Жаңалықтар

Әскери қызметтен босату туралы өтінішті онлайн жіберуге болады

Әскери қызметтен босату туралы өтінішті онлайн жіберуге болады

Отанды қорғау – бұл әр азаматтың қасиетті борышы. Елімізде күзге әскерге шақыру науқаны басталды. Халқымыздың тыныштығын, мемлекеттің тұрақтылығын, ел іргесінің беріктігін күзету әр азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан, осы абыройлы қызметті атқару үшін әскер қатарына шақырылатын жастарды іріктеу қатаң тәртіппен жүргізіледі. Жігіттер жіті медициналық тексеріс пен моральдық дайындықтан өткен соң ғана әскер қатарына алынады.

Алайда, кейбір себептерге байланысты азаматтар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында қызмет өте алмайды. Мысал келтіретін болсақ біреу жоғары оқу орындарында оқиды, біреудің денсаулығы сыр береді және т.б. Әскери борышын уақытша немесе мүлде өткере алмайтын азаматтар әскери қызметке шақырудан босату және кейінге қалдыру мемлекеттік қызметтеріне жүгіне алады. Жергілікті атқарушы органдар көрсететін «Әскерге шақыруды кейінге қалдыру» және «Азаматтарды әскери қызметке шақырудан босату» мемлекеттік қызметтері Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 5 қарашадағы № 605 бұйрығымен реттеледі. Elicense.kz электрондық лицензиялау порталында әскери қызметтен босату және әскерге шақыруды кейінге қалдыру қызметтері қолжетімді болды. Енді әскерге шақырылушыларға әскери комиссариатқа барудың қажеті жоқ, бұл қызметтерді онлайн режимінде алуға мүмкіндігі бар. Бұрын осы қызметтерді алу үшін әскери комиссариатқа бару керек еді. Қазіргі таңда әскерге шақырылушылар үйден шықпай-ақ, онлайн режимінде әскерден босатуды немесе әскерге шақыруды кейінге қалдыруды алуы үшін elicense.kz порталында авторизациядан өту қажет, кейін "Қауіпсіздік" қосымша бетінде тізімнен қажетті қызметті және мемлекеттік органды таңдау қажет. Әрі қарай, ұсынылған және қосымша өрістерді толтырып, кейінге қалдыру немесе босату себебін, сондай-ақ әскери есепте тұрған орнын көрсетіп, құжаттардың электрондық көшірмелерін жүктеп, ЭЦҚ арқылы өтінішке қол қою қажет. Шақыру комиссиясы өтінішті қоса берілген файлдармен қарайды және әскери қызметке шақырудан босату немесе әскерге шақыруды кейінге қалдыруды ұсыну туралы қорытынды немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден дәлелді бас тарту шығарады. Мемлекеттік қызмет 6 (алты) жұмыс күні ішінде көрсетіледі.

Диана Искакова облыс әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің бас инспекторы