Жаңалықтар

«Қара кемпір өмірде болған адам»

Облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залында «Қара кемпір өмірде болған адам» тақырыбында әдеби кеш өтті. Іс-шараға ҚР Халық әртісі Мәкен Рахымжанова, Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, актриса Анар Сағымбекова, Тараз қаласындағы №35, №53 орта мектептердің оқушылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Жиында «Даңқ» залының меңгерушісі Құрманғазы Демеш тізгіндеп, шараның мән-маңызына тоқталды. Кеште Әлібек Әмзеұлының «Қара кемпір» атты спектаклінен үзінді көрсетілді. «Қара кемпір» атанып кеткен Қали апаның рөлін А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының көркемдік жетекшісі, актриса Анар Сағымбекова сомдады. Актрисаның қазақтың трагедиясы, қазақ аналарының жазылмас қасіретін жеткізе білгені соншалық, көрермендер көзіне жас алды.

Көрініс Алтынбек Қоразбаевтың орындауындағы «Қара кемпір» әнімен сүйемелденіп тұрды. Мұнан соң сөз алған ҚР Халық әртісі Мәкен Рахымжанова «Қара кемпір» қойылымы туралы естелігімен бөлісті. Актриса осыдан 36 жыл бұрын «Қара кемпір» рөлін алғаш рет Анар Сағымбекова екеуі сомдағанын тілге тиек етті. Сол кезде актриса Аспара ауылындағы жолдың бойында орналасқан «Қара кемпір» ескерткішіне барып, өзі сомдаған ананың қасіретін сезгенін жасырмады.

Анар Сағымбекованың Орал қаласында өткен республикалық театр конкурсында «Қара кемпір» қойылымындағы рөлі үшін «Үздік әйел образы» номинациясын жеңіп алғанын да атап өтті. Іс-шара соңында әдеби кешке атсалысқан оқушылар марапатталып, естелік фотоға түсті.

Айжан Өзбекова