Бие сүті - антибиотикке жәрдемші
Бабаларымыз төрт түліктің төресі туралы «жесең – ет, мінсең – көлік, ішсең – сусын» деп қалай тауып айтқан, ә! Әсіресе бие сүті емге – шипа, дертке – дауа. Халқымыз оның емдік қасиетін бұрыннан білгенімен ғалымдар оған жасушалық деңгейде зерттеуді енді бастады. Бұл Nazarbayev University National Laboratory Astana зертханасында алғаш рет жүргізіліп отыр. Аталған зертханада ғалымдар жасушаішілік инфекцияларды емдеуге антибиотиктерді жеткізу әдісін әзірлеуді қолға алды. Бұл жоба туралы бізге зертхананың аға ғылыми қызметкері Шыңғыс Серғазы әңгімеледі.
Жас ғалымның айтуынша, бактериялардың жасушаішілік локализациясы бар кейбір инфекцияларды антибиотиктермен емдеу қиын. Мұның бірнеше себебі бар. Антибиотиктер жасушалық ортаға жақсы сіңбейді, айтарлықтай әсері болмай, тез жойылады немесе жұмысын тоқтатады. Бұл мәселені шешудің сәтті әрекеті – тасымалдау жүйелері арқылы жасушаларға антибиотиктерді жеткізетін полимер нанобөлшектерімен немесе липосомалармен байланысты.
Бұл зерттеуде бие сүтінің экзосомасының қасиеті мол екенін байқадық. Біріншіден, эксосомаларды антибиотиктерді тікелей жұқтырған жасушаларға жеткізу үшін тасымалдаушылар ретінде пайдалану емдеудің тиімділігін арттыруға және антибиотиктердің сау жасушаларға әсері мен бактерияның төзімділігін дамыту ықтималын азайтуға болады. Екіншіден, экзосомалар иммундық жауапқа әсер ететін молекулаларды алып жүреді.
Олар ағзаның инфекциялармен, әсіресе антибиотиктерге төзімді бактериялардан туындаған инфекциялармен күресуін арттырады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен басқа да денсаулық сақтау агенттіктерінің мәліметінше, антибиотиктерге төзімділік емдеу уақытының ұзақ болуына, медициналық шығындардың жоғарылауына, өлім-жітімнің көбеюіне әкеледі. Сондай-ақ жас ғалым: «Жалпы статистикаға сүйенсек, жыл сайын миллиондаған аурудың антибиотиктерге төзімділігіне байланысты емдеу болып отыр.
Бұл үрдіс өсіп барады. Антибиотиктерге төзімді инфекциялар әдетте кейбір бактериялар мен паразиттер сияқты қабылдаушы жасушаларының ішінде өмір сүріп, көбейе алатын микроорганизмдерден туатын ауруларды қамтиды. Мұндай инфекциялар, мысалы: туберкулез, легионеллез, пневмонияның бір түрі және хламидиоз. Антибиотиктерге төзімділік денсаулық сақтау саласының өзекті проблемасына айналды», – деді. Бұл жоба былтыр басталған. Қазір жасуша желілеріне тәжірибе жүргізіліп жатыр.
Ол аяқталғаннан кейін зерттеулер зертханалық жануарлардың қатысуымен жүргізіледі. Осы зерттеулер сәтті өткеннен кейін клиникалық сынаққа көшу жоспарланған. Nazarbayev University жаңа дәрі-дәрмектерді іздеу және зерттеу зертханасын Медицина мектебінің профессоры, доктор Мохамад Альжофан басқарады. Қазір бізде бірнеше жоба бар. Сондай-ақ өз жобама қосымша бір мезгілде оксидативтік күйзелісті азайтуға және қарқынды физикалық белсенділік кезінде денсаулықты сақтауға көмектесетін мамандандырылған тамақтанудың әзірлемесін коммерцияландырып жатырмын. Бүгінге дейін сарапшылар мен тұтынушылардың жоғары бағасына ие болған «Қайнар» тағамдық қоспасын нарыққа шығардық.
Енді кейіпкеріміз туралы бірер сөз. Ш.Серғазы ғылымдағы алғашқы қадамын дарынды балаларға арналған қазақ-түрік лицейінен бастаған. Сонда оқып жүріп биологияға қызығушылығы артып, осы пәннен өткен бірқатар республикалық олимпиаданың жүлдегері болған. Кейін «Болашақ» бағдарламасымен шетелде молекулалық биология және фармакология саласында білім алған.
Азамат Есенжол,
журналист