Биік белесті бірлікпен бағындырамыз
Құрылтай – бабаларымыз салған жолмен тарихымыз бен ұлттық болмысымызға сіңген өркениетті саяси мәдениетіміздің бір көрінісі. Жуырда Атырау өңірінде еліміз үшін ауқымды, маңызды шешімдер қабылданып, талап пен тапсырманың жаңа жүйесін ұсынатын Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы өтті.
Келелі жиында қоғамдық бірігуді дамыту, бірегейлікті арттыру, жалпыұлттық құндылықтарды нығайту жөнінде ұсыныстар әзірлеу, жұртшылық, саяси партиялар, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік орган өкілдері арасында сындарлы диалогты қамтамасыз ету секілді басты әрі нақты міндеттер алға қойылды. Ұлттық құрылтайдың мүшелері 4 топқа бөлініп, «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Ғылым және білім», «Әлеуметтік-экономикалық және аймақтық даму» секцияларына қатысты. Яғни қатысушылар азаматтық қоғамды нығайту, ғылым саласындағы реформаларды жетілдіру, халықтың құқықтық сауатын арттыру, креативті индустрияны дамыту және отандық өндірісті ұлғайту жайын сарапқа салды.
Президент: «Біз мықты демократиялық институттары және дамыған құқықтық жүйесі бар «Әділетті мемлекет» құрамыз. Ел ішінде заң мен тәртіп қатаң сақталады. Бұл – саясатымыздың тұғырлы қағидаты. Біз баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптастырамыз. Адал азаматтар табанды еңбегімен еліміздің дамуына өз үлесін қосады», – деді. Мемлекет басшысы елдің әл-ауқатын арттыратын, ашық әрі дамыған экономика құру жолында қазіргі қоғамда белең алған жемқорлыққа қарсы күрестің жалғасатынын баса айтты. Сонымен қатар: «Әрине, еліміздің болашақтағы бейнесі сан қырлы, оны әркім әрқалай түсінуі мүмкін.
Алайда оның негізгі сұлбасын «Әділетті Қазақстан – Адал азамат – Озық ойлы ұлт» деген үштаған ұғым арқылы сипаттауға болады. Бұл үшеуі бір-бірінен бастау алады және өзара тығыз байланысты. Еліміз стратегиялық бағдарынан ешқашан ауытқымайды. Біз мықты демократиялық институттары және дамыған құқықтық жүйесі бар әділетті мемлекет құрамыз», – дей келе, елімізде заң мен тәртіп қатаң сақталатынын, баршаға және әрбір адамға бірдей мүмкіндік беретін қоғам қалыптасатынын, «бірлігіміз – әралуандықта» деген қағиданы берік ұстанып, еліміздегі бейбітшілік пен келісімді сақтайтынымызды тілге тиек етті.
Халықтың, яғни адал жұмыс істейтін дербес азаматтардың әл-ауқатын арттыратын іс-қимылдар жасалу қажеттігін баса айтып, қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу деп көрсетеді. Қ.Тоқаев атап өткендей, дәл қазіргі уақытта Ассамблея да бейбітшілік пен келісімді, бірлік пен жалпықазақстандық бірегейлікті сақтауға, нығайтуға басты әсер етуші, көмек етуші – «Бірлігіміз әралуандықта» ұран-қағидасын басты назарға ала жұмыс істеуде.
Көріп, біліп отырғанымыздай, Ұлттық құрылтай – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының практикалық тұрғыда орындалуының бір көрінісі. Бұл құрылтайды еліміздегі мәселелерді жұмыла кеңесіп, ортақ диалогпен, ақыл-парасатпен оң шешімін таба алатындығымыздың дәлелі деп санауға болады. Мүбарак ЖИНАҚБАЕВА, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы қоғамдық келісім мекемесінің басшысы
Мүбарак Жинақбаева,Облыс әкімдігі
ішкі саясат басқармасы қоғамдық келісім
мекемесінің басшысы