Тіл - ел тірегі, кітап - жан азығы
15 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау қаласында өткен «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында көптің көкейінде жүрген бірқатар мәселенің шешіміне қатысты ұтымды ұсыныстарымен бөлісті.
Білім, ғылым, тәрбие, тарих, бірлік, салт-дәстүр туралы келелі ойларды ортаға тастап, жауаптыларға тиісті тапсырмаларды орындауды міндеттеді. Осы орайда Президенттің құрылтайда айтқан екі маңызды бастамасына тоқталуды жөн көрдім. Президент қазақ тілін қолдау, қолдану аясын кеңейту және жастарды кітап оқуға баулу мәселелеріне кеңірек тоқталды. Шынында, экономика, ІТ салаларда, қаржылық, дипломатиялық сұхбаттасуларда қазақ тілінің қолданыс аясы тіптен тар.
Мемлекеттік тілді білу – Отан алдындағы парызымыз. Сондықтан кез келген кәсіп, мамандық, лауазым иесі қазақ тілін құрметтеуі тиіс және оны өз саласында қолдануды міндеттеуі керек.Президент айтқандай, қазақ тілі ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады.Қазіргі кезде қазақша ғылыми еңбектер, диссертациялар көптеп жазылуда. Бұл қуанарлық нәрсе. Өйткені ғылым тілі қазақшаланбай, өркениетке ілесе алмайтынымыз анық екендігіне толық көзіміз жетті. Қазақ тілінің қолданыс аясының кеңеюіне бірден-бір себеп – ұлт санының өсуі. Шүкір, елімізде қазақтардың және қазақ тілін меңгерген азаматтардың үлесі артып келеді.
Тек біздер жас ұрпақты ұлттық тәрбиемен сусындатып, білімді алтыншы сыныпқа дейін қазақ тілінде беріп, содан кейін шет тілдерін оқыта бастауымыз қажет. Жастар ағылшын тілін білуі керек. Ол әлемдік өркениетті тануға мүмкіндік береді. Геосаяси жағдайға байланысты қазақ-ағылшын, қазақ-орыс, қазақ-қытай тілмаштарын көптеп даярлаған жөн. IT-коммуникация, компьютерлік технология, робототехника, жаратылыстану, инженерлік іс салаларында да қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтсек, сонда қазақ тілі жаңа технология мен интернет тіліне жылдам айналады. Біз қазақша сөйлеумен қатар, қазақша көркем жаза білуіміз керек. Ол үшін кітапты көбірек оқуымыз қажет.
Жата-жастанып кітап оқыған аға буын жолын жалғастыратын жастар аз. Әрине, интернет заманында қажеттілік жоқ дейтіндер табылар. Дегенмен де Абай атамыздан «Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деген нақыл қалған. Рухани азықтың бастауы кітаптың адам өміріндегі алатын орны бөлек. Кітап оқу жаңа әлемнің есігін ашқанмен бірдей. Жақсы кітап жаңа әдеттер қалыптастыруға, ойымыздың ұшқыр болуына, биікті бағындыруға, көркем сөйлеуге, жазуға үйретеді. Кітап оқыған сайын біліміміз жаңарып отырады, пікір тудырады.
Президентіміз кітапхана туралы да жақсы айтты. Оқырманның рухани талап-тілегін қанағаттандыратын, ұлттық, әлемдік әдеби-ғылыми ақпарат көздерін толық жинақтап, оқырманға ұсынатын заманауи кітапханаларды салу заман талабы. Еліміздің болашағы жастар десек, сол жастар ұлттық тәрбиені, кітапқұмарлықты бойына сіңіріп, білім мен ғылымды игеріп, ортақ тілде түсініссе, саналары ортақ болса, Қазақстанның озық мемлекеттер қатарында болуына өз үлесін қосатындары анық. Кенжеғали ШИЛІБЕК, Тараз қалалық мәслихатының депутаты
Кенжеғали Шилібек,
Тараз қалалық
мәслихатының депутаты