Жамбыл жаңалықтары

ТАРАЗДА ЛИТВА ЕЛІНІҢ КОНСУЛДЫҒЫ АШЫЛДЫ

ТАРАЗДА ЛИТВА ЕЛІНІҢ КОНСУЛДЫҒЫ АШЫЛДЫ

Облыс орталығы Тараз қаласында Қазақстандағы Литваның 8-ші консулдығы ашылды. Консулдықтың лентасы қиылған салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров, Литваның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Гинтаутас Васюлис, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, тараздық белгілі кәсіпкер Арман Еділбаев қатысты.

Бұл көне шаһардағы алғашқы консулдық. Ал кәсіпкер Арман Еділбаев Литва Республикасының еліміздегі құрметті консулы болып тағайындалды. Тараздағы Литва консулдығына арналған орталықтың лентасы салтанатты түрде қиылып, екі ел арасындағы достық пен ынтымақтаса атқарылар жұмыстардың бастамасына екі жақтың өкілдері құт тіледі. Ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров қос мемлекеттің қарым-қатынасы, достығы дамып, бірлескен істер ілгерілейтініне сенетінін жеткізді. – Облысымыз литвалық әріптестерге аграрлық, химиялық, құрылыс және электр энергиясын өндірудегі жобаларға қатысуына мүмкіндік береді. Қазірдің өзінде Литва мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы жыл сайын артып келеді. Бұл бірлескен жұмыстардың қарқын аларына сенімімізді арттыруда, – деп Н.Календеров жаңа бастамалардың ілгерілеуіне тілектестігін білдірді. Елші Гинтаутас Васюлис Тараз қаласына екінші рет және маңызды мақсатпен келіп отырғанын жеткізді. – Кім болса да өз елінің даму даңғылында аянбай қызмет етуге мүдделі. Ал елші өз елімен қоса бірлікке ұйысқан мемлекеттердің де жұмысының алға басып, өрлеуіне барын салады. Менің де бұл сапардағы түпкі көздегенім – екі елдің қарым-қатынасын жақсартып, бірлікті нығайту, – деді. Жаңадан бастау алған ынтымақтастық көптің игілігіне негізделген істерге бағыт берерінен үміттіміз.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА