Үздік түлектер мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалады
Бұл туралы өңірге жұмыс сапарымен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай облыс активімен кездесуде айтты.
Агенттік төрағасы мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық бастамалардың іс жүзінде жүзеге асырылуы, қызмет алушылардың заңды құқықтарын қорғау және мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту шаралары туралы кеңінен баяндады. Сондай-ақ мансаптық және позициялық модель элементтерінен тұратын мемлекеттік қызметтің гибридті моделін қалыптастырудың негізгі тетіктерін түсіндірді.Кездесуде аталған сала бойынша жергілікті кадрлық тапшылық мәселесін шешу жолдары да қаралды.Президент тапсырмасына сәйкес мемлекеттік қызметке кірудегі артық кедергілерді жою және одан шығу тәртібін жеңілдету шараларын кезең-кезеңімен іске асырудамыз. Мәселен, жоғары оқу орнын мемлекеттік грантпен үздік бітірген түлектер енді аудандық және ауылдық жерлердегі төменгі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындалады.
Бүгінгі күні республика бойынша дәл осы «жеңілдік жүйесімен» 124 жас түлек мемқызметке келсе, оның ішінде облыстан 7 түлек түрлі лауазымдық қызметтерге тағайындалды. Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыруға, жас мамандардың аудан мен ауылдық аймақтарға оралуына, сонымен қатар өңірлердегі кадр тапшылығын азайтуға септігін тигізіп, мемлекеттік қызметке кіруді жеңілдетеді, – дейді агенттік төрағасы. Сондай-ақ Дархан Медеғалиұлының айтуынша, мемлекеттік қызметтегі «Б» корпусының жоғары лауазымдарына уәкілетті органның келісімімен конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау мүмкіндігі берілген. Бұл бірінші басшылардың өз қызметшілері үшін жауапкершілігін арттырады.
Сонымен қатар ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының жоғары үлгерімін көрсеткен түлектері оқуды бітіргеннен кейін бір жыл ішінде, Елорданы қоспағанда, жергілікті органдарға жекелеген лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тағайындау қарастырылды.Кездесу соңында агенттік төрағасы актив мүшелеріне ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің жаңа басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Руслан Шариповты таныстырып, ісіне сәттілік тіледі. Айта кетейік, ағымдағы жылдың 1-31 наурызы аралығында өңірлік кадрлық резервке іріктеу жүргізілуде. Іріктеуге жоғары білімі және кемінде 3 жыл жұмыс өтілі бар 35 жастан аспаған Қазақстан азаматтары қатыса алады.Сондай-ақ Дархан Жазықбаев ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облысы бойынша департаментінің және ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы облыстық филиалының ұжымымен кездесті.
Нұрсұлтан Рахымбай