АШЫҒУ КӨП ДЕРТТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ
АШЫҒУ КӨП ДЕРТТІҢ АЛДЫН АЛАДЫ
Аштықпен емделудің тарихы тереңде. Бұл терапияны көптеген халық көне заманнан бері қолданып келеді. Мәселен, осыдан екі мың жылдай бұрын көне римдік Асклепиад есімді дәрігер өз емделушілерінің кейбір дертін аштық арқылы емдеген екен. Аштықпен емделудің артықшылығын мойындайтын осыған ұқсас деректер көне үнді, қытай, жапон жазбаларында да кездеседі. Біздің заманымызға дейінгі VI ғасырда Пифагор шәкірттеріне математика мен философия ғылымдарының қыр-сырын үйретердің алдында рухани тазартып, ақыл-ой зеректігін арттыру мақсатында олардан 40 күн ашығуды талап ететін болған. Ибн Синаның өзі көптеген ауруды, әсіресе, шешек пен мерезге шалдыққандарды аштықпен емдеген. Исламда 30 күндік оразадан бөлек, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) әр айдың 14, 15, 16-сы күндері, сондай-ақ әр аптаның дүйсенбі, бейсенбі күндері үзбей нәпіл ораза ұстаған. Әрі оны үмбетіне өсиет етіп қалдырған. Пайғамбарымыздың «Ораза ұстаңдар, денсаулықтарың жақсарады» деген де хадисі бар. Осыдан 1400 жыл бұрын мұсылмандарға ораза ұстау парыз болған кезде адамдар ауыз бекітуді адамға жасалған қиянат деп қабылдады. Ал бүгінгі дамыған медицина оразаның адам ағзасына келтіретін пайдасын анықтап, ашығу жолымен емдеу әдістерін тәжірибеге енгізді. Ал көрші Ресейде 1932 жылдан бастап ашығуды ем ретінде енгізген. Ол жақтың барлық ауруханалары мен институттарында арнайы ашығу бөлімдері жұмыс істейді. Бір ғана Мәскеудің өзінде 5 мемлекеттік емхана аштықпен емдейді. Жалпы көптеген мемлекетте ашығумен емдеу қолға алынған. Себебі аштықпен емделу – дәрісіз, табиғи тазалану. Ал еліміздегі аштықпен емдейтін жалғыз мекеме – Шымкент қаласындағы Ш.Әбішұлы атындағы «Халықтық және аштықпен емдеу орталығы». 20 жылдық тарихы бар орталық жылына 1400-1500, айына – 110-120 адамды емдеп, дертіне шипа береді екен. Еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей, Қырғыз Республикасынан, Өзбекстан, тіпті Қытай мен Түркиядан да орталыққа келіп емделушілер көп. Тараз қалалық №9 емхананың терапевт дәрігері Нұрлан Досполов мұндай орталықтарды еліміздің барлық аумағынан ашса да артықтық етпейтінін айтады. Адам ағзасы жыл он екі ай тоқтамай жұмыс істейді. Оразаның кезінде біз асқазанға демалыс береміз. Екіншіден, ішек, ас қорыту жүйесіне тигізер пайдасы мол. Ашығу кезінде ағза табиғи жолмен радикалдардан, шлактардан, зиянды заттардан тазарады. Тоқішек тазаланады. Тоқішек тазаланса, ас қорыту дұрысталып, иммунитет көтеріледі, микрофлораның жұмысы қалыпқа түседі. «Шипа – тамақтың дұрыс қорытылуында» деп Ибн Сина айтқандай, ашығу себебінен ағза өзін-өзі емдейді. Ораза дегеніміз – интервалды ашығудың бір түрі. Шетелдік Берт деген доктор да оразаның артықшылығын мойындап, интервалды ашығу арқылы адам артық салмақтан арылып қоймай, иммунитетін дұрыстай алады дейді. Медицинада біз диетаның түр-түрін қолданамыз. Соның бірі – кетогенді диета. Ол дегеніміз – көмірсуды азайту арқылы аштық ұстану. Бұл ашығу циклында адам ағзасының жаңаруына жәрдем береді. Яғни инсулин, глюкогонды гормондар қалыпты деңгейге түседі. Қанттың мөлшері тұрақталып, ұйқы, зат алмасу циклдары қалыптасып, жасуша жаңарады. Мидағы және басқа да денедегі жасушалар жаңарып, нәтижесінде иммунитет нығайып, жақсарады. Бір ескерте кететін мәселе, ораза ұстаған кезде асқазан қышқылдық бөлуді тоқтатпайды. Яғни асқазанында жарасы бар адам ауыз бекіту кезінде абай болуы қажет. Жоғарыда айтқандай, ашыққанда жасушалар жаңарып, ағзадағы зақымдалған жасушалар жойылады. Яғни ашығу қатерлі ісіктің алдын алады. Кеңес заманында космонавттар радиацияға ұшыраған кезде оларды ашығумен емдейтін болған, – дейді Н. Досполов. Француз биологі, Нобель сыйлығының лауреаты, ішкі ағзалар бойынша білікті дәрігер Алексис Каррель өзінің «Белгісіз адам» деген еңбегінде ораза жайлы: «Адамдар барлық ғасырда ораза тұтқан. Сондай-ақ барлық дін тамақ-судан тыйылып, ауыз бекітуге шақырады. Адам ауыз бекіткенде, ең бірінші аштық, одан соң денеде әлсіздік сезінеді. Бұл сыртқы болып жатқан жағдайлар, бірақ ішкі организмде құбылыстар бұған қарағанда маңыздырақ. Осы сәтте бүйректегі қант қимылдайды, онымен бірге терінің астында сақталған майлар да қимылдап, ериді. Ішкі ағзалар мен жүрек бірқалыпты жұмыс істеуі үшін барлық организм өзіндегі сақталған қордан қажетті энергияны жұмсай бастайды. Бұл – болашақта адам организмінің жақсы жұмыс істеуіне көмектеседі», – дейді. Сондай-ақ дәрігер Нұрлан Ерімбетұлы ашығудың тері ауруларымен күресуге де пайдалы әсері барын айтады. Себебі адам диета ұстаған кезде қандағы су мөлшері азайып, терідегі су құрамы да кемиді дейді. Бұл – терінің қуаттылығын арттырып, зиянды микробтар мен бактерияларға қарсы тұруға көмектеседі. Қышыма ауруының да адам денесіне әрі қарай таралуын тоқтатып, терінің майлануы мен аллергиядан жазылуға да пайдасын тигізеді екен. Айжан ӨЗБЕКОВА