразы болып: «Екі теңіздің қосылған жерінде бір пендем бар, ол сенен білімді», – деп айтқан екен.
«Екі теңіз» дегені Қызыл теңіз болса керек. Мұса осылайша әлгі білімді адамды іздемек болып: «О Раббым! Оны қалай табамын?» – дейді. Оған: «Себетке балық салып ал, балықты қай жерде жоғалтсаң, оны сол жерден табасың», – деп жауап қайтарыпты. Осылайша Мұса (ғ.с.) жолға шығып, жанына бір баланы серік етіп алады. Екеуі діттеген жеріне жеткенде Мұса ұйықтайды да, бала ояу отырады. Сол кезде қуырылған балық тіріліп, себеттен секіріп теңізге түсіп, жүзіп кетеді. Сапарларын одан әрі жалғастырып, екеуі бір жерге келгенде Мұса балаға азықты қамдай беруді айтады. Бала балықтарды жоғалтқанын, расында, жағдай қалай болғанын түсіндіреді. Олар артқа қайтып, білімді адамды ақыры кездестіреді. Ол Қызыр (ғ.с.) еді (Пайғамбар болған деген де дерек бар). Одан даналық үйренгісі келген Мұса (ғ.с.) Қызырдың (ғ.с.) қасында жүріп, үш жайт бойынша сабырсыздық танытып қояды.
Бұл туралы толық мәлімет қасиетті Құран Кәрімнің «Кәһф» сүресінде жазылған. Қыдыр білімді, Пайғамбар болғанымен ол да пенде. Алайда оның Қадір түніне еш қатысы жоқ. Қадір түні көктен Құран Кәрім түскен. Бұл түн – адамның тағдыры амалына қарай жақсы жағынан жазылатын, сол үшін адамдар Алладан дұға-тілек тілейтін күн. Наурыз айындағы Қыдыр ата дегенге келетін болсақ, бұл туралы нақты бір дерекке сүйеніп, ештеңе айта алмаймын. Жалпы наурыз мерекесі діни мейрам болмағанымен исламға жаттығы жоқ. Бұл мереке ұлтты ұйыстыратын, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізді дәріптейтін, бай да, кедей де бір қазаннан ас ішіп, ұлттық тағамдарымыздан дастарқан жасалатын, алдағы күніне халық үмітпен қарайтын мереке болғандықтан оның аталып өтуін біз де құптаймыз. Негізінде наным-сенім дегеніміздің бастауы иманда жатыр. Қазақ «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» дейді. Наурыз мерекесін тойлау озық дәстүріміздің бірі. Халқымызда «Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді» деген де сөз бар. Егер халық арасында «Қыдыр ата наурызда адамдарды бақ-берекеге кенелтеді» деген түсінік болса, көзіқарақты адамдар барлығын тек бір Алла ғана беретінін түйсінеді деп ойлаймын.
Десе де ұрпақты жақсылыққа бастайтын, жақсылыққа тәрбиелейтін, халыққа, қоғамға, адамға зияны жоқ аңыз-әңгімелер мен ертегілердің болуының сөкеттігі жоқ, бірақ оларға имандай сенуге болмайды. Мысалы, христиандар Жаңа жылда Аяз атаны күтсе, католиктердің Санта Клаусы бар. Сол секілді исі мұсылман қиялынан Қыдыр атаны жасап алып, соның арқасында қайырымды, мейірімді, әділ болуға өз-өзін тәрбиелеп жатса, мұның да адамдық қалпымыздан айнымауымызға бір керегі болған шығар. Дегенмен пендені сынайтын да, тағдырын жақсы жағынан өзгертетін де, бақ-берекеге кенелтетін де бір Алла екенін ұмытпауымыз керек, – деді Ғалымбек Төлегенұлы. Біз осы мақаланы дайындау барысында Қыдыр (Қызыр) атаның қиялдан туған жағымды кейіпкер екенін жете түсіндік. Демек, Қыдыр ата өмірде болмаған. Негізінде «Қыдыр жолдасың болсын!», «Қызыр дарысын!», «Қырықтың бірі – Қыдыр» деген мақалдың астарына үңілсең, расында да «Жолыңда сондай адам кездессін, сол секілді бол!» деген ұғым жатқандай. Бұл аңыз осындай ниеттен шыққан болуы мүмкін.
Нұрым Сырғабаев