Денсаулық

Ақ қан айықпайтын ауру емес

Енді көктеп келе жатқан жас шыбықтай бауыр еті баласының халық арасында ақ қан ауруы аталып кеткен лейкозға шалдығуы ата-ананың басындағы үлкен тауқымет. Кейіпкеріміз тараздық Жания Тымбай да әлі күнге баласының ақ қан ауруына шалдыққанына сенгісі келмейді. Небәрі 4 жасар ұлы Байжан Әбдімәлік табан астында осы қатерлі ісік түріне шалдыққан. Бір күннің ішінде денесі түгел көгеріп сала берген бала әлсізденіп, тамырлары адырайып шығып, бүк түсіп жатып қалған.

Баланың бойындағы түсініксіз белгілерді байқаған анасы бірден «Бәйтерек» ықшамауданындағы облыстық балалар ауруханасына апарады. Дәрігерлер қан сынамаларын алып, бүлдіршінді тез арада ауруханаға жатқызады. Мұндай қорқынышты диагнозды анасы бірден қабылдай қоймайды. Дәл сол сәтте көмекке облыстық балалар ауруханасының онко-гематолог дәрігері Шолпан Түленбетова келеді. Ақ халатты абзал жан балақайдың қанын алмастырып, шұғыл түрде реаномобильмен Алматы қаласындағы «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми орталығына порталмен жібереді. Науқас Алматыда химиотерапия қабылдап, ары қарай ем-домды Тараз қаласында жалғастырады. Балам қатерлі ісікпен ауырады деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Негізі қаназдық (анемия) ауруына көбіміз мән бермейді екенбіз. Өзім де босанғанша осы дертпен күрестім. Баламның да гемоглобин мөлшері төмен болатын. Өң-түсі аппақ баламның сол күні денесінің бір пәсте көгергенін көргенде шоқ басқандай күй кештім. Қан түйіршіктері жарылатындай болып тұрды. Сөйтіп, кейін үш түрлі химия алдық.

Жыл сайын 15 балада осындай диагноз анықталады. Өкінішке қарай, Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың саны жыл сайын 10-15 пайызға өсуде. Бірақ отандық медицина заманауи әдіс-тәсілдердің арқасында аурудан толық айықтыруға қауқарлы. Қазақстанда онкологиялық ауруға шалдыққан балалар емделетін екі орталық бар. Біріншісі 1991 жылы Алматы қаласындағы «Педиатрия және балалар хирургиясы» ғылыми орталығында ашылды. 2010 жылы алғашқы онкологиялық бөлімше Астанадағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында іске қосылды. 2010 жылдан бастап орталықта 18 мыңға жуық науқас емделді.

Эльмира Байназарова