Жамбыл жаңалықтары

ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР ОРТАЛЫҒЫ ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР ОРТАЛЫҒЫ ҚАШАН АШЫЛАДЫ?

Қазым Аманқосов – республикаға танымал суретші әрі қолөнер шебері. «Ортекені билеткен», «Уақыт», «Шығыс әуені», «Бақыт құсы» сынды композициялардың авторы, қаламызды танытуға атсалысып жүрген шебер бүгінде күнкөріс қамымен ерекше қажеттілігі бар жандарға арналған оңалту орталығында қызмет етеді. Орталықта ем қабылдаушыларға кескіндеме өнерінен дәріс беріп, мүмкіндігі шектеулі жандардың қол маторикасын дамытады. Айтуынша, мекемеде шебердің жұмыс істеуіне басшылық тарапынан барлық жағдай жасалған. Жұмыс барысымен, шығармашылығындағы соңғы жаңалықтарымен бөліскен шебермен әңгімеміз орталық ашу мәселесіне ойысқанда өңі жуған шүберектей бозарып кетті.

«Тараз қаласынан қолөнершілер орталығын ашу керек» деп дабыл қағып жүргенімізге 30 жылдың жүзі болды. Алайда жанайқайымызға құлақ асатын жан табылмай тұр. Осы уақытқа дейін қаншама әкімге айттық. Талай табалдырықты тоздырдық. Барлығы уәде берумен ғана шектеледі. Жуырда Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова келгенде де орталық ашу мәселесін көтердім. Мәселеміз оңынан шешіліп кетсе, нұр үстіне нұр болар еді. Жалпы қазіргі таңда өңірімізде қолөнершілердің саны жүзден асады. Бәрі «сен тұр, мен атайын» дейтіндей хас шеберлер. Қолөнершілердің жан-жаққа тарыдай шашылып, әркімнің өз білгенімен, қалағанымен айналысып жүргені арқама аяздай батады. Егер бір орталық ашылып, қолөнершілер шеберханада қоян-қолтық жұмыс істеп, бір-бірімен тәжірибе алмасып, апта, ай сайын жеке көрмесін өткізіп жатса, қандай керемет?! Өкінішке қарай, бізде көп нәрсе тек сөз жүзінде қалады. Мәселен, Тараз шаһары 2022 жылы Дүниежүзілік қолөнершілер қаласының тізіміне енді. Бірақ одан не пайда? Екі жылда өзгерген ешнәрсе жоқ. «Баяғы жартас – сол жартас». Жағдай жасалар емес. «Ұлттық өнерімізді ұлықтап, төрге шығарайық» деп ойлап жүрген бір жанашыр адам жоқ, – деген Қазым Аманқосов жуырда Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында қолөнер саласына мемлекеттік қолдау көрсетуді ұсынғанын жеткізді. Сондықтан суретші саланың тамырына енді қан жүгіретініне сенімді. Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымованың айтуынша, қолөнер саласының нормативті базасы қалыптаспаған. Ал нарық саласында қолөнер өндіріс жүйесі ретінде өзінің жетекші позициясын жоғалтқанымен әлемнің көптеген дамыған елдерінде әлі де қызмет етіп келеді. Аталған сала шағын кәсіпкерліктің бір бөлігі ретінде көптеген елде мемлекеттік қолдауға ие. Қазақ қолөнерінің тарихы терең. Ол халқымыздың ұлттық-мәдени бірегейлігі мен этномәдениетін сақтауға, жаңа жұмыс орындарын құруға және халықаралық нарыққа шығуға қызмет етеді. Қазақ қолөнерінің пайда болу орталықтарының бірі – ежелгі Тараз қаласы. 2022 жылы Тараз Қазақстан қалаларының ішінде бірінші болып қолөнерші қалалардың дүниежүзілік тізіміне енді. Сондай-ақ Қазақстанда орналасқан ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміндегі 11 нысанның бесеуі Жамбыл облысында орналасқан. Бұл ауқымды оқиғалар өңірдің мәдени-рухани және туристік салаларының дамуына жаңа серпін берді, – дейді Г.Алданышқызы. Қазір қолөнер кәсіпкерлікті қолдау тұрғысынан да, мәдени мұраны сақтау тұрғысынан да маңызды. Қолөнер шеберлігін ұрпақтан-ұрпаққа жалғастыру маңызды. Сондықтан мемлекет оған жан-жақты көмек көрсете отырып өз қамқорлығына алуы керек. Қазіргі уақытта елімізде қолөнер саласының нормативті базасы жоқ. Туристік саланы дамыту тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 24-тармағына сәйкес 2023 жылдың соңына дейін тиісті министрліктер мен ведомстволарға қолөнершілікті дамыту жөнінде шаралар әзірлеу тапсырылған. Атап айтқанда, қолөнершілердің ұлттық тізілімін қалыптастыру, өзін-өзі реттейтін ұйым құру, қолөнер саласындағы заңнаманы жетілдіру, басым туристік аумақтарда қолөнершілер орталықтарын ашу, қолөнер өнімдерінің стандартын әзірлеу, қолөнершілерге арналған маркетплейсті дамыту міндеттері қамтылған. Қолөнершілердің айтуынша, осы мәселелер ешқандай шешім таппаған, – дейді Гүлдара Нұрымова. Мәселеге байланысты суретші әрі қолөнерші Елена Голубинскаяның да айтары аз емес. Айтуынша, суретшілер мен қолөнершілер облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына емес, туризм басқармасына қарайды екен. Ал туризм басқармасы қолөнершілерге мүлдем қарайласпайтын көрінеді. Тек көрме өткізетін кезде ғана керек қылады. Жұмыс барысымен еліміздің бірқатар қаласына жолым түсті. Барлығында қолөнершілерге арналған арнайы орталық ашылған. Кәдесыйларын сатуға, жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Егер Тараз қаласында да қолөнершілер орталығы ашылса, өнімді жұмыс істеуімізге үлкен ықпал ететін еді. Соңғы кездері орталық ашу мәселесі жиі-жиі көтеріле бастады. Әйтеуір, соңы сиырқұйымшақтанып кетпесе жарар еді, – дейді Елена Голубинская. Ал облыстық орыс драма театрының суретшісі Рахат Сапаралиева ұлттық құндылықтарымызды дамытамыз десек, шеберлердің үніне құлақ асқан жөн деп есептейді. Қол қусырып отыра бермей қолөнерді дамытудың барлық мүмкіндігін қарастыру керекпіз. Мектепте, жоғары оқу орнында арнайы үйірмелер ашып, барлық оқушы, студентті тарту қажет. Бірі болмаса бірі іліп алып кетуі мүмкін ғой. Сол секілді қолөнершілер орталығын ашу да ең маңызды мәселенің бірі. Егер орталық ашылса, мектеп оқушылары тегін үйірмелермен қамтылып, қолөнердің бірнеше түрін меңгеріп шығатын еді. Сонда ізімізді басатын шәкірттер тәрбиелей алатын едік, – дейді Р.Сапаралиева. Қолөнершілердің тарапынан айтылған уәжге жауап берген облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай алдағы уақытта мәселе оң шешімін табатынына сендірді. Бірақ уақыт керек. Қолөнершілер орталығын ашу – көптеген өңірге ортақ мәселе. Дегенмен мәселені басқарма басшысы шешіп тастай алмайды. Оңай іс емес. Туризм басқармасымен, басқа да тиісті органдармен ақылдасып, кеңесіп, жұмыла жұмыс істейміз, – деді Е.Жүнісбай. Қалай десек те қолөнершілердің ұсынысы орынды. Алдағы уақытта Тараз қаласынан сәні мен салтанаты жарасқан қолөнершілер орталығы ашылып, шеберлерге қаржылай қолдау көрсетіліп, жұмысы насихатталып, еңбектері бағаланып жатса, қанеки?! Қолөнер – ұлттың қазынасы. Ал баға жетпес қазынамыз ортайып қалмасын десек, қам-қарекетсіз отыруға болмайды. Эльмира БАЙНАЗАРОВА