Қаңғыбас иттерден қашан құтыламыз?
Бүгінде ұры-қары, бұзақыдан бөлек, ашығып, көше кезген бұралқы иттерден қорқатын болдық. Соңғы кездері қала ішін еркін кезген қаңғыбас иттердің тұрғындарға шабуыл жасауы күрт көбейді.
Жуырда нағашы әжемнің үйіне бармақ болып «Шалғай-Қарасу» тұрғын алқабына жолым түсті. Құлаққабымды киіп алып, әуен тыңдап алаңсыз келе жатқанымда қараңғы көшелердің бірінен екі ит қарсы алдымнан ырылдап шыға келді. Қорыққанымнан қолыма тас алып, қорғануға кірістім. Қасыма жақындап келгенде бар даусыммен айқайлап, жанталаса қорғанып бақтым. Оған қарайтын азулы иттер жоқ, қайта сөмкемді тартқылап, ырылдап, тап-тап береді.
Бағыма орай, жақын жерде қасына баласын ертіп, жаяулатып келе жатқан бір әйел көмектесіп, екеуміз үркітіп, тас лақтырып жүріп аман қалдым. Байқағаным, иттердің бірінің мойнында қарғыбауы жүр. Демек, иесі кешқұрым адам аяғы басылғанда итін босатып жібере салған. Ал күні бойы байлаулы тұрған ашулы ит босай салысымен ұрынарға қара таппай адамдарға шабуыл жасайтыны анық. Өкініштісі, қаламызда мұндай оқиғалар күн өткен сайын көбейіп барады.
Мәселен, жақында «Барысхан» алқабында 4-5 ит Байсал Әсетхан есімді мектеп оқушысына шабуыл жасаған. Сол оқиғадан екі-үш күн бұрын Айша бибі ауылында топтасқан қаңғыбас иттер мүмкіндігі шектеулі бір қызды талап тастады. Әйтеуір, адамдар уақытында көмекке келіп үлгерген.
Зардап шеккен Әсел Мұсаева ауруханаға жеткізіліп, дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, үйіне қайтарған. Былтыр да Қаратау қаласында 7 жасар баланы ит талап, бет-аузын, екі аяғын қатты жарақаттаған. Бала ауруханаға ес-түссіз күйде жеткізілген.
Абырой болғанда, дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, жасөспірімді ажалдан арашалап қалды. Кейіннен белгілі болғаны, кәмелеттік жасқа толмаған бала аулада байлаулы тұрған иттің қасына барып, ойнамақ болған көрінеді.Сондай-ақ өткен жылы Шу ауданында болған жағдай облысты шулатты. «Тоғай» ықшамауданында кәмелеттік жасқа толмаған қыз баланы қаңғыбас иттер талап, жасөспірім ауыр жарақатпен ауруханаға түсті.
Қансыраған қызды оқиға орнынан алып кетіп бара жатқан сәтте түсірілген видео талайдың ет жүрегін сыздатты. Дене жарақатын ауырсынған қыздың даусы көргендердің көзіне жас үйірді. Оқиғадан кейін Шу ауданына облыстан арнайы ветеринария саласының мамандары барып, рейдтік шаралар жүргізді. Алайда аудан тұрғындарының айтуынша, әлі де елді мекендерде адамдарға иттердің шабуылдауы азаймай тұр екен.
Осы секілді қала тұрғындарының уәжін, санаға салмақ салған қорқынышты деректерді алға тартып, адамдарды ит талау фактілерінің алдын алу бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын білмек мақсатта облыстық ветеринариялық стансаға арнайы қайырылдық. Аталған мекеме директоры Ғабитбек Кебеевтің айтуынша, былтыр барлық аудандарда жан-жануарларға арналған панажайлар құрылысын жүргізуге жер телімі бөлініпті.
Биыл әкімдік тарапынан жануарларды уақытша ұстауға арналған панажайларды қаржыландыруға 5 миллион теңге белгіленген. Сондай-ақ Тараз қаласында қаңғыбас ит пен мысықтарды уақытша ұстайтын орын салуға 40 миллион теңге қарастырылған. Қазір Асанбай Асқаров көшесінің бойында құрылысы жүріп жатыр екен.
Былтыр Жамбыл ауданында 93,6 миллион теңгеге, Байзақта 59 миллион теңгеге, Меркі мен Мойынқұм аудандарында 5,6 миллион теңгеге қаңғыбас ит пен мысыққа панажай салынған.
Сонымен қатар биыл қаңғыбас жануарларды сәйкестендіру, бірдейлендіруге 11 миллион теңге, қаңғыбас жануарларды вакцинациялау мен стерилизациялауға 10 миллион теңге, иелері халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғындардың ит-мысықтарын сәйкестендіруге 525 мың теңге қарастырылған. Қаңғыбас иттердің көбеюі иелерінің жауапсыздығынан да орын алуда.
Өтініштердің 50 пайызы қаңғыбас иттерді аулауға қатысты болса, қалған 50 пайызы ит өлекселері мен тұрғындардың өз иттерін алып кетуіне қатысты. «Jambyl-109» диспетчерлік қызметінен бөлек, қаңғыбас иттерді аулау бойынша «e-Otinish» азаматтардың өтінімін қабылдау және өңдеу бірыңғай платформасы арқылы жеке кәсіпкерлерден, білім мекемелерінен, балабақшалардан хат түрінде де өтініштер келіп түсуде.
Келіп түскен өтініштерді орындау үшін облыс бойынша 1 диспетчерлік орталық,13 ит аулау бригадасы, 26 адам жұмыс істеуде.Ит аулау бригадасы иттерді ұстап, уақытша ұстау орнына алып бару үшін, ит өлекселерін биотермиялық шұңқырға тастау үшін 13 көлікпен, ит аулау құралдарымен жабдықталған.
Итті қорғайтын заң бар. Ал адамды кім қорғайды? Әлде өкінішті жағдай тіркеліп, сонда ғана шара қолдану қажет пе? Қалай болғанда да қаңғыған иттен келетін қауіп сейілмей тұр. Адамдық тұрғысынан жануарларға жанашырлық пен қарап, оларды қорғау дұрыс, әрине. Дегенмен көше кезіп, қаңғыған ит ойнаған балаға, көшеден өткен жаяу адамға тап беріп, жарақаттамасына кім кепіл? Иесіз жүрген иттерге кім ие болмақ?
Ақтоты Жаңабай