Әлеумет

Мыңбұлақта тындырымды тірлік көп

Жуалы ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылдық округінде өз кәсібін дөңгелетуге ниетті тұрғындардың саны артып келеді. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде аталған ауылдық округ әкімі Алмаз Рахмашов айтты.

 Алмаз Айхынбекұлының айтуынша, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, азық-түлік қауіпсіздігін жолға қою, сол арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы мыңбұлақтықтарға мол мүмкіндік сыйлаған. Мәселен, өткен жылы ауылдық округте аталған жоба бойынша төмен пайызбен 122 адам несие алған.

Мұнымен қоса Мыңбұлақта былтыр егіншаруашылығының даму динамикасы оң нәтиже көрсеткен. Өткен жылы 300 гектарға бидай, 1 670 гектарға арпа, 1 206 гектарға мақсары егіліп, жылдағыдан жоғары өнім алынған. Брифинг барысында спикер өткен жылғы әлеуметтік қамсыздандыру бағыты бойынша округте атқарылған жұмыстарға да кеңінен тоқталды. – Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек 2022 жылы 53 отбасыға тағайындалса, 2023 жылы 42 отбасыға 23 миллионнан астам қаражат көлемінде көмек берілді. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында округ бойынша шаруа қожалықтар мен мемлекеттік мекемелерге 146 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды.

Оның ішінде «Жастар тәжірибесі» жобасымен – 20 азамат, әлеуметтік жұмысқа – 17, қоғамдық жұмысқа 50 адам тартылды. Ал қысқамерзімдік кәсіптік оқыту бойынша 11 азамат оқуды аяқтап, қызметтік қабілетін растайтын сертификатқа қол жеткізді. Сондай-ақ қайырымдылық іс-шаралар бойынша ауылдық округтегі тұрмысы төмен 47 отбасы 993 мың теңге көлеміндегі азық-түлік және ет өнімдерімен қамтамасыз етілді. Ауылдық округке қарасты Көлбастау ауылындағы көпбалалы, аз қамтылған бір отбасыға «Асарлатып үй салу» жобасы аясында бой көтерген 5 бөлмелі жаңа үйдің кілті салтанатты түрде желтоқсан айында табысталды.

Сонымен қатар Мыңбұлақ ауылдық округінде инфрақұрылымды дамыту мәселесі де қалыс қалмаған. Мәселен, өткен жылы округке қарасты Көлбастау ауылының 6 көшесіне, ал Талапты ауылының 2 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек көлбастаулықтарды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында қосымша 1 ұңғыма іске қосылып, орталық көшелердің біріне жарықшамдар орнатылды, – дейді А.Рахмашов. Биыл Талапты ауылында медициналық амбулатория, кіші футбол және балалар ойнайтын алаңша пайдалануға беріледі.

Нұрсұлтан Рахымбай