Жаңалықтар

Славян халқы қысты шығарып салды

Тараз қаласындағы «Шахристан» этномәдени кешенінде славян халықтарының дәстүрлі «Масленица» мерекесі аталып өтті.

«Масленица» – қыспен қоштасып, көктемді қарсы алу мерекесі. Бұл мерекенің түп-тамыры праславян кезеңінен негіз алады. Сондай-ақ «Масленицада» өткізілген рәсімдер көктемнің қысты жеңуіне ықпал етеді деген сенім қалыптасқан.

Дәстүр бойынша «Масленицада» құймақ немесе майшелпек пісіріліп, жақын адамдар бір-бірінен жыл бойына келтірілген қолайсыздық пен реніштері үшін кешірім сұрайды. Концерттік бағдарламада «Радонеж» орыстар қауымдастығының «Калинка» вокалдық тобы, «Днепро» украин этномәдени бірлестігінің «Маричка» халық ансамблі өнерлерін ортаға салды. Бұдан бөлек «Веснушки» қасықшылар ансамблі, мектептер мен колледждердің шығармашылық ұжымдары, облыстық орыс драма театрының әртістері өнер көрсетіп, мерекелік шараның мәнін аша түсті.

«Масленица» мерекесінің ажырамас бөлігі – жәрмеңке. Іс-шараға келгендер қолөнер шеберлерінің көздің жауын алатын түрлі бұйымдарын сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Айта кетейік, дәстүрлі «Широкая масленица» мерекесі Наурыз мерекесіне арналған «Наурызнама» онкүндігі аясында өтті. Мұндай іс-шаралар бірлік пен келісімді нығайтуға зор ықпалын тигізеді.

Бинура Жақыпбай,

Тараз қаласы