Ұлттық құндылықтарды ұлықтай білсек игі
Ұлттық құндылықтар – әрбір ұлттың болмысындағы ғасырлар бойы атадан балаға мирас болып келе жатқан адамгершілік қағидаттары. Ғасырдан-ғасырға жеткен халықтың қазынасы – тілі, ділі, салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ұлтымыздың рухани байлығы.
Жуырда рухани тәрбие беру арқылы ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мақсатында Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектеп-лицей (РО) базасында филология ғылымдарының кандидаты, Менеджмент академиясының профессоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Меңдібай Әбілұлымен «Тәрбие негізі – ұлттық құндылықтарда» тақырыбында шығармашылық кездесу өтті. М.Әбілұлының «Айбалта» романында бабаларымыздың туған жерді шапқыншылардан қорғаудағы көзсіз ерлігі, жүздеген тайпаға бөлініп өмір сүрген ұлыстың салт-дәстүрлері мен атадан балаға жалғасып келе жатқан ырым-тыйымдары, халқымыздың көшпенді өмір салтына дағдыланған тұрмыс-тіршілігі көркем тілмен баяндалады.
Сонымен бірге ертегілер мен аңыз-әңгімелерді шығармаға арқау ете отырып, оқырмандарын көне заманның тұрмыс-тіршілігімен сусындырады. «Айбалта» романы – жазушының «Сұр жебе» роман-эпопеясының бірінші кітабы. Бұл кітапта тарихи тұлғалардың балалық, жастық шақтары баяндалып, соғыстан көз ашпаған сақтардың басқыншыларға қарсы күрестегі жанқиярлық ерлігі суреттеледі. Көне дәуірде өмір сүрген Алып Ер Тұңғаның балалық шағы туралы бүгінге дейін көркем шығарма жазылған жоқ.
Сондықтан бұл туындының балалар әдебиетінің алтын қорынан ойып тұрып орын алатыны анық. Қазақ ауыз әдебиетінде қызғалдақ гүлі туралы аңыз өте аз. «Айбалта» романында қызғалдақ гүлі туралы көп мәліметтер берілген. Автор романда қызғалдақ туралы мол мәлімет беріп, аталған гүлді сақтардың ұлттық символы ретінде көрсете білген. Кездесудің бірінші бөлімі «Топен көк» күйімен ашылды. Оқушыларға Меңдібай Әбілұлын кеңірек таныстыру мақсатында «Айбалта» романы туралы директордың ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары А.Сартбаева баяндама жасады. «Драма» үйірмесінің қатысушылары жазушының қиссаларын нақышына келтіре оқып, көрермендердің ықыласына бөленді.
Сондай-ақ оқушылар «Айбалта» роман-эпопеясының желісі бойынша дайындаған шағын сахналық көрініс көрсетті. Кездесудің екінші бөлімінде оқушылар Меңдібай Әбілұлына «Сұр жебе» роман-эпопеясының желісі бойынша сауалдарын қойып, сұрақтарына жауап алды. Кеш соңында Меңдібай Әбілұлы мектеп-лицей кітапханасына бірнеше кітабын тарту етсе, оқушылар өз қолдарымен 3D форматта жасаған сыйлығын естелік ретінде ұсынып, иығына ұлттық шапан жапты. Бинура Жақыпбай, Тараз қаласы