Жақсының аты өшпейді
Адал еңбек адам баласын қашанда абыройға кенелтеді. Жауапты қызметтерді асқан ыждағаттылықпен атқарып, жан-жағына шұғылалы шуағын шаша білген сондай азаматтың бірі – Қуанышбек Көпешов. Шаң басқан архив деректерін парақтай отырып, біз білікті қаржыгердің Сарысу, Талас, Шу аудандарының дамуына қосқан сүбелі үлесі туралы көп мәліметке қанықтық. Әрине, оның барлығын бір мақалаға сыйдыру әсте мүмкін емес. Дейтұрғанмен өз ісінің үздігі болған майталман маманның өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында қолымызға қалам алдық.
Қуанышбек Төлмағамбетұлы 1942 жылы Сарысу ауданының Жайылма ауылдық кеңесіне қарасты ауылда, шағын шаруа отбасында дүниеге келген. Осы өңірдегі Байқадам атындағы орта мектепті бітірді. 1961-1966 жылдары Алматы халық шаруашылығы институтына оқуға түсіп, қаржы мамандығы бойынша диплом алып шықты. Жас маман Қазақ КСР Қаржы министрлігінің жолдамасымен Талас аудандық қаржы бөліміне қызметке орналасып, аға экономист болып еңбек жолын бастады.
Ал 1967- 1974 жылдары Сарысу ауданының қаржы бөлімінің аға инспекторы, 1974-1979 жылдары Шу қаласының қаржы бөлімінің меңгерушісі, 1979-1986 жылдары Байқадам банк бөлімінің басқарушысы, 1986-1992 жылдары Талас аудандық қаржы бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарды. Сонымен қатар 1992-2002 жылдары мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің Талас ауданы бойынша бөлімшесінің бастығы болды. 2002 жылдың 1 сәуірінен 2006 жылдың 1 қаңтарына дейін Талас ауданы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы қызметін атқарып, құрметті еңбек демалысына шықты. Білікті қаржыгердің еңбегі еленіп, әр кезеңде ҚЛҚЖО орталық комитетінің Қазақ Халықтық бақылау комитетінің, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің және Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Бірнеше мәрте Шу қалалық және Талас аудандық Кеңес атқару Комитеттерінің мүшесі болып сайланды.
Алпыстың асқарына иек артқан, самай шашын ақ қырау шалған жігіт ағасының «ана» дегені маған да ой салды. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды». Қуанышекеңнің де «шырт түкіріп» жүргені анасының арқасы шығар. Әйтеуір, Қуанышбектің өңіне қарасаң, қыран қабақты нағыз қырдың қазағын көргендей боласың. Сызылтып ән салдырсаң, сахнаның да сәні ғой. Сегіз қырлы, бір сырлы, «Жақсыда жаттық жоқ» дегеннен шығады. Қуанышбектің жұбайы Күлзимаш та көпшіл, өнерлі де өнегелі жан. Бір қызығы, қызмет бабында халықтың табан ақы, маңдай терімен тірнектеп жиналған қаржыны бөлуге келгенде Қуанышекеңнің де сіресіп, тіресіп қалатынын қайтерсің.
«Мұндай сәтте құрдастығы мен сыйластығын сырып қоятын бір бәлесі бар» дейді құрдастары. Айналып келгенде, ол – нағыз нарықтың, халықтың адамы.Халықтың қаржысын қасықтап жұмсау «бұлақтың» басында отырған қаржыгерлердің қанына сіңген қасиет пе деп қаламыз. Талай-талай талапшыл басшылардың қаһарына ілінбей, сыннан сүрінбей, бір ауданның қаржысын шашау шығармай «шығымы жоқ» атанған Қуанышбектің ел алдындағы еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды. Жақында аудан әкімі Батырбек Құлекеевтің оны халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушілігіне ұсынуында да гәп бар.
Дау-дамайы көп, мұндай мазасыздау саланы осындай істің көзін, көптің тілін табатын білімді де білікті жанның билігіне берген жөн. Өзің білесің, – деді ол, – 1992 жылы қаржы бақылау комитеті құрылды. Жергілікті жерлерде оның бөлімшелері ашылды. Ол кезде аудан әкімі Ералы Дадабаев болатын.Ерекең мені осы қызметке тағайындады. Сол жылдары аудандық қаржы бақылау комитеті біраз былықтардың бетін ашты.
Қазақ Республикасының Қаржы министрі болған марқұм Дербісов Ергешбайды есіне алса, ет-жүрегі елжіреп кетеді. Ағайын-туыс, жора-жолдастарының арасында абыройлы, сыйлы бола білді». Әскербек Құйқабайұлы құрдасы туралы тек мақала жазумен шектелмей, ол асқаралы алпыс жасқа толғанда арнау шығарған да жайы бар. Шынымды айтсам, Қалеке, Шыңға біткен шынарсың. Сөзімнің енді астарын, Айтпасам да ұғарсың. Серілік қалмас сезілмей, Ән мен жырға құмарсың. Уақыт зырлап барады, Бұған не амал қыларсың. Тоқсанға жетіп, бір тоқтап, «Өшіретке» тұрарсың. Тоқсан тоғызға толғанда, Бір жағына шығарсың. Шөлмектей бәлкім сынарсың, Сонымен сен де тынарсың. Мақтаныш бұл білгенге, Ел үшін еңбек еткенің. Маңдайдан тер төккенің.
Алдына келген келіншектердің, Көбісін білем ептедің. «Секретіңді» Әскербек, Білмейді ғой деп пе едің. Турасын айттым тулама, Бұл үшін мені сөкпегін. Жақсы ат емес, мақсат қуып, Ауылдан ұзап кетпедің. Одан залал шекпедің, Жоғарыдан жетеді, Алған шен мен шекпенің. Туған жер туын көтерген, Өзің де жақсы текті едің. Өзіңдей асыл жандарға, Алғысым айтар көп менің. Ұл-қызыңның қызығын көр, Өніп-өсіп, көктегін, – деп, автор өз өлеңін қалжың мен тілек араластыра төгілткен екен. «Елдегі ерке ақын» атанған Нарша Қашағанұлының Қуанышбек Көпешовке арнаған жыры да оқыған жанды бір желпінтіп тастайтындығы сөзсіз.
«Сарысуда балалықпен қоштасып, Алматыда жастық шақты бастасып, Шуға барып елді көріп, есейіп, Таласқа кеп талайлармен достасып, Жеттіңіз Сіз бұл жасқа! Ақырын жүріп, анық басып қырға асып, Жақсылармен, жайсаңдармен жырғасып, Кішілерге аға болып сыйласып, Жеттіңіз Сіз бұл жасқа! Абыройға, қуанышқа бөленіп, Есіміңіз, еңбегіңіз еленіп, Екі анасы, екі әкесі бар ұлдай, Талас пенен Сарысуды тел еміп, Жеттіңіз Сіз бұл жасқа! Талас Сізді өз ұлындай тербетіп, Есіктегі басыңыз жүр төрге өтіп. Қуыршақтай қыздарыңыз бойжетіп, Құлыншақтай ұлдарыңыз ер жетіп, Жеттіңіз сіз бұл жасқа!», деп ой толғайды ақын.
Ауыртпалық ешқашан айтып келмейтіндігі ақиқат. «Тас түскен жеріне ауыр» демекші, асқар таудай әке Қуанышбек Төлмағамбетұлы Көпешов күтпеген жерден 2009 жылғы 9 сәуірде өмірден озды. Ел игілігі жолында абыройлы еңбек етіп, өз балаларына өнегелі тәрбие берген, көпшіліктің құрметіне бөленген азаматтың есімі ешқашан ұмытылмайтындығына біз сенімдіміз. Өнегелі отағасы, ардақты әкенің жарқын бейнесі оны білетін азаматтардың жүрегінде ұзақ уақыт сақталатындығы сөзсіз.
Бақыт Жалғас,
Сарысу ауданы